Жаңалықтар

Елорда күні «Астана мәдениет керуені» халықаралық әскери оркестрлер фестивалі өтеді

Оған Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Пәкістан, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан және Жапония Қарулы күштерінің әскери-музыкалық ұжымдары, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің және Ұлттық ұланның әскери оркестрлері қатысады, деп хабарлайды newsroom.kz. width=

Қорғаныс министрлігі мен Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырып отырған бұл фестиваль мәдениетті дамытуға, бейбітшілік идеяларын ілгерілетуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. – Әскери оркестрлер фестивалін өткізу туралы ұсынысымызға сегіз ел қолдау білдірді. Бұл олардың бірегейлігін көрсетіп, танымал әуендер мен композицияларды орындау арқылы шығармашылық мүмкіндігін паш етуге жол ашады. Фестиваль қызықты өтетініне сенімдімін, – дейді Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов.  width= Алтыншы шілде күні сағат 19.00-ден 20.00-ге дейін Band Marathon өтеді. Есіл өзені жағасындағы жазғы амфитеатр сахнасында бес жүзге жуық музыкант қатысатын он бір музыкалық ұжым өнер көрсетеді. Келесі күні сағат 21.00-да Астананың бес алаңында әскери оркестрлер бір сағаттық «Перфоманс шоу» ұйымдастырады. ЭКСПО аумағында, «Бәйтерек» монументінде, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында, орталық саябақта және ботаникалық бақта оркестр өнері шеберлерінің жарқын музыкалық композицияларын тамашалауға болады.  width= Іс-шаралар «Барыс Арена» көпбейінді мұз сарайында өтетін «Астана мәдениет керуені» гала-концертімен аяқталады. Онда Елорда қонақтары мен тұрғындары қызықты музыкалық-театрландырылған қойылымның куәсі бола алады. Концертте әскери, классикалық, халықтық және эстрадалық әуендер шырқалады. Бірлескен нөмірлер, оркестрлер дефилесі, сондай-ақ қарумен көрсетілімдік қойылымдар ұйымдастырылады. Бұл жылдың ең жарқын және есте қаларлық көріністерінің бірі болмақ. Басталуы сағат 12.00-де. Кіру тегін.