Аймақтар

Түркістан: Сауранда «мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Оңтүстік өңірінде биыл бұл шара сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Ұлттық байқауға 143 отбасы өтініш білдірген. Байқаудың алғашқы кезеңінде 31 отбасы жеңімпаз атанса, оның ішінде екеуі саурандық отбасылар, деп хабарлайды newsroom.kz.

Жанұядағы жарасымдылық пен өзінің қарым-қабілеттерімен ерекшеленіп, ұрпақтар сабақтастығының қайталанбас үлгісін көрсеткен үздік деп танылған – Манашевтар мен Бексейітовтер отбасы.

Манашевтар шаңырағының отағасы Бекжігіт Манашев 2001 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып келеді. Ол жалғызбасты жандар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ай сайын көмек көрсететіп тұруды әдетке айналдырған. Сондай-ақ, аудандағы «Ж.Тәшенов» атындағы жалпы орта мектебінің Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Қосмезгіл ауылдық Ақсақалдар алқасының төрағасы.

Одан бөлек, үздік деп танылған Бексейітовтердің отағасы Ержан Бексейітов – мұғалім, Сауран ауданының құрметті азаматы. Ол Сауран ауданы, Майдантал ауылдық округі, Ынталы елді мекенінде ауыл кәсіпкерлерін ұйымдастырып бастама жасап, баспанаға мұқтаж 2 отбасыға 4 бөлмелі екі баспана салып берген.