Еуропада, АҚШ, Ресей, Қытайда қазақтардың құрылтайы өтеді
Этникалық қазақтар көп шоғырланған әлемнің бірнеше елінде құрылтай өтеді. Бұл туралы «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы айтып берді, деп newsroom.kz хабарлайды ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Шетелдегі қазақ ұйымдарының басшыларымен дәстүрлі кездесулеріміз жалғасын табады. Осы ретте алдағы 26-28 мамыр күндері Германияның Кельн қаласында Еуропа қазақтарының дәстүрлі құрылтайы болады. Құрылтай шеңберінде алғаш рет қазақ жастарының басқосуы өтеді. Ал, 9-10 маусымда Ресейдегі қазақ ұйымдарының басшылары мен белсенділері Мәскеуде бас қосады. Онда тұрып жатқан қазақ жастарымен де жиналыс өткіземіз», - деді Абзал Сапарбекұлы тілшілерге берген сұхбатында.
Қор басшысының айтуынша, биыл шілде айының басында Моңғолиядағы Ұлан Батыр мен Баян Өлгейде кіші құрылтай өтеді. Сондай-ақ, АҚШ пен Қытайда да шара өткізу жоспарда.
«Күз айларында АҚШ-та тұңғыш рет қазақтар форумын өткізу жоспарланып отыр. Оған қоса, Қытайда тұрып жатқан қандастарымызбен де қауышу жоспарымызда бар. Бұл жиындардың қай қалаларда өтетіні әлі нақтыланып жатыр», - деп толықтырды спикер.
Сонымен бірге, «Отандастар қоры» биыл Ресейдегі ұлттар істері жөніндегі федералдық агенттікпен, Қытайдағы әріптестерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Биыл мұндай келісімдер Әзербайжан және Өзбекстан елдерімен бекітілген.
«Ел ішінде биыл шетелдегі барлық қазақ ұйымдарының үш күндік семинар-форумы өтеді. Сонымен бірге, Павлодар облысында алғаш рет қазақ жастарының басқосуы жоспарланған. Шілде айында шетелдегі 200 қазақ баласы Бурабайдағы лагерьге жиналады. Сондай-ақ, биыл тұғыш рет шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының және шетелдегі қазақтар туралы ғылыми еңбектердің 10 кітабы басылып шығады. Комиссия Жазушылар одағымен бірге өтінімдерді қарастырып жатыр», - деді А. Сапарбекұлы.
Дәстүрлі онлайн/оффлайн қазақ тілі курстары да жалғасады. Тағы бір басты жаңалық – биыл шетелдегі 10 елде 20 ұлттық өнер және спорт бағытында курстар ашылады. Мұндағы ұстаздардың жалақысын «Отандастар қоры» төлейді.