Жаңалықтар

Шымкент көлік басқармасының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды

 

Мұхтар Қоқанбаев 13 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде, деп хабарлайды newsroom.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл соманы басқарма басшысы кәсіпкерден әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау кезінде бюджет қаражатын кедергісіз төлеу үшін алған. Қазір Шымкенттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Мұхтар Қоқанбаев 2 айға қамауға алынды.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды. Сонымен қатар, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1 — бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі", - делінген Антикор хабарламасында.

Естеріңізге сала кетсек, Мұхтар Қоқанбаев Шымкент жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметін 2020 жылдан бері атқарып келді.