Қаржы

Отандық шағын бизнес шетелге қанша экспорт шығарған?

Қазақстандық 42 экспорттаушы компания биылғы жылдың қыркүйек айында Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей, Сингапур, Түрікменстан, Қырғызстан сияқты елдерге өнім шығарған. Оның ішінде 29 экспорттаушы компания – шағын және орта бизнес өкілдері деп хабарлайды «KazakhExport» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған newsroom.kz порталы.

Экспортталатын өнімдер: күнбағыс майы, тазартылған күнбағыс дәндері, ұн, ірі қара еті, бройлер еті, қосалқы өнімдер, тауық жұмыртқасы, кондитерлік өнімдер, арматуралар екен.

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жауапкершілікке алған тәуекелдер көлемі 43,4 миллиард теңге болса, ал ШОБ үлесі - 14,2 миллиард теңге болған. 
Компаниядан қолдау тапқан кәсіпорындар 96,2 миллиард теңгеге экспорттық келісімшарттар жасап отыр екен. Олардың қатарында тамақ және химия өнеркәсібінде, агроөнеркәсіптік кешенде, металлургияда және басқа да шикізаттық емес салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындар бар көрінеді. 

Айта кетейік, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниясы болып саналатын - «KazakhExport» ЭСК»  АҚ қолдау білдіретін үздік қызметтерінің тізімінде экспорттық несиені сақтандыру, қарыздарды сақтандыру және акредивтерді сақтандыру бар. 

2016 жылдан бастап KazakhExport 200-ден астам экспорттаушыға 870 миллиард теңгеден астам сомаға қолдау көрсеткен.