Жаңалықтар

Дархан Мыңбай: “Әр кәсіптің мәртебесі бар”

  Экс депутат Дархан Мыңбай фейсбук парақшасында мамандық таңдау туралы, әр маман иесінің мәртебесі бар екенін айтып жазба жариялады, деп хабарлайды newsroom.kz. “‘Жас азамат өз болашағын таңдауды - таңдаудың төресі екенін жастыққа тән албырттықпен ескермей жатады. Орта мектепті бітірген бозбала мен бойжеткен тағдыршешті жолда адасып кетуі де мүмкін. Әрине, олардың мамандық таңдауына ата-ана, мұғалім шама-шарқынша, көргені мен түйгеніне байланысты ықпал етіп бағады. Сонымен бірге әр отбасыда қалыптасқан дәстүр бар. Жастар көбіне жасы үлкеннің, оқыған-тоқығаны бар, жөн білетін, ізашар бауырының кеңесіне құлақ түреді. Алайда шапшаң өзгеріп жатқан қоғамда мамандыққа қатысты кездейсоқ таңдаудың келешекте өзін ақтауы, табысты болуы неғайбыл. Бұған кім кепіл болмақ?”-деп жазды Дархан Мыңбай. Және де жастардың болашағына мемлекеттің араласуы неге сылбыр екенін алға тартады. Үкімет тарапынан бөлінетін бөлінетін шаржының қайда, қалай жұмасалатыны туралы сұрақ туындайтынын жазады. Сондай-ақ ол өркениетті елдердің өндіріске байлаулы оқыту жүйесін зерттеп, үйрену артықтық етпестігін мысалға алды. “Экономикасы озық саналатын Оңтүстік Кореяда оқушыларға (ата-анасы үшін де деп ұғыңыз) арнайы Еңбек музейі ашылған. Көрнекті, жұмыс істейтін экспонаттар қатарында қолдануға болатын жаңа техника мен технология жетістіктері жинақталған. Үйдің қазан-ошағынан, киім тігетін машинкасынан бастап цифрлық құрал-жабдықтармен, қайық, кеме, автомобиль, ұшақ, басқа да халық тұрмысы игілігіндегі қондырғылармен жарақтандырылған, сурет, макет емес, іске қосылған өзге де қажетті ресурстар көкірек көзі ояу, санасы ашық кез келген талапкерді, шәкіртті өзі армандаған кәсібіне етене жақындата түседі. Қиялына қанат бітіріп, армандағы сан тарау жолдан қалағанын таңдауына мүмкіндік береді. Әсері әлсіз, бірсарынды үгіт-насихатты нақты іспен алмастырудың үлгісі осы болса керек. Бар жақсы дүние балалар үшін емес, сол мемлекеттің болашағы үшін жасалған. Ұстаз мәртебесін сол мамандық иесі қоғамдағы беделімен, адал еңбегімен, әлеумет ішіндегі ерекше орнымен дәлелдеп, бекемдей алады. Біздіңше, қоғамда министрлер мен әкімдердің ғана емес, әрбір мамандық иесінің өз мәртебесі бар. Оны құрметтеу - әрбір отбасыдағы, мектептегі тәрбиенің негізіне айналуға тиіс. Сонда біртұтас қоғамымыз шенді-шекпендінің, лауазым иелерінің алдында жаппай жағымпаздану дертінен арыла бастайды. Адал еңбегінің арқасында табысқа жеткен мамандық иесінің, жаңашыл кәсіпкердің қадірі артады. Сол арқылы кәсіпке деген қызығушылық туады. Кез келген кәсіптің қоғамдық мәртебесін халық анықтайды, оның деңгейін, бағасын қоғамның өзі белгілейді”,-деп жазды Дархан Мыңбай.