Қылмыс

Зейнеткердің шотынан 2,8 млн теңге ұрлаған кімдер?

Депозитінен үлкен ақша ұрланғанын білген 66 жастағы әйел адам полицияға жүгінген,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Егде жастағы әйел пәтеріндегі суды тазарту сүзгілерін ауыстыруды шешіп, екі жөндеуші жігіттің көмегіне жүгінеді. Жұмыс барысында әжейдің үйіне бірнеше рет келген жігіттер кейуананың жалғыз тұратынын білген.

Артынша олар төлем жасау үшін әжейге телефонына банк қосымшасын орнатуды ұсынған екен. Зейнеткер бұларға сенім артып, жеке куәлігін тапсырған. Куәлік арқылы верификациядан өткен жөндеуші, әйелдің депозитіндегі ақшаны өз туыстарына аударып алған.

Бірнеше күннен кейін ХҚКО-ға келген зейнеткер ақшасының жоғалғанын анықтаған. Бұл қылмысты ашумен Қостанай облысы ПД "Cyberpol" арнайы полиция бөлімшесі айналысқан.

Полицейлер Федоров ауданының 28 жастағы тұрғынын анықтады. Күдікті ақшаны телефон мен қымбат бұйымдар алуға жұмсаған көрінеді.

Ер адам бұған дейін де алаяқтық әрекеттері үшін жауапқа тартылған. Осы факт бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігінің 4-тармағында көзделген сотқа дейінгі тергеу басталды (ақпараттық жүйені пайдаланушының сенімін алдау немесе теріс пайдалану жолымен алаяқтық)