Аймақтар

Түркістандық полицейлер азаматтарға дактилоскопиялық тіркеу туралы ескертеді

Полицейлер азаматтарға дактилоскопиялық тіркеу туралы ескертеді,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.

"Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтар үшін жеке басын куәландыратын құжаттар беру процесінде саусақ іздерін міндетті түрде дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі.

Саусақ ізін тіркеу процесі шамамен 5-10 минутты алады. Азаматтардың жеке басын куәландыратын жаңа құжаттарды (паспорт, жеке куәлік) алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінуге болады.

Бұл шара заңсыз құжаттандыру, құжаттарды қолдан жасау, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғау фактілерін болдырмауға ықпал етіп, құжаттарды қалпына келтіру рәсімін жеңілдетеді.

Сондай-ақ, Халыққа қызмет көрсету орталығында немесе полиция бөлімшелерінің көші-қон қызметі бөлімдерінен құжаттарды алған кезде, 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар тіркеуден ерікті түрде өтеді. Ал 16 жасқа толған азаматтар міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтетінін хабарлаймыз.

Бұдан басқа, міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтпеу әкімшілік құқық бұзушылық деп танылады. Мұндай заңсыздықтың соңы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 443-1-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

Айта кетейік, дактилоскопия адам қолы терісінің папиллярлық бедерлерінің қасиеттері мен сипаттарын, саусақтардың ізін алу, бекіту, табу және оған сәйкестендіруді зерттейді. Яғни, саусақ ізінің кімдікі екен­ін анықтайды. Саусақтағы папиллярлық сызықтар ана құрсағында жат­қан баланың бес айлығында пайда болып, өмір бойы өзгеріс­сіз сақталады. Әр адамның саусақ ізі әртүрлі.

Дактилоскопиялық тіркеу не үшін қажет?
Папиллярлық өрнектердің электрондық коды Қазақстан азаматтарының биометриялық паспортында және жеке куәлігінде болады. Бұл соттардың, құқық қорғау органдарының, атқарушы өндірістік, тергеу, жауап алу органдарының сұрауы бойынша жеке басты растау немесе анықтау үшін, мемлекеттік шекараны кесіп өткен тұлғаларды сәйкестендіру, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

Кімдер саусақ ізін міндетті түрде тапсыруы тиіс?

16 жасқа толған:

Қазақстан азаматының паспортын немесе жеке куәлігін алатын;
ҚР теңізшісінің жеке куәлігін алатын Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;
Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар;
Қазақстанда тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін алуға немесе оны қалпына келтіруге, ауыстыруға өтініш жасаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
Қазақстанға үй шаруашылығында жұмыс істеуге келгендер;
ҚР аумағынан тысқары шығаруға жататын не ҚР ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
ҚР визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар;
шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстанның шекарасынан өткен кезде дактилоскопиялық тіркеуден өтуге міндеттеледі.