Түркістан: Ордабасылық көпбалалы ана кәдесыйды кәсіп еткен

Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылының тұрғыны Гүлшат Ақмұрзаева жеке кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы ана.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жеті баланың тәрбиесімен бірге кәсіпкерлікті қатар алып жүрген Гүлшат кәдесый дайындап көпке үлгі көрсетіп жүр, деп хабарлайды newsroom.kz.

Кәсіпкер 2022 жылы «Бастау- Бизнес» жобасына қатысып, ерекше бизнес жобасымен қайтарымсыз грант ұтып алған. Бүгінде ұлттық құндылығымызды дәріптеу мақсатында қазақы нақышта, заманауи үлгіде кәдесыйдың мыңнан аса түрін жасап, тұтынушыларға ұсынуда.

- Көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан мүмкіндіктер көп. Соның бірі қайтарымсыз гранттар. Бұл іс бастаймын деп ниеттенгендер үшін үлкен қолдау. Қазіргі таңда жұмыс барысында балаларым көмектеседі. Отбасымызбен бірлесіп жасап, күніне 100-ге жуық кәдесый дайындаймыз. Қазақы нақышта дайындалған өнімге қызығып, тапсырыс берушілер қатары көп,- дейді кәсіпкер.

Айта кетсек, жоба аясында аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізілген болатын. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға шағын несиелер мен гранттар берілді.

Департамент директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың сөзінше, шебер-жоспарлар үй шаруашылықтары мен жергілікті кәсіпорындардың сауалнамалары негізінде жасалады. Жалпы, 2022-2024 жылдары 163 шебер-жоспар әзірленеді. «Шебер-жоспарлар негізінде кәсіпкерлерді қолдау «егістіктен сөреге дейін» өндірістік-өткізу тізбегін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Өнім өндірушілер мен сатып алушылардың келісуі, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін кепілді түрде сату және сатып алу қамтылады», - деді ол.

Департамент директоры орынбасарының айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде кемінде 6 мың жас азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Оқуды аяқтаған және бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар жеңілдікті шарттармен мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға мүмкіндік алмақ.

«Бұл ретте, жастардың 20 мыңға жуық өкілін және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жыл сайын гранттармен қамту жоспарлануда. Ал, жеңілдікті шарттармен шағын бизнес ашу және отбасылық фермерлік шаруашылықтарды өндірістік-өткізу тізбектеріне біріктіру үшін аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, соның негізінде берілетін болады. Сондай-ақ, грант алушылардың санаты да қайта қаралды. 2022 жылдан бастап гранттар жастарға, жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне және қандастарға жеке кәсіпті ашу мақсатында беру жоспарланып отыр», - деп толтықтырды Руслан Тілеубаев.

Оқу 14 облыста, 160 ауданда іске асырылады, сондай-ақ моноқалалар мен облыс орталықтары, республикалық маңызы бар елорда, Алматы, Шымкент секілді қалалар қамтылған. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтеді.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жүктелуде...