Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті цифрландыру: Әкімдікте «Адалдық алаңының» қызметі талқыланды

Елорда әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті цифрландыру бойынша «адалдық алаңының» қызметі талқыланды. Жиынға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен және қалалық басқарма басшылары қатысты, деп newsroom.kz хабарлайды Елорда Инфо. сайтына сілтеме жасап. Бақтияр Мәкеннің айтуынша, елордада барлық мемлекеттік мекемелер қызмет көрсетуді толығымен цифрландырған. «Қала қауіпсіздігі, білім беру, медицина және ТКШ салалары бойынша цифрландыру жұмыстары нәтижелі жүргізілді. Бүгінгі таңда тұрғындарға 159 қызмет түрі электрондық форматта көрсетіледі. Менің ойымша, жасалып жатқан жұмыстар халық үшін қолайлы. Бұған дейін азаматтар мекемеге қоңырау шалып, құжатын тасып жүрсе, енді барлығы компьютердің көмегімен тез-ақ істеледі. Елордалық мектептер 100% компьютермен жабдықталған. Мектеп асханалары да төлемді электронды қабылдайтын болады. Денсаулық сақтау саласында электрондық паспорт жасалды. Деректерді уақытында цифрландырғанымыз вакцинация процесін едәуір жеңілдетті. Егер адам басқа аймақтан келсе, төлқұжаты арқылы да оның медициналық тарихын дәрігерлер көре алады» деді ол. Осы жылдың бірінші тоқсанында «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі дәріханаларға мониторинг жүргізген. «Карантин енгізілгеннен бері қалалық мәслихат депутаттары бірнеше рет қоғамдық нысандарға тексеру жүргізді. Ауа райының жылуына байланысты жобалық кеңсеге тұрғындардан арыз-шағым жиілеп түсті. Соған орай арнайы мониторинг жүргізіп, жауапты органдарға сұраныс жібердік. Жол сапасына баса назар аударып отырмыз. Онлайн форматта мектеп оқушыларына «Адалдық алаңы» тәрбие сағаттарын өткізуді де қолға алдық. Жақында «Astana -adaldyq alany» жобасы мен елордалық мәслихат арасында меморандумға қол қойдық. Меморандум аясында сыбайлас жемқорлықпен күресте бірлесе қызмет жасамақпыз»,- деді «Astana -adaldyq alany» жобасының жетекшісі Бақдәулет Жанділдаев. Қала әкімінің орынбасары басқарма басшыларына отырыста талқыланған маңызды мәселелерді өзге де қызметкерлерге жеткізуді, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды тапсырды.   Көктем ҚАРҚЫН