Мақтанып жүрдім: Ринат Зайытов Түркияға барып келген

«Анкара- табиғаты мен көркемдігі жағынан біздің Алматыға қатты ұқсайды екен»

фото: Ринат Зайытовтың фейсбук парақшасынан

Бұл туралы newsroom.kz парақшасы хабарлайды.

«Түркияның астанасы Анкара қаласына  іссапармен барып келдік. Анкараны алғаш рет көрдім. Іссапар мақсаты Ақпартияның съезді болған. AMANAT партиясының өкілі ретінде қатыстық. Ол жақтағы саяси жүйенің бір шетімен таныстық» – деп жазды белгілі Мәжіліс депутаты әрі айтыскер ақын Ринат Зайытов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. 

«Жә, ол бәріңізге бірдей қызық емес болар. Одан да алғаш аяқ басқан жерімде өзімді қуанта таңқалдырған жайлардан айтайын» - деген ол келесідей жазба жариялаған.
«Анкара- табиғаты мен көркемдігі жағынан біздің Алматыға қатты ұқсайды екен. Жергілікті халық Стамбулдағыдай сауда-саттыққа емес, ғылым мен білім, өнер мен мәдениетке жақын. Ең ғажабы ол қалада Абай , Ахмет Байтұрсынов, Дина Нүрпейісова, Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы, оған қоса Қазақстан мен Түркия достығының құрметіне ашылған саябақтар бар екен. Шынымен керемет. Барлығын аралап шықтым. Еңсемді көтеріп: «Мен-осы ұлылардың ұрпағымын, мен де Қазақпын» - деп мақтанып жүрдім. Ерекше сезім бойымды билеп, әлемдегі ең ұлы ұлттың перзенті болғаныма шүкір дедім. Оны сіздерге айтып жеткізу мүмкін емес. Әрине, бұл ең бірінші біздің Түркиядағы елшілікте  қызмет атқарып жүрген елшіміз Еркебұлан Оңалбекұлы Сапиев, кеңесшісі Мерей Саятұлы Мұқажан, бұрынғы елші Абзал Сапарбекұлы секілді алаш антына адал азаматтардың жұмысының нәтижесі. Ол даусыз. Әйтпесе қанша бауырлас елміз десек те Түрік халқы біздің ұлыларымызды жоқтасын ба?.. Елшілікпен қатар ұлт мұрасын түгендеп жүрген кезіндегі Түрксой ұйымының тізгінін ұстаған Дүйсен Құрабайұлы Қасейіновтің де маңдай тері аз төгілмеген екен. Тани білсек, өз мүмкіндігінше ұлтқа жанын салып қызмет етіп жүрген ерлеріміз жоқ емес! Тек аз. Шіркін, барлық елдердегі елшіліктеріміз осылай еңбектенсе ғой. Қазақты әлемге әлдеқашан танытар едік...» - деп жазған Р.Зайытов.

«Анкараға барған сапарымнан алған әсерім (қысқаша айтқанда) осы. Аты аталған азаматтарға айтар алғысым шексіз. Аман болыңыздар. Ел іргесі бүтін, болашағы жарық болғай! Қалған әңгімені суреттер айтсын» - деп жазбасын түйіндеген алаштың ақтаңгер ақынының жазбасын желідегі жұрт жылы қабылдаған.

Жүктелуде...