Қазақстаннан киіктер де қаша бастапты

Киіктер Астрахань облысына қарай қаша бастапты

фото: almaty.tv

Бұл туралы newsroom.kz хабарлайды.

Белгілі саясаткер, политология ғылымдарының докторы Санжар Бокаев киіктерді атудың көлеңкелі тұстарымен әлеуметтік желісінде бөлісті.

"Қазақстанда киіктерді атуды бастады. Мыңдаған өлі киіктердің бейнелері ғаламтор желісінде қаптап кетті. Менің ойымша, бұл киіктердің популияциясымен күресу емес, оларды түп тамырымен жою. Бізге келген ақпарат бойынша үш зауыт өлі киіктердің етін өңдейтіні белгілі болды. Бірақ, әлеуметтік желіден көрген видеоға сүйенсек, киіктерді өлтіріп, ішкі құрылысымен бірге далада шашып кетіп жатыр. Киіктердің еті бақылаусыз, көп мөлшерде дүкен-дүңгіршіктерде сатылуда. Тіпті, "көлік жуатын жерде киік етін сатып жатыр" деген жаңалықтар шығуда. Киіктердің мүйіздері қанша тұратынын ескерсек, олардың өлімі - көп миллиардты бизнес. Министр хабарламасында, 2500 киікті өлтіріледі делінген. Киік мүйіздері 80 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін бағаланатыны ескерсек, бұл 20 млрд теңге. Бұл біреуге дайын бизнес. Менің қорқатыным, ешкім қанша киіктің нақты өлгенін білмейді, бақылай алмайды. Бұл 2500 емес 500 мың болуы мүмкін. Біздің биліктің киікті өлтіру үшін тек екі аргументі бар: біріншісі, олардың көптігі ауыл шаруашылығына зиянын тигізіп жатыр деген аргумент. Киіктер, негізінен өте алыс далада өмір сүреді. Олар біздің адамдар тұратын жаққа келмейді. Менің ойымша, жануарлардың ешқайсысы ауыл шаруашылығы министрлігіндей, ауыл шаруашылығына зиянын тигізген жоқ. Екінші аргументтері киік саны көбейіп кетті. Сіздерде ешқанадай киіктерді бақылайтын ғылыми құрал жоқ. Олардың көптігін әуеден түсірілген бірнеше бейнежазбадан басқа еш жерде көрсетпедіңіздер. Құрметті басшылық, сіздер бақылаусыз киіктер көбеюде деп жатсыздар, менің ойымша бізде бақылаусыз шенеуніктер көбеюде. 2014 жылы 14 министрлік болса, ал осы жылы 21 министрлік бар. Сіздер өз популияцияларыңызбен жұмыс істеңіздер. Әйтпесе, маған киіктерді емес, басқа нәрсені жою керек сияқты көрінеді. Біздің министрлік оларды сондай кәсіби емес түрде атуды бастап кетті. Киіктер үшін ең маңызды көбейетін, ұрпақ тастайтын уақытында атуды бастаған"- деді саясаткер.

Санжар Бокаев елден киіктердің қашып жатқанын да айтып өтті.

"Ең жаманы киіктер Қазақстаннан қашуда. Соңғы уақыттарда Ресейлік БАҚ-та киіктердің мыңдаған тобы Астрахань облысына қарай келе жатқаны айтылды. 90-жылдары біз киіктерді жоғалтып ала жаздағанымызды естен шығармау керек. Біздікіндей басшылықпен тіпті киіктерге де Қазақстанда орын жоқ болғаны өкінішті",- деп сөзін түйіндеді Санжар Бокаев.

Жүктелуде...