Жаңалықтар

Омар Жәлел не дейді? Сюцайға мүфтият үкім берді

Бұл туралы newsroom.kz хабарлайды.

Белгілі абайтанушы, қазаққа Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрімнің ойларын жеткізіп жүрген Омар Жәлел қазіргі таңда "Сюцай" мектебінде тренер қызметін атқарып жүр. 

Ал, ҚМДБ бұл ілімді дінімізге қайшы, харам деп таныды.

"Бұл жүйемен шұғылдану шариғатымызға қайшы.  Себебі, Сюцай жүйесінде сандар болжамына сеніп, Алланың құдіретіне шәк келтіру және адамның тағдырын болжау – харам. Мұсылман адам тағдырға иман келтіріп, жақсылық пен жамандықты бір Алладан деп сеніп, болашақты болжайтын түрлі наным-сенімдерден аулақ болуы тиіс." ,- деп үкім шығарды ҚМДБ.

Омар Жәлел мүфтият харам деп таныған ілімді  Конституцияның өзі қорғап тұр деп "Qasqa jol"  ютуб арнасына берген сұхбатында айтты.

"ҚМДБ харам деп тани берсін. Әркімнің өз шындығы бар. Қанша адам болса сонша пікір бар. ҚМДБ көзінше солай болсын делік. Бірақ біз зайырлы мемлекет болғаннан кейін ол ғылым Egov-та 576-бапта тіркеліп тұр. Сонда "Сюцайды" конституцияның өзі қорғап тұр."

Айта кетейік, сюцай – раджа-йога философиясына негізделген нумерологияның бір түрі. Бұл жүйенің сенімінде адам өміріндегі белгілі сандар (туған күні, неке қиған кезі т.б.) бір планета энергиясымен тығыз байланыста болады. Сандарда адамның мінезі, қабілеті, өмірге келген мақсаты, болашақта орын алатын оқиғалары қамтылған. Егер сандар энергияға сәйкес келсе, өмірі жақсы, ал сәйкес келмесе, келеңсіз жағдайлар орын алуы мүмкін. Сюцай адамдардың тағдырын өзгертеді деп сенеді.