Жаңалықтар

Жол бөлісе алмады: Шешесі қолымды қысып ұстап тұр, баласы ұрып жатыр

Шымкентте 28 жастағы әйелді өзі тұратын үй ауласында белгісіз жігіт ұрып-соққан. Жалғызбасты ананың айтуынша, көлігін ауладағы тұраққа қоймақ болған оған джип ішіндегі жолаушы жігіт тап берген. Миы шайқалып, мұрны сынған Адина Абай полиция бірнеше рет арыз жаздырғанымен әуре-сарсаңға салды деп отыр. Әділдік іздеген тұрғын журналистерден араша сұрап отыр, деп newsroom.kz хабарлайды exk.kz дереккөздеріне сүйене отырып.

Оқиға 14 қараша күні кешкі сағат 5-тер шамасында 18 ықшам ауданда болған. Жұмыстан үйіне келген әйел көлігін ауладағы тұраққа қоймақ болған. Алайда оның жанында джип көлігі қатар жүріп, жолға таласқан көрінеді.

Аулаға екі көлік қатар сыяды, үнемі солай кіріп-шығып жүргенбіз. Джиптің 18 жас шамасындағы жолаушысы бас салып, боқтық сөздерін жаудырды. "Бес метрлік джипте келе жатырмын, көрмей тұрсың ба? Артқа бер де с*гіліп кет" деп айтты, — деді Адина Абай.

Былапыт сөздерді жаудырған жігітке келіншек көлігінің терезесін ашып "боқтама" дегені сол екен ол есікті теуіп ашып, әйелді көліктен жұлқылап шығарған екен. Содан бірден ұрып-соға бастаған. Джип көлігін жігіттің анасы тізгіндеген.

"Ұлы мені соққылап жатқанын көрген анасы көліктен түсіп, қасыма келді. "Қоя салшы, баламның мінезі сондай. Көтеріліп кетеді" деді. Шешесі қолымды қысып ұстап тұр, баласы ұрып жатыр. Көзімнің астыңғы тұсынан қатты соққы алғанымды білемін. Бір есімді жисам мұрнымнан қан тоқтаусыз ағып жатты. Әлгі жігіт мені ауладағы өзге бір көліктің үстіне жатқызып алып ұрып-соғуын жалғастырды. Жұдырығы бүйрегіме тиді, басымнан да ұрды", — деді жәбірленуші.

Ең сорақысы, ұлының бейтаныс әйелді төпелеп жатқанын көрген анасы араша түсе алмапты. Әйелдің мұрны сынғанын көрген ол оған ақша ұсынған көрінеді.

"Мұрныңды жөндетіп аларсың" деп анасы қолыма 10 мың теңге ұстатты. "Әпше, соншалықты ұратындай мен мал емеспін ғой" дегенім сол ұлы шешесін тоқтаусыз боқтап, алып кетті. Өзі рөлге отырып, сыймаймын деп тұрған жолмен еш кедергісіз өтіп кетіп қалды, — деді Адина Абай.

Бұл оқиғаны сол маңдағы дүкеннің сатушысы көрген екен. Ауладағы өзге де адамдар әйелдің соққыға жығылып жатқанын байқаған. Бірақ барлығы қас-қағым сәтте болғандықтан көмекке келіп үлгермепті. Олар бірден жедел жәрдем мен полиция шақырған. Жалғызбасты ана жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Оның миы шайқалып, мұрны сынған. Ауруханада Дидар есімді тергеуші арыз жаздырып алған екен.

Алғашқы көмек көрсетілген соң жәбірленуші емді үйінде жалғастыруды өтінген. Өйткені үйінде 9 жасар қызы жалғыз қалған. Үйіне келген соң тергеушіге қайта-қайта хабарласып, жауап ала алмаған. Кешкі 9-дар шамасында дене қызуы көтеріліп, қайта-қайта лоқси берген. Бет-аузы қатты ісіп кеткен соң жедел жәрдем қайта шақырған. Бұл аралықта ауылдағы ата-анасы келіп үлгерген.

Жедел жәрдем келгенде тергеушіге қайта хабарластық. Алмады. Кейін "102" шақырдық. Нұрдәулет деген полицей келіп, оқиға болған жерге алып барды. Жердегі қанның іздерін, өзімді видеоға түсіріп алды. Арызымды қайтадан жаздырып, сосын ауруханаға жаттым, — деді ол.

Түнгі сағат 2-лер шамасында Нұрдәулет есімді полицей келіншектің ата-анасына хабарласып, полиция бөлімшесіне шақырған. Оларға шақыртуға кезекшілікте болған соң бара салғанын, оқиға болған жер өз территориясына кірмейтінін, іспен Дидар айналысатынын айтыпты. Ал ол тергеушіден мүлдем хабар болмаған.

Таяқ жеген әйел оған бірнеше рет хабарластым деп отыр. Болмаған соң бейтаныс нөмірмен хабарласқанында ол телефонын көтеріп, бір минуттан соң қайта қоңырау шаламын деп тұтқасын қоя салыпты. Содан бері арызы бойынша ешкімнен ешқандай мардымды жауап ала алмаған.

Келіншек қазіргі таңда ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал қызын сабағынан сұрап алып, ауылға ата-анасына жіберген.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар келіншектің жағдайы тұрақты екенін айтты.

Науқас бізге миының шайқалуы, мұрын сүйектерінің сынуы диагнозымен түсті. Қазір нейрохирургия бөлімінде талапқа сай емін қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты, дәрігерлер бақылауында, — деді денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер жалғызбасты ананың арызы Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) тіркелгенін хабарлады.

Тиісті тексеру жүргізіліп, күдікті азамат полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, —деп атап өтті ведомстводағылар.

Жәбірленуші өзін ұрып-соққан жігітті кешірмеймін деп отыр. Оқиғаны көріп тұрып араша түспеген оның анасына, бір емес екі рет арыз жаздырып алып, ешқандай хабар бермеген полицейлерге де өкпелі.

Не үшін кешіруім керек? Полицияға да ашулымын. Тергеуші менің көзімше жігіттің анасына хабарласып, "жағдайы ауыр, келіңіздер" деді. Ол бармайтынын, ұлы қашып кеткенін айтты. Сонда полиция бұл жерде шарасыздық танытты. Мен ешкімді кешірмеймін. Сонда қалталылар тайраңдап жүре бермек пе? Қарапайым халық зардап шегіп жүре береміз бе? Әділеттілік қайда? Соңына дейін барамын" деп сөзін түйді жәбірленуші.

Фото: exk.kz