Жаңалықтар

Қазақстанда қанша сайлау өтті?

Тәуелсіз еліміздің тарихында сайлау процессінің орны бөлек. Президенттің айтуынша, 2023 жылдан бастап Президенттің, Парламент пен үкіметтің барлық негізгі саяси институты қайта іске қосылады және жаңартылады, деп Newsroom.kz жазады.

Қазақстан Республикасы Пар­ла­ментінің Мәжілісі – заң шығару билігін жүзеге асыратын және тұрақты негізде әрекет ететін республиканың жоғары өкілді органы Палаталарының бірі. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

Мәслихаттар – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының еркін білдіретін және оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын, сондай-ақ олардың жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өкілді органдар. Мәслихаттар депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

Мәслихаттардың депутаттары жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Парламент Мәжілісі 107 депутаттан тұрады.

Мәжілістің 98 депутаты жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы партиялық тізімдер бойынша сайланады.

Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассам­блеясы сайлайды.

Мәжіліс тарихына үңілер болсақ, бұған дейін  жеті сайлау өткен. 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданып, қос Палата: Мәжіліс пен Сенаттан тұратын жоғары өкiлдi орган ретінде айқындалды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне алғашқы сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда болды. Мажоритарлық жүйе негізінде 67 депутат сайланды. Бірінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының өкілеттіктері 1996 жылы 30 қаңтарда бірінші сессияның ашылуынан басталды.

1999-2004 жылдар аралығындағы екінші сайланымға 10 саяси партия қатысты. Мажоритарлық бір мандатты округтарда 547 кандидат тіркелді. Жалпы сайлау барысында сол кезеңде Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған кандидаттар саны - орташа есеппен бір орынға сегіз адам тіркелді.

2004 жылдың қыркүйегіндегі үшінші сайланымға 12 саяси партия қатысып, 77 депутат сайланды. Палата құрамында 69 ер адам және 8 әйел бар.

Төртінші сайланым 2007 жылдың тамызында өтті. Ол 107 депутаттан құралды. Жеті саяси партия қатысқан сайлауда 7 пайыздық межені тек Nur Otan партиясы еңсерді, одан сайланған депутаттар Парламент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды алды. Депутаттар біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша жасырын дауыс беру жағдайында жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде партиялық тізімдер бойынша сайланды. Қалған депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды.

Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамы 2012 жылғы қаңтарда жасақталды. Сайлауға жеті саяси партия қатысты, олардың үшеуі сайлау қорытындысы бойынша сайлаушылардың 7 пайыздан аса дауысына ие болып, Парламент Мәжілісіне өтті. 

Алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы 2016 жылғы 20 наурызда өтті. Сайлауға қатысқан алты партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Парламент Мәжілісінің құрамына кірді. Олар: Nur Otan партиясы (82,20 пайыз), Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы (7,18 пайыз) және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы (7,14 пайыз).

Жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтті. Сайлауға қатысқан бес партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Парламент Мәжілісінің құрамына кірді. Олар: «Nur Otan» партиясы (71,09%), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (10,95 %) және Қазақстан Халық партиясы (9,10 %). «Нұр Отан» партиясынан Парламент Мәжілісінде 76, «Ақ жол» партиясынан 12, Қазақстан Халық партиясынан 10 депутат, ал 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Жетінші сайланған Мәжіліс құрамына алдыңғы шақырылымның 32 депутаты кірді. Жалпы депутаттық корпус 70 %- ға жаңарды.

Дана Ботай

Фото: kapital.kz