Адамның ішкі органдарын сатумен айналысқан күдіктілер ұсталды

Трансплантациялау үшін адамның ішкі органдарын алып-сатумен айналысты деген күдікпен полицияға 22 адам жеткізілді

фото: matritsa.kz

Алматы облысының полиция департаменті прокуратураның үйлестіруімен адамның ішкі органдарын алып-сатумен айналысты деген күдікке ілінген қылмыстық топ құрықталды. Бұл туралы Polisia.kz - ке сілтеме жасап newsroom.kz хабарлайды.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жазуынша, Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес тобы  22 фигурантты (ұйымдастырушылар, медицина қызметкерлері, нотариус, реципиенттер мен донорлар) жеткізген.

"Олар реципиенттер мен донорларды іздеу, жалған құжаттарды рәсімдеу және ішкі органдарды трансплантациялау бойынша операцияларды ұйымдастыру міндеттерін өзара бөлісіп, әрекет еткен. Келісім сомасы 6-10 миллион теңгені құрады, осындай сегіз факт анықталды.

"Үш негізгі ұйымдастырушы қамауға алынды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілерден ақша, құжаттама, цифрлық тасымалдағыштар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Алматы облысы полиция департаменті қазіргі таңда аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 116-бабына сай (Адам ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Аталған баптың санкциясында мүлікті тәркілеп, он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесу көзделген. Сонымен қатар басылым ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін жеткізді.

Айта кетелік, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес, трансплантациялау кезінде адам ағзалары мен тіндерін алып-сатуға тыйым салынады. 

Жүктелуде...