Жаңалықтар

Түркістан облысы әкімінің орынбасары 97 жастағы Кентаулық ардагермен кездесті

Кентау қаласының тұрғыны Бадан Төребаев Екінші дүниежүзілік соғысқа 17 жасында аттанған. Қазіргі таңда ардагер 97 жаста. Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы майдангердің үйіне арнайы барып, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының мерекелік құттықтауын жеткізді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Шараға облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов және Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысты.
— Мереке қарсаңында аман-саулығыңызды сұрап, тілдесуге келдік. Жас болсаңыз да қан майданда тайсалмай, ел мен жер, ұрпақтың болашағы үшін күрестіңіз. Қазіргі жайма-шуақ әрі бейбіт заманның басты себепшілері — өздеріңізсіздер. Еңбектеріңізді жастарға үлгі ретінде жан-жақты көрсету — парызымыз. Облыс және қала әкімдігі тарапынан қажетті қолдаулар жасалады. Бастысы денсаулығыңызды күту керек. Жағдайыңыздан хабар алып отырамыз. Біз Сіздерге мәңгілік борыштармыз, —деген Ермек Кенжеханұлы ардагерге сый-құрмет көрсетті.
 width=
Қариямен кездесуде қала әкімі де құттықтауын табыстап, лебізін білдірді. Қазіргі таңда соғыс майдангерінің ахуалы өте жақсы. Емін-еркін жүріп тұра алады. Іздеп келуші қонақтармен әңгімелесіп, әзілдесе отырып сұрақтарына жауап береді.
Бадан Төребаев 1927 жылы 13 қарашада дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, 4 ай әскери дайындықтан өтеді. Мұнан соң Беларусь майданында жорық жолы басталып, ерекше ерлігімен көзге түскен азамат Берлиндегі ауыр шайқасқа қатысады.
Елге 1950 жылы оралып, еңбекке араласады. Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Отбасында 5 ұл-қызынан 14 немере, 28 шөбере және 1 шөпшек сүйіп отыр.
Жанқиярлығы ескеріліп, 2 рет «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, І-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі