Жаңалықтар

Қазақстан сыртқы саудада 10 жыл бұрынғы көрсеткішке жетті

Былтыр Қазақстанның сыртқы саудасы үшін соңғы он жылдағы ең табысты жылдардың бірі болды деп жазады ranking.kz сілтеме жасаған newsroom.kz порталы.

2012 жылдан бері алғаш рет экспорт құндық мәнде 40% өсті. Жедел деректерге сәйкес, былтыр қаңтар–желтоқсан айларында Қазақстаннан сыртқа 84,4 млрд АҚШ долларының тауары сатылды. Бұл 2012-2013 жылдардағы көрсеткіштермен тең.

2022 жылғы тағы бір рекорд елдің шикізаттық емес экспортының көлемі болды. Ол 2012 жылғы тарихи максимумнан асып, 26,5 млрд АҚШ долларына (31,4%) жетті. Оның 8 млрд АҚШ долларын қосылған құны жоғары тауарлар экспорты құраған

Осы санаттағы бірегей экспорттық «жаңалықтардың» қатарында АЭС-тердің ядролық реакторларға арналған отын элементтері (уран таяқшалары) бар. Оларды Өскеменде Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны «Үлбі-ТВС» ЖШС шығарған. 2022 жылдың желтоқсанында қытайлық CGNPC-URC ядролық корпорациясына осындай құрылымдар алғаш рет жеткізілді. «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ (акционер — ҚР Сауда және интеграция министрлігі) мәліметінше, қазақстандық тарап бұл тапсырысқа 51,1 млн АҚШ долларын алған.

Фото: strategy2050.kz