Астанада халықаралық психологтар форумы өтіп жатыр

Астанада халықаралық психологтар форумы өтіп жатыр

ашық дереккөзі

  Елордада «Балалар мен жастардың қабілеттерін, дарындылығын диагностикалау мен дамытудағы өзекті мәселелер» I Халықаралық психологтар форумының бірінші күні аяқталды, деп хабарлады Newsroom.kz. Іс-шараны El Umiti корпоративтік қоры Оқу-ағарту министрлігімен және Дарындыларды қолдаудың еуропалық кеңесімен бірлесіп ұйымдастырды. Форумда балалар мен жастардың әлеуетін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Пленарлық отырыста Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Дарындыларды қолдаудың Еуропалық желісінің (ECHA) вице-президенті, психолог және профессор Сильвия Фодор (Szilvia Fodor), Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова, Венгрия таланттар кеңесінің директоры, ECHA өкілі Чилла Фусжек сөз сөйледі. Олар балалар мен жастардың қабілеті мен дарынын дамытудың әртүрлі аспектісі барын атап өтті. Сонымен қатар форумда білім беру жүйесіндегі балалардың қабілеін дамытуды психологиялық-педагогикалық қолдаудың заманауи тенденциялары, инклюзивті орта жағдайында ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушыларға жағдай жасап, оларды дамыту және тағы басқа өзекті мәселелер көтерілді. «Іс-шараға білім, психология және дарындылық саласындағы көптеген маман, сарапшы жиналды. Форумның бірінші күнінде маңызды мәселелер талқыланып, алдымызда қандай сын-қатерлер тұрғанын көрдік. Біз салалық министрліктер мен мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсетілгеніне қуаныштымыз. Бұл Үкіметтің де осы мәселелерге ерекше көңіл аударатынын көрсетеді», - деді EL UMITI КҚ директоры Асланбек Әмрин. Халықаралық форум ертең, 16 маусымда жұмысын аяқтайды. Оның аясында позитивті психология, білім беру саласындағы мамандарға арналған тестілеуді басқару, шағын мектептердегі балалардың коммуникативті дағдысын дамыту және олардың жеке ерекшелігіндегі айырмашылықтар бойынша шеберлік сыныптары өткізіледі.   Фото: El Umiti

Жүктелуде...