Жаңалықтар

Сұмдық! Қазақстанда күріш бір жарым есеге қымбаттады

Елімізде биыл маусымда жылтыратылған және тазартылған күріштің килосы орта есеппен 604 теңгені құрап, бір жыл бұрынғыдан 47,6% қымбаттаған. Бұл туралы energyprom.kz сілтеме жасаған newsroom.kz порталы жазады.

ҚР ірі қалаларының ішінде күріш Оралда (килосына 828 теңге), Ақтауда (килосына 787 теңге) және Астанада (килосына 721 теңге), ең арзаны Талдықорғанда (килосына 459 теңге), Петропавлда (килосына 463 теңге) және Қызылорда (килосына 495 теңге). Күріш бағасының ең көп жылдық өсуі Батыс Қазақстан облысында тіркелді: 80,7%. Одан кейін Түркістан (74%) және Ақмола (64,6%) облыстарында. Ең аз жылдық өсім Атырау облысында тіркелді, бірақ оның өзі айтарлықтай 21,6%. Inbusiness.kz хабарлауынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі күріш бағасы көтерілмеуі тиіс деп санайды, тіпті көтерілді дегеннің өзінде жалпы инфляция көлеміндей аз ғана қымбаттауы мүмкін. «Егін азайып жатқан жоқ. Жиналған күріш азаймайды деп болжанады», — деді министрлік басшысы Ербол Қарашөкеев. Дегенмен, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің ерекшелігі — топырақтың қатты сортаңдануы, Сырдариядағы су тапшылығы салдарынан соңғы екі жылда күріш дақылдары азайып, күрішшілер табысы да азайып, шаруа қожалықтарының қарызы өсіп жатқанын айтты.