Кеншілердің көз жасы немесе Лакшми Миттал кім?

Қарағанды шахтасын басқарған Лакшми Миттал қайғылы апаттарға кінәлі ме?

Фото: ашық дереккөзден

Қарағандыдағы Костенко шахтасында болған апат қазақ жұртының қабырғасын қайыстырып, жүрегін жаралаған ауыр қазаның себебі болды. Костенко шахтасында бүгінге дейін апат салдарынан 120 адам қаза тапқан екен. Осы жылдар аралығында шахтаны басқарған Лакшми Миттал бұл апаттарға кінәлі ме? Жалпы, Лакшми Миттал деген кім? Бұл жөнінде Newsroom.kz порталы дайындаған материалды назарларыңызға ұсынамыз.

Лакшми Миттал –  болат өндіретін әлемдегі ең ірі ArcelorMittal компаниясының басшысы. 2008 жылғы санақ бойынша әлемдегі ең дәулетті төртінші адам. Әлемнің 30 елінде өз кәсіпорындары бар.

Лакшми Нивас Миттал 1950 жылы 15 маусымда Үндістанда Марвари кастасынан шыққан отбасында дүниеге келді.

Лакшмидің әкесі достарымен бірге мүлдем тиімсіз, құрдымға кетіп жатқан болат илеу зауытын сатып алды. Кейін ол кәсібін әлемдік деңгейге жеткізген.

25 жасында Лакшми Миттал әкесінен қалған зауыттың директоры болды, ол темір сым бұйымдарын шығарумен айналысады. Осыдан оның металлургиялық империясының тарихы басталды. Тапқан ақшасымен келіп, осы жақтан 15 миллионға өндіріс орнын сатып алады. Лакшми ең алғашқы болып бастапқы өнім ретінде азайтылған темірді қолданды.

Өз кәсібін әлемнің барлық елінде, сондай-ақ Қазақстанда да дамытқан.

1995 жылы ол жекешенлендіру саясаты кезінде Қазақстан үкіметінен 60-жылдардағы техникамен жабдықталған Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия зауытын сатып алды. Mittal компаниясы модернизациялауға 500 миллион доллар инвестициялады және бүгінде Испат Кармет жылына 6,6 миллион тоннадан астам болат өндіреді. Сонымен қатар, компания Қазақстандағы электр станцияларын, шахталарды, және басқа кәсіпорындарды сатып алған.

Корпорациясының құрамында Қарағандының сегіз көмір бассейні бар: «Абай», «Саран», «Қазақстан», «Шахтинская», «Тентек», «Костенко», «Ленин», Күзембаев, «Шығыс» шахталары бар.

Ол бұл комбинаттан басқа «ҚазМұнайГаз» және ресейлік «ЛУКОЙЛ Оверсиз» компанияларымен бірлесіп Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы кен орындарын игеруге инвестиция салып отыр.

Қарағанды шахтасындағы жағдай жыл өткен сайын нашарламаса жақсарып тұрған жоқ. Себебі, әр жыл сайын болатын жарылыстар мен кісі өлімінен әлі оң нәтиже шығарған жоқ.

Мәселен, 2004 жылы «Шахтинскаядағы» апаттан 23 адам қаза тауып, үш адам мүгедек болып қалды.

Ең ірі апаттардың бірі 2006 жылдың 20 қыркүйегінде болды. «Ленин» шахтасындағы апаттын 41 адам жер бетіне шығып үлгермеді. Комиссия қайғылы жағдайға қауіпсіздік техникасы ережелерінің өрескел бұзылуы себеп болған деп шешім шығарды. Сегіз адам сотталды.

41 адамның қазасынан кейін шахтерлар шахтаға түсуден бас тартты. Қарағанды облысында ереуіл толастамады. Екі апта бойы әкімдік алдында жалақыны көтеруді сұрады. Ереуіл нәтижесінде компания жұмысшылардың жалақысын 29%-ға көтеру туралы келісімге қол қойды.

2008 жылы «Абай» шахтасындағы қайғылы оқиғадан 30 адам құрбан болды. 7 адамның денесі табылды. 23 адам үйінді астында қалды.

2016 жылы «Саран» шахтасында 4 адам мінген арба төңкеріліп, 800 метр тереңдікке құлап кетті. Оқиға орнындағылардың барлығы қайғылы жағдай кесірінен қаза болды. Тергеу комиссиясы апатқа жұмыс беруші кінәлі деген шешім шығарды.

2017 жылы 11 желтоқсанда «Ленин» шахтасында 200 шахтер жұмыс орнынан кетпейміз деп, жер бетіне шықпай қойды. Жалпы саны 700-800 адам ереуілдетті.

2021 жылдың 7 қарашасында сағат 09:30-да Қарағанды облысы Абай қаласындағы «Абай» шахтасының кенжарында метан жарылды. Шахтада 64 қызметкер болған, 56 адам бірден эвакуацияланды. 3-К10 кенжарында сегіз жұмысшы қалған, оның ішінде алты адам қайтыс болды, екеуі газдан уланды. Олар ауыр жағдайда ауруханаға түсті.

Қарағанды облысында «Саран» шахтасында тау-кен массасы құлап, 57 жастағы кенші қаза тапты. Бұл шахта да «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорнына тиесілі. Қайғылы оқиға 2022 жылғы 24 наурызда болған. 

2022 жылы 3 қарашада Ленин атындағы шахтасында апат болып, салдарынан 5 кенші қаза болды. Сол уақытта Төтенше жағдай министрлігі 25 жыл бойы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахта қабаттарында улы заттарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізбегенін айтты.

2023 жылғы 17 тамызда «Қазақстан» шахтасынан өрт шықты. Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті. Шахтаның астында қалып қойған бес кеншінің денесі табылды. 

18 қыркүйекте ҚР ТЖ министрі Сырым Шәріпханов үкіметтік комиссияның тергеу қорытындысын жариялады. Сараптама қорытындысы бойынша жұмыс беруші 100% кінәлі деп танылды. 

2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Көмір департаментіне қарасты Костенко атындағы шахтада өрт болды. Дәл сол кезде кеніште 252 адам кен қазып жатқан. Олардың 205-і жер бетіне шығарылып, 46 адам қаза тапты.

Мемлекет басшысы Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. 

Өз кезегінде Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен кәсіпорынның меншік құқығын мемлекет пайдасына беру туралы келісімшарт рәсімдеп жатыр. 

Жүктелуде...