Мас халде көлік басқарған 51 жастағы ер адам жүргізуші куәлігінен айырылды

Түркістандық ер адам мас күйде көлік басқарған

фото: polisia.kz

Түркістан облысы Отырар ауданында ер адам жүргізуші куәлігінен айырылды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырар ауданының учаскелік полиция инспекторлары күнделікті қызмет атқару барысында күндізгі уақытта аудан көшелерінің бірінде қауіпсіздік белдігін тақпаған «ВАЗ» маркалы автокөлік жүргізушісін тоқтатты.

Тәртіп сақшылары жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде автокөлік жүргізушісінде ішімдік ішудің белгілерін байқап, медициналық куәландыруға жеткізді. Қорытындыға сәйкес 51 жастағы жергілікті тұрғынның мас күйінде көлік жүргізгені расталды.

Қазіргі таңда масаң күйде көлік жүргізген ер адам 15 тәулікке қамауға алынып, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабының 1 бөлігімен 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Айта кетейік, Президентіміз мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілерге байланысты талаптарды қатаңдатқаны бәрімізге белгілі.

Алкогольмен, есірткі заттарымен масаю күйінде көлік құралын басқару жол жүру қозғалысына жоғарғы қауіптілік жағдайын төндіреді.Масаң күйде көлік басқару жайтын болдырмауды қатаң бақылау үшін полиция қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп отырады.

 Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңына және 13.11.2014 ж. №1196 қаулымен бекітілген, «Жол қозғалысы Қағидалары» 2- тарау 2 -бөлімінің 2 тармақшасына сай, жүргізушіге жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіретіндей масаң күйде (алкогольді, есірткі немесе өзге де) көлік құралын басқаруға тиым салынады.

 Бұдан басқа Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабына 27.12.2019 жылғы Заңмен өзгерістер енгізіліп, мас күйінде көлік жүргізгендерге әкімшілік жауаптылық қатаңдатылған болатын.

 Оған сай бұл баптың 1-бөлігінде жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру -он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді деп көрсетілген.

Жүктелуде...