Жаңалықтар

Елордада инклюзивті білім беру бойынша республикалық семинар өтеді

21 сәуір күні «Ресурстық орталық – Қазақстандағы инклюзиті білім беруді дамытудың бастамасы» атты республикалық семинар өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мәлім етті, деп newsroom.kz хабарлайды Elorda.info сайтына сілтеме жасап. Инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты - даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге оқытып, білім беру. Іс-шара ресурстық орталықтардың жұмысын жетілдіру және тәжірибемен алмасу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Оған инклюзивті тәжірибелерді дамытудың аймақтық Ресурстық орталықтардың басшылары, білім басқармасының, әдістемелік кабинеттердің мамандары қатысады.  width= Былтыр елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 180 мыңнан асты. Психофизикалық дамудың бұзылуынан туындаған ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шамамен 14% ғана –арнайы мектептерде толық көлемде білім алуда. Осы санаттағы қалған оқушылар және басқа себептерден болған оқуында кедергісі бар балалар еліміздің жалпы білім беру мектептерінде оқиды.

“Семинарда еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың практикалық мәселелері қаралады”, – деді орталық директоры Әйгерім Күдеринова.

Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласының 84 мектебінде әртүрлі диагнозбен 1500 ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала оқиды. Оның ішінде сөйлеудің бұзылуы, психикалық дамудың кешігуі, көру, есту қабілетінің бұзылуы және тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар оқушылар. Қазіргі таңда қалада екі аутизм орталығы, мектептерде 25 инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ, 3 арнайы мектеп қызмет көрсетуде.