Отбасылық жанжалға араша түскен полицей жарақат алды

Түркістан облысының Сайрам аудандық полиция басқармасына Жетісай ауданының тұрғыны хабарласып, оның Сайрам ауданында тұратын әпкесін жұбайы қорлап, ұруға тырысқанын жеткізді

фото: polisia.kz

Түркістан облысының Сайрам аудандық полиция басқармасына Жетісай ауданының тұрғыны хабарласып, оның Сайрам ауданында тұратын әпкесін жұбайы қорлап, ұруға тырысқанын жеткізді,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Аталған мекен-жай бойынша ақпарат алғаннан кейін учаскелік полиция инспекторлары жедел келіп, заңсыз әрекеттердің жолын кесу шараларын қабылдады және ер адамға ескерту жасады.

Алайда жергілікті тұрғын тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, қорлап, балағат сөздер айтады. Осыдан кейін ер адам шақыруға келген полицейге қарсылық көрсетіп, шәйнекпен басына соққы жасайды. Бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 380-бабының 3-бөлігі “Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері”бойынша тіркелді.

Осы баптың санкциялары төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жаза не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылдан төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

 Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде және барлық мәнжай анықталуда. Сайрам ауданының полиция қызметкері медициналық тексеруден кейін өзінің қызметтік міндетін орындауға қайта кірісті.

Жүктелуде...