Жаңалықтар

"Өтірік әңгімені қою керек": Депутат Бақытжан Базарбек вице-министрдің жұмысын сынға алды

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды, деп newsroom.kz хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековке сұрақ қойған депутат Бақытжан Базарбек жер кадастрының ашықтығына қатысты мәселе қозғады.

"Қазір Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі заңды қарап отырмыз. 2016 жылы жерге қатысты үлкен митингілер болды, халық көтерілді. Ондағы ең негізгі мәселе жер кадастрын ашу болды. Әрбір жердің артында қандай жемқор шенеунік, прокурор, әкім, судья және осы жүйемен ауыз жаласқан қандай олигарх тұрғанын халық білуі керек. Өкінішке қарай, бұл ақпарат ашылмады", – деді депутат.

Сонымен қатар, депутат Мәжілісте көтерілген бірнеше ұсыныстарының Үкімет тарапынан қолдау таппағанын атап өтті. 

"Активтерді қайтару туралы" заң жобасында бұл ұсынысты енгіздім. Әріптестерім ұсынысымды қолдаса да, Үкіметтің кесірінен ол қабылданбады. "Жайылымдар туралы" заң жобасында да осыны ұсындым. Оны әріптестерім қолдап, Үкімет қайта қолдамады. Біріншіден, заң жобасы ("Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы") жер кадастрындағы мәліметті ашуға көмектесе ме? Ертең жер кадастры ашылмай қалмай ма?
Екіншіден, Орхус конвенциясына (сот әдiлдiгiне қол жеткiзу туралы БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комиссиясының конвенциясы) қосылдық. Оған Қазақстан ратификация жасады. Алайда жер кадастры ашылмай тұр. Бұл заңды ма?", – деді Бақытжан Базарбек.

Депутат сауалына жауап бермек болған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков:

"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз ашықтықты қамтамасыз ету үшін арнайы жария кадастрлық картаны іске қостық. Оның негізінде жер учаскелері туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік ұйымдастырылады. Қазір осы жария кадастрлық картаның негізінде жер құқықтық және қала құрылысы кадастрларының деректері жарияланды. Сондай-ақ жер учаскелерінің меншік иелері туралы деректер Жер кодексіне сәйкес мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпарат жүйесінің жергілікті базасынан жинап, көшіріп жатырмыз. Осы техникалық жұмыстар аяқталды. Енді функционалдық тестілеу біткен соң жария кадастрлық картасында жарияланады. Оны қазанның аяғына дейін деп жоспарлап отырмыз", – деді.

Вице-министрдің жауабына қанағаттанбаған депутат "өтірік әңгімені қою керектін" айтты.

"Қазақта "Домбырам не дейді, мен деймін" деген мақал бар. Мен сізден жария кадастрлық карта туралы сұраған жоқпын. Мен сізден "жердің иесі кім?" деп сұрап тұрмын. Жердің иесі мен оның аты-жөні туралы ақпарат ашық болуға тиіс. Орхус конвенциясының күші Конституцияның 4-бабына сәйкес ұлттық заңнамадан басым болады. Өтірік әңгімені қашан тоқтатасыздар? Жер кадастрын ашу керек. Халықтың мұңы – осы. Мұндай өтірік әңгімені Парламент төрінде айтуды қойыңыздар. Болмаса, жұмыстан кетіңіздер", – деді Бақытжан Базарбек.