Жаңалықтар

Түркістан – Ұлттық рухани жаңғырудың бірінші қадамы

Түркістан өңірінің «Ұлттық рухани жаңғыруы» өңірдің туристік аймаққа айналуымен тікелей байланыстыруға болады, деп Newsroom порталының тілшісі жазады.

Қазақстан тарихының алуантүрлігінің орталығы және тарихи маңызы бар орталықтарды сақтаған өңірінің тарихын айтуға бір мақала өзі жетпейді. Ал өңірдің туристік аймаққа айналуы арқылы қазақстандықтарға Қазақстан тарихын өз көзімен көріп, аздаған уақыт ішінде рухани күшпен иемденуге мүмкінік туды. Ұлттық рухани жаңғыру мақсаты - Ұлттық-мәдени бірегейлікті сақтау және мәдени өнімдерді ынталандыру, олардың сапасы мен әр алуандығын арттыру арқылы әрбір қазақстандықтың көркемдік-шығармашылық әлеуетін іске асыру, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады. Ендігіде Түркістан тарихымен «Түркістан қаласының әлеуметтік-саяси тарихы» зерттеу жұмысы арқылы танысайық: Тарихи тағдырдың жазмышымен ортағасырлық Қазақстан қалаларының көпшілігі біздің заманға дейін жеткен жоқ. Олардың арасында кейбір қалалар кезеңіне қарай басқыншылар тарапынан талқандалып, енді біреулері сауда жолдарының алшақтығы мен ауа райының өзгеріп тұруына байланысты бос қалып отырды. Көптеген қалалардың тіршілігі тоқтап, олардың атаулары тарихи аренадан өшіп қалды. Дегенмен көптеген жазба деректерінде бірқатар қалалардың атаулары сақталған. Осыған байланысты оларды көне деректермен салыстыру, мекендерін анықтау тарихшы мамандардың міндеті болып табылады. Ғасырлар бойында ғұмыр кешкен арғы ата-бабалар, тұтас халықтар, кейінгі ұрпақтарына бүкіл адамзат игілігіне айналар төлтума мәдениетін мұра етіп қалдырған. Далалық өлкені Батыспен байланыстырған, Ұлы керуен жолында кент, бекіністер қамалдар, мазар-кесенелер мен тұтас қалалар кешені бой түзеді. Соның бірі қасиетті – Түркістан қаласы. Бұл қала тарих тауқыметін бастан кешіріп, гүлдену және құлдырау кезеңдерінен өтіп, бүгінге дейін аман жеткен. Ол Тұран аймағы деп аңыз болып қалған, «тарихи түркілер елі» деп те аталып, Қазақ хандығының тұңғыш астанасы болған. Орта ғасырлық сәулет өнерінің де алып асылы – Қожа Ахмет Иассауидің кесенесінде, қазақтың билеушілері мен бір топ саяси және діни, рухани тұлғаларының денесі жерленген. Сондықтан, мәселені тақырыптық жағынан кеңірек зерттеу үшін Түркістан қаласының тарихына тереңдеп үңілу қажет. Бүгінгі таңда тарихи принцип негізінде Қазақстандағы Алаш қозғалысы мен Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалысты тарихпен сабақтастырып, зерттеу абзал. Себебі Түркістан өлкесіндегі болып өткен ұлт-азаттық қозғалыстар саяси ала-құлалығымен және әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленеді. Түркістан қозғалысын өлкедегі азаттық, тәуелсіздік жолындағы күреске ұлттық, мұсылмандық, түркілік бірлік идеясы негізінде топтасқан саяси күштердің ұйымдасқан белсенді әрекеті деп бағалаған жөн. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан кейін, яғни Жоңғар хандығы құлаған соң өңірдегі геосаяси ахуалда өзгеріске ұшырады. Ендігі жерде Түркістан қаласы үшін ортаазиялық хандықтар арасында күрес жүрді. Осының нәтижесінде Түркістан қаласы алдымен Ташкентке, сонан соң Қоқан хандығына қарған. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары Түркістан қаласын патшалық Ресей жаулап алды. Осыған байланысты Түркістан Ресей империясының құрамында дамыды. ХХ ғасырдың басында ұлт-азаттық қозғалыста қалыптасқан түркі халықтарының бірлігі идеясы жаңа ғасырда жаңа міндеттерді алға тартып отыр. Ал, тәуелсіздік жағдайында өткен күннің тарихи сабақтарын зерделеу, бүгінгі күннің нақты іс-әрекеттерін байыта түсері сөзсіз. Жалпы айтқанда, осындай тарихи кезеңдердегі бүгінгі рухани астанамыздың тарихын зерттеуді отандық тарих ғылымындағы өзекті мәселелер қатарына жатқызуға болады. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстандық тарихнамада, қалалар тарихына арналған алғашқы арнайы еңбектер анықтамалар түрінде ғана жарық көрді. Қазақстан қалаларының пайда болуы мен даму тарихына көңіл бөлу республикамызда 1950 жылдары басталып революцияға дейінгі және кеңес кезеңіндегі жеке қалалар тарихына байланысты зерттеулер жарық көре бастады. Сонымен қатар, Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы тарихына арналған бірнеше кітаптар, ғылыми мақалалар жарық көрді [1]. ХІХ ғасырдың бірінші жартысы Ресей үшін Түркістанды зерттеу, танудың жаңа кезеңі болды. Осы уақытта Қазақстан Ресейдің маңызды сауда-экономикалық аймағына айналды. Ресейдің алдында осы аймақты, кезең-кезеңмен, шаруашылық үшін игеру мәселесі тұрды, бірақ бұған Хиуа және Қоқан хандығының басқа да қазақ жеріне көз алартушылардың экспансионистік саясаты кедергі болды. Бұл Ресей тарапынан Түркістан өлкесінің жер аумағын, халық саны мен елді мекендерді анықтап, зерттеуді тереңдете түсуді қажет етті. Осы кезеңде, қазақ жерінің физикалық-географиялық, тарихи-этнографиялық жағынан зерттелуінің үдей түсуі тосын жай емес еді. Басқа салаларға қарағанда қазақ жерінің шаруашылығы, қоғамдық-саяси өмірі жүзге бөлінісі, құқықтық басқару жүйесі, жер бедері, су, керуен жолдары мен халықтық мұралары терең зерттелді. Түркістанның өткен тарихына алғашқылардың бірі болып ден қойған, Орынбор өлкесін зерттеуші П.И. Рычков болды. Ол өзінің еңбегінде аудармашы Оразалының айтқан аңызын келтіреді: «Бұл қаланы парсылардың төртінші патшасы Жамшид-шах салдырған…, ол өз әскерімен ұлы Татарияға келді, қажеттілік негізінде, әскерді орналастыру үшін үш қаланы салуды бұйырды. Оның біріншісі Түркістан, келесілері Утрар, үшіншісі Сауран…» П.И. Рычков Түркістанның бұрынғы Иассының орнында екендігін дәлелдеуге тырысты [2]. ХІХ ғ. 60-жылдарының ортасынан бастап Түркістан қорымдарын зерттеуге деген ынта үдей түсті, оның басты себебі Қожа Ахмет Иассауидің ханакасы болды. 1865–1866 жж. Түркістанға келген Уфалық сот қызметкері М. Бекчуриннің «Әзірет сұлтан мешіті» жайында қалдырған мәліметтері аса құнды деректер береді. Бұл еңбекте алғашқылардың бірі ретінде Қожа Ахмет Иассауи кешенінде жерленгендердің жатқан орнын көрсетіледі. Ал, 1866 жылы Сауран, Ясы (Түркістан), Қарнак, Сайрам (Испиджаб) қалаларының үйінді орнын географ А.К. Гейнс қарап шыққан болатын [3]. Келесі бір құнды зерттеу еңбек деп, П.И. Лерхтің еңбегін атап өтуіміз керек. Ол Түркістан қаласының қазіргі орнында бұрын Ясы қаласы болғандығын, археологиялық материалдар арқылы дәлелдеді. Сонымен қатар, Лерхтің еңбегінде ХІV–ХVІ ғғ. Сырдария бойындағы қалалар жайындағы жазба деректер мәліметі де келтіріледі, Қожа Ахмет ханакасы ішіндегі құлпытастар жайлы баяндалады. ХІХ ғ. 90-шы жылдарынан бастап Түркістанның өткен тарихын зерттеуді, Түркістан археология әуесқойларының үйірмесі мүшелері П.Н. Ахмеров, А.А. Диваев, Н.С. Лыкошин, С.Г. Маллицкий [4] және басқалар жүргізе бастайды. Түркістан тарихын зерттеулер ішінде шығыстанушы В.В. Бартольд пен А.И. Добросмысловтың еңбектерін атаған жөн. В.В. Бартольд Ясы-Түркістан-Шавгар қалаларының бір екендігін айтты. Ал, А.И. Добросмысловтың еңбегі, Түркістан қаласының тарихы жөніндегі алғашқы монографиялық зерттеу болып табылады [5]. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Түркістан қаласының тарихы негізінен Қожа Ахмет Иассауи кесенесін қалпына келтіру мен қорғауға байланысты зерттелді. Ол негізінен А.А. Семенов, Т.В. Савельева еңбектерінде көрсетілген [6]. Алғашқы археологиялық зерттеулер 1928 жылдың жазында М.Е. Масонның бастауымен цитаделде жүргізілді. Нәтижесінде М.Е. Массон қазіргі Түркістан қаласының орнында Ақсақ Темір дәуіріне дейін-ақ ХІІ–ХІІІ ғғ. үлкен қала болғандығын айқындады [7]. Ұлы Отан соғысы нәтижесінде тоқтап қалған зерттеулер 1947–1951 жылдары Н.А. Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмысымен қайта жанданды [8]. Ол Түркістаннан 8 шақырым қашықтықта орналасқан Шойтөбе қалашығының Шауғар-Ясы болу мүмкін екендігін айтқан болатын. Осы экспедицияның материалдарын жинақтап, монографиялық еңбекті жариялағандар Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич еді. Археологиялық мәліметтерге сүйене отырып, олар қазіргі Түркістан қаласы аумағының Оңтүстік Қазақстанның ежелгі егіншілік-отырықшылық аймағы болғандығын дәлелдеді. 1958 жылдары Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің айналасында Н.Б. Немцова қазба жұмысын жүргізді. Нәтижесінде қазақ хандарының мазарларының орны табылды [9]. Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1972 жылғы арнайы қабылдаған шешімінде, Түркістан қаласын ғылыми-зерттеу мен қалпына келтіру жұмыстарын жақсарту мәселесі көтерілді. Бұл үшін кешенді бағдарлама қабылданып, археологиялық жұмыстар, қаланың сәулеттік тарихын, салыну құрылысы, технологиясы және басқа да бағыттар бойынша зерттеу жүргізу жоспарланды.1972–1974 жылдары Түркістан қаласында ҚазССР ҒА-ның Тарих, археология және этнография институты ҚазССР Мәдениет министрлігімен бірлесе отырып кең көлемдегі археологиялық зерттеу жұмыстарын бастады. Алынған мәліметтерді жинақтаған және оны ғылыми талдауға алған отряд бастығы Т.Н. Сенигованың бірнеше еңбегі жарық көрді. Түркістан қаласында табылған монеталар – қаланың ақша айналымы мен әр түрлі кезеңдегі, әр елмен экономикалық байланысын көрсететін зерттеулерде Р.З. Бурнашеваның да еңбегі зор. Л.Б. Ерзакович, Б. Нурмуханбетов, А. Ордабаев, А.Н. Марьяшев, Ю.А. Мотов еңбектерінде Түркістан тарихи археологиялық жағынан зерттелген еді [10]. Кесенеден 300 метр оңтүстік-шығысқа таман орналасқан Күлтөбе төбешігінде Е.А. Смағұловтың жүргізген қазба жұмысы нәтижесінде бұл төбешіктің – б.д. 1 мың жылдығында болған Иассы мекені кейінгі Түркістанның көне орыны екендігі анықталған. Кейінгі қазба жұмыстарын Б.Х. Адильгереев, А.О. Итенов жүргізіп Түркістан қаласы тарихы мен Қожа Ахмет Иассауи кесенесі жайындағы мәліметтердің баюына өз үлестерін қосты [11]. 1985–1986 жылдардағы Түркістан отрядының бастығы Б.Х. Адильгереев болса, 1987 жылдан бастап оны А.О. Итенов алмастырды. Бұрынғы Иассыдан да тарихы әріден басталатын Шауғар қаласының тарихын зерттеу барысында, Түркістан қаласынан 8 шақырым жерде орналасқан Шойтөбе қалашығында археологиялық қазба жұмыстары ұйымдастырылған болатын.1992 жылдары Шойтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмысын отряд бастығы Ә.Қ. Шашаев басқарды. Жинақталған материалдар негізінде оның көне Шауғар қаласының орны екендігі атап көрсетілді. К.М. Байпақовтың ортағасырлық қалалар жайындағы еңбектерінде Түркістан, Иассы, Шауғар қалаларының тарихы археологиялық мәліметтер арқылы жан-жақты қарастырылған. Біз үшін құнды еңбектердің бірі, Сәйден Жолдасбайұлының монографиялық зерттеуі болды [12]. Бұл еңбекте Шауғар қаласы, Иассы мен Түркістан қалалары тарихына қатысты мәліметтер берілген. Ортағасырлық Түркістан тарихын тыңғылықты зерттеуге алған Е. Смағұлов пен М. Тұяқбаевтың аттарын ерекше атауға тиіспіз. Бұл еңбектерде Түркістан тарихы өте ерте басталғандығы деректер негізінде сараптала отырып, ондағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесі жазуларын оқу нәтижесінде тың деректері табылған. Бұл саладағы ірі еңбектердің бірі ретінде Б.Т. Тұяқбаеваның көп жылдық еңбегі қажетті дерек көзіне айналып отыр [13]. Эпиграфикалық мәліметтердің құндылығын аша отырып, оларды Түркістан қаласы қорымдарында жерленген адамдардың ата-тегін анықтауға пайдалануға, қала тарихындағы рөлін сараптауға қажет мәлімет көзі ретінде қарауды арабтанушы-ғалым Әбсаттар Дербісәлі ұсынған болатын. Осы мәселеге қатысты Түркістанда жерленген қазақ хандары жайындағы мәліметтер И.В. Ерофееваның зертеуінде келтірілген [14]. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарының зерттеушілері Ресей империясының Қазақстанды жаулап алғанын, олардың отарлық саясатын және оның кері зардаптарын атап көрсетеді. Алайда, бұл мәселелер жеткілікті дәрежеде терең зерттелмеген. Бұл көзқарастарды қалыптастыруға негізінен, сол жылдардағы орын алған таптық қағидалар әсер етті. Сол кезде жарық көрген патша өкіметінің отарлық саясатына және оның жергілікті әкімшілік орындарының қызметіне байланысты жазылған еңбектерге тоқталар болсақ, олар Г. Сафаров, П.Г. Галузо, А. Сұлтан-Заде, С. Асфендияровтардың [15] зерттеулері болды. Бұлардың ғылыми еңбектерінде өлкедегі отарлаудың көлеңкелі тұстары, орыс езгісінің пәрменділігі, әскери-әкімшілік орындардың құрылымы мен қызметіне шолу жасап, әрекеттерін ащы шындықпен көрсетеді. Солардың бірі Г. Сафаров өз еңбегіңде өлкедегі отарлау алғашқы кезде әскери басқыншылық түрінде болып, содан кейін барып Ресейден дайын күйінде әкімшілік – полицейлік құралдың әкелініп танылғаны туралы қорытынды жасайды. Мұндай қорытындыны П.Г. Галузо да жасайды. Ол Ресей мен Қазақстан серіктестігінің тең құқылы еместігін атап көрсетіп, империяның өзге өлкелерді «қосып алуға» өте мүдделі екенін атап өтеді. П.Г. Галузо отарлық билікті «түзімдіктерді билейтін аппараты» және «орыстың әскери – шенеуіктік аппарат» деп екіге бөліп қарастырып, отаршыл империя теоретиктерінің агрессияға бейбіт тон жамылдырып, өркениетті сипат беруге неліктен тырысқанын түсіндіріп, отарлық саясат шет аймақтарға зор қасірет алып келді деген пікірге тоқтайды. «Отар Түркістан» деген деген кітабында ол былай деп жазады: «Патшалық Ресей әскерлерінің қазақ даласына қарай ендеп кіруі ХVІІІ ғасырдың І жартысында-ақ басталған болатын. Орыс әскерлері елге ентелей әрі толассыз дерлік сұғына түсті, алайда былайша айтқанда, біраз жалтақтай отырып жылжыды». Өйткені, Орта Азия шекарасындағы орыстардың агрессиялық саясаты жөнінде келтірілген алысты көздейтін агрессиялық жоспарларын қарастыра отырып, Ресей Орта Азияға аяқ басқанда, өзінің халықаралық ортада өз беделінен айрылып қалудан қатты қорықты. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы зертеушілер еңбектерінде Оңтүстік Қазақстанның Ресей империясының отарлық билік кезеңіндегі тарихының түрлі кезеңдеріне талдау жасаған. Р. Бекназаров, М.Х. Асылбековтың [16], зерттеу еңбектерінде өлкені отарлау процесіне және ХХ ғасыр басындағы Орынбор-Ташкент темір жолшыларының революциялық қозғалыстарға қатынасуына тоқталған. Қазіргі кезде демократиялық жаңарулар мен жариялылық жағдайында ұлт-азаттық қозғалысы тақырыбын мүлдем жаңа қырынан зерттеу қолға алына бастады. КСРО құрамында болған одақтас республикалардың тәуелсіздік алуына байланысты ұлт-азаттық қозғалыстың аясында ұлттық-мемлекеттік құрылымдардың тарихи тәжірибесін зерттеу, кезек күттірмейтін зәру мәселелер ретінде күн тәртібіне қойылды. Осы кезеңде қазақстандық ғалымдар ұлт-азаттық Алаш қозғалысының, ұлттық-мемлекеттік құрылым ретінде Алашорда үкіметі және ғасыр басындағы ұлт зиялыларының тәуелсіздік жолындағы қоғамдық-саяси қызметін талдап көрсететін іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көптеген еңбектер жарияланды [17]. Алаш қозғалысы туралы байсалды пікір, орнықты тұжырым жасаған Ұлттық ғылым Академиясының академигі К. Нұрпейіс Түркістан автономиясы үкіметі мен Алаш қозғалысының қызметін тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық тарих ғылымында жаңашыл көзқарас орнықтырған профессор М. Қойгелдиев ұлт-азаттық қозғалыстың дамуын уақыт және кеңістік шеңберінде саралайды. Сөйтіп, «қазақ жерінде патшалық империя мен орыстық зорлыққа қарсы шын мәніндегі мақсатты, ұлттың әлеуметтік күштерін қамтыған саяси қозғалыс 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде басталды. Осы жылдың ортасында Алаш партиясының, соңына қарай Түркістан автономиясының (Қоқанда), ал оның артын ала Алашорда үкіметінің (Орынборда) құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болатын» дейді. Ол кеңестік тарихнамада Түркістан автономиясының тарихи маңызы төмендете көрсетіліп келгендігін айта келіп, «шын мәнінде, Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясы мен Түркістан Уақытша үкіметі өлке үшін ең негізгі мәселе – жергілікті халықтардың өзін-өзі басқару құқығын мойындауда ескі империялық түсінік шеңберінде қалып қойған Ташкенттегі жаңа билікке балама есебінде өмірге келген жалпы өлкелік саяси құрылымдар еді». Өзбекстандық тарихшылар Х.Д. Садықов Түркістанда ұлт-азаттық қозғалысты өрістетудегі жәдитшілердің рөлін жаңа көзқараспен байыптаса, А.М. Худайкулов ұлттық демократтардың ағартушылық қызметтеріне жан-жақты сипаттама береді. Ал, Д. Ташкуловтың еңбегінде Түркістандық жәдитшілердің саяси-құқықтық бағдарламасының негізгі бағыттары ашып көрсетіледі. Б.А. Кощанов пен С.А. Прилуцкийлердің [18] еңбектерінде тақырып жан-жақты қарастырылды. Қазақстан қалаларының тарихын зерттеу еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, жандана түсті. Осы тақырып бойынша диссертациялар жазылып, монографиялар жарық көре бастады. Қалалар тарихын зерттеуде қомақты үлес қосқан ғалымдардың ішінде Ж.Қ. Қасымбаевтың, Қ. Әбуовтың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Түркістан қаласы мен ондағы тарихи-мемориалдық Қожа Ахмет Иассауи кешені тарихына қатысты У.Х. Шалекеновтың жекелеген зерттеулері бар [19]. Соңғы жылдары біздің тақырыбымыздың кейбір мәселелеріне қатысты қалам тартып жүрген зерттеушілердің еңбектері мен мақалаларының құндылығы жоғары. Олардың қатарына С.Ф. Мажитов [20], А.Ш. Махаева [21], С. Сайфумаликова, Х.М. Тұрсын, Р.Е. Оразов жатады. Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыстың тарихын зерттеуші Х.М. Тұрсын ХХ ғасыр басындағы өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыс қарқынды даму жолынан өтті, отарлыққа қарсы күрестің ұлттық негіздері бірінші орыс революциясы, жастүріктер, жаспарсылар қозғалысы сияқты аймақтық қоғамдық-саяси сілкіністердің ықпалымен біртұтас шеп құрған ұлт-азаттық қозғалысына айналды, ал 1917 жылдың ақпан төңкерісінен соң өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыс ұйымдасқан сипат алды деген қортынды жасайды. ХVІІІ–ХІХ ғғ. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар мәселесінің теориясы мен тарихнамасының өзекті мәселелерін зерттеуші С.Ф. Мажитов Ресей империясының қазақ даласын отарлаудағы әдіс айлаларын жан жақты талдаған. Зерттеуші А.Ш. Махаева Оңтүстік Қазақстан қалаларын орыс отарлаушыларынан қорғауда қазақ-қырғыздар қоқандықтармен бірге түркі-мұсылман әскерін құрып, ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарында орыс әскеріне қарсы табанды күрес жүргізді деп жазады. С. Сайфумаликова Түркістан уезінің құрылу, оның территориялық аумағын және сол кездегі ұлттық құрамын мұрағат мәліметтері арқылы көрсетеді. Р.Е. Оразов зерттеу мақаласында Сыздық сұлтанның Түркістан қаласын қорғаудағы ерлігін жан-жақты деректер арқылы аша түскен. Жалпы, қалалар тарихын зерттеу – қоғамдық-экономикалық дамудың ерекшеліктерін айқындауға, сол қоғамда өмір сүріп отырған әлеуметтік топтар мен таптардың пайда болуы, қоғамдық инфрақұрылымға шаруашылық өмір мен мәдени жетістіктерге ықпал етеді. Мәселенің зерттелу деңгейінің негізгі өзегі ретінде – Түркістан қаласының географиялық-экономикалық сипаттамасы, қала ретінде қалыптасуы, өлкедегі отарлық-әкімшілік орталықтан – экономикалық, әкімшілік және мәдени орталыққа айналуы, әлеуметтік құрылымындағы өзгерістердің барысы зерттеледі. Жеке еңбектермен қатар мақалалар жинағы, конференциялар материалдары да диссертацияға қажетті мол мағлұматтар қамтылды. Біз негізінен тақырыбымызға қажетті деген зерттеулерге ғана тоқталдық. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Адамзат дамуында маңызды орын алатын қалалар жүйесінің тарихын зерттеу ісінің құрамдас бағыты ретінде, Түркістан қаласының ерте ортағасырдан басталатын тарихын тың дерек көздері негізінде, араб-парсы және европалық саяхатшы-тарихшы, географтардың мәліметтерін сараптау арқылы, сондай-ақ ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Түркістан өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың дамуын, уақыт және кеңістік шеңберінде, патшалық империя мен орыстық зорлыққа қарсы шын мәніндегі мақсатты, ұлттың әлеуметтік күштерін қамтыған саяси қозғалысын зерттеуді жаңа көзқарастар тұрғысынан қарастыра отырып, әлемдік тарихтағы алар орнын айқындау еңбегіміздің басты мақсаты болып табылады. Осыған орай зерттеу жұмысының алдына мынадай нақтылы міндеттер қойылады: – Түркістан қаласының ХVІІІ ғасырға дейінгі тарихына шолу жасай отырып, оның қазақ халқының қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі орнына ғылыми баға беру; – Түркістан қаласының Ташкент иелігі және Қоқан хандығы құрамындағы жағдайын саралау; – ХІХ ғасырдың 60-жылдары патшалық Ресейдің өңірді жаулау барысында Түркістан қаласын қорғаушылардың күресін шынайы тұрғыда ашып көрсету; – патшалық Ресейдің империялық саясаты кезіндегі Түркістан қаласы мен оның инфрақұрылымындағы өзгерістерді тың деректер мәліметтері арқылы анықтау; – ұлт-азаттық қозғалыстың мәселелерін, отаршылдық басқару жүйесінің қалыптасу кезеңінің тарихи мәнін ашу. Түркістан қаласының қазақ тарихындағы ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы рухани орталық ретіндегі орнын айқындау мақаламыздың негізгі нысаны болып табылады және ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басын қамтиды. Түркістанның қала болып қалыптасуы саяси-әкімшілік ретіндегі ХV–ХVІІ ғғ. аралығындағы рөліне тарихи шолу жасалады. Негізгі мәселе бойынша ХVІІІ ғ. аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қоқан, Бұхара, Хиуа хандықтары мен Ресейдің патшалық отарлығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі, Түркістанның рухани орталық ретіндегі рөлін қамтиды. Мақаламыздың методологиялық негізі мен әдістері: Түркістан қаласының көпғасырлық тарихын зерттеуде тарихи үрдістердің диалектика-лық даму заңдылықтарын басшылыққа ала отырып, тарихи құбылыстарды обьективтік, тарихилық ұстанымдар тұрғысынан қарастырдық. Ғылыми зерт-теу жұмыстарының жүйелілік, салыстырмалылық, талдау, жинақтау әдістерін қолдандық. Мақаланы жазу барысында отандық тарих ғылымындағы соңғы жылдарда шыққан танымал тарихшы-ғалымдардың – М.Қ. Қозыбаев, С.Ф. Мажитов, К.М. Байпақов, У.Х. Шәлекенов, К. Нұрпейіс, М.Х. Асылбеков, С. Жолдасбаев, М.Қ. Қойгелдиев, Ж. Қасымбаев, Т. Омарбеков, К.А. Пищулина, Ж.Б. Әбілғожин және т.б. еңбектеріндегі ел мен жер тарихын шындыққа сай қайта жазуға бағытталған, жаңа пікірлер мен көзқарас ұстанымдарын басшылыққа алдық, басты назарда ұстадық. Жұмыстың методологиялық негізін анықтауда жоғарыда аталған еңбектердегі теориялық ой-тұжырымдарға сүйендік. Диссертацияның ғылыми жаңалығы – тақырыптың ашудың жаңа мақсаттары мен жалпы адамзаттық құндылықтарға бағыт ұстаған тың зерттеу тәсілдері негізінде жазылған еңбек тарихи процестерге баға берудегі жаңашылдығымен, теориялық, танымдық, ой-тұжырымдарының сонылығымен ерекшеленеді. Зерттеу жұмысының негізіне ежелгі кезден бастап, орта ғасырлардың өн бойымен Ресей отаршылығы кезеңіндегі Түркістан қаласы мен оған байланысты тарихи-мемориалдық кешендер мен қорымдар, эпиграфиялық деректер көзі алынып, оларға талдау жасалынды. Кейбір мұрағаттық мәліметтер алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Жұмысының нақтылы ғылыми жаңалықтары төмендегідей: – Ерте ортағасырлық Түркістан қаласының шығу тарихы ежелгі кезеңнен бастау алып, қалалық деңгейге көтерілгендігін анықтау үшін, араб-парсы саяхатшы-географтарының еңбектеріне жан-жақты жасауға талпындық. – Түркістанның күллі Шығыстағы тарихи рөліне, Орта Азия бойынша рухани-мәдени орталық ретінде ерекше орын алатынына баса назар аударылды; – Түркістанға тек діни көзқараста емес, оған рухани орталық ретіндегі түбегейлі тұжырымды қалыптастыру жөнінде құнды деректер келтірілді; – жазба деректер археологиялық қазба жұмысы нәтижесінде алынған мәліметтерімен салыстырыла отырып, мәселенің тарихи шындығына көз жеткізу жұмысы; – қазақ хандығының қалыптасуы кезеңіндегі Түркістан қаласының саяси және рухани астанаға айналу үрдісі, үздіксіз даму динамикасы негізінде терең зерттелді; – қазақ жерінің отарлық кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы нақты деректер негізінде Түркістан қаласының кейінгі жағдайымен тығыз байланысты баяндалып, халық санасынан Түркістанның саяси және рухани орталық ретіндегі орнын өшіру бағыты үстем болғандығы анықталды; – Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалысты органикалық бірлікте қарастыруы, ол тұтастық қозғалыстың көпұлттық емес, моноұлттық сипатын негіздеу арқылы тарихи құбылысты тар ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыру тенденциясы орын алды. Өлкедегі қазақ, қырғыз, түрікмен халықтарының Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына тартылуы туралы сюжеттері қарастырылды, осы халықтардың тақырыпқа қатысты бұрынғы-соңғы дереккөздерінің, зерттеу жетістіктері пайдаланылды; – Түркістан автономиясы бірыңғай жәдитшілік қозғалыстың қол жеткізген түпкі нәтижесі ретінде түркістандық, аумақтық бірегей құбылыс ретінде дараланды. Зерттеудің қорғауға ұсынылатын тұжырымдары. ХVIII ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы Түркістан қаласының саяси - әлеуметтік тарихы жөнінде мынадай тұжырымдар жасалды. - Түркістан қаласының тарихына қатысты ғылыми еңбектер тарихнамалық тұрғыдан зерделеніп, оларға талдау көрсетілді; – Түркістанның күллі Шығыстағы тарихи рөліне, Орта Азия бойынша рухани-мәдени орталық ретінде ерекше орын алатындығы айқындалды; – қазақ хандығының қалыптасуы кезеңіндегі Түркістан қаласының саяси және рухани астанаға айналу үрдісі, үздіксіз даму динамикасы негізінде нақтыланды; – Ресей империясының отарлау кезеңіндегі Түркістан қаласының саяси орны мен рөлі анықталды; – Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыстың ерекшеліктері мен бағыттары сараланды; – Түркістан Республикасының құрамындағы тарихы өзара байланыстыра дәлелденді. Жұмысының қолданбалық маңызы - Түркістан қаласының тарихы бойынша кеңінен пайдаланылған мұрағаттық және құжаттық деректер, статистикалық көрсеткіштер мен тарихи шығармалар мәліметтері негізінде жасалған кейбір теориялық тұжырымдар мен нәтижелер өлке тарихының аталған кезеңін оқып үйрену барысында жоғары оқу орындары студенттері үшін дәрістік және арнаулы семинар сағаттары кездерінде пайдалануға болады. Өлке тану мәселелерін қарастырғанда, қала тарихымен, кесене, қорымдар мен эпиграфиялық мәліметтерді ізденуші, аспирант немесе ғылыми қызметкерлердің пайдалануына, қолдануына мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының дерек көзі ретінде мұрағаттық құжаттар, әр түрлі деректік жинақтар мен баспасөз материалдарының жарияланған нұсқалары, ғылыми еңбектердің мәліметтері кеңінен қамтылды. Осындай дерек көздеріне ерте ортағасырдағы Шауғар қаласына қатысты араб географ-саяхатшылары мен тарихшыларының шығармаларына сүйендік. Мысалы, Ал-Истахридің «Китаб-массолик ал-мамолик» (Книга путей государств), Ал-Макдисидің «Асхан ат-такасим фи-марифат ал-акалим» (Лучшее разделение для познания климатов), Ибн Хордадбектің «Китаб ал-масалик ва-л-мамалик» (Книга путей и государств), Ал-Якубидің «Китаб ал-булдан» (Книга стран) мәліметтері ерте ортағасырлық Шауғар қаласының орны жайындағы дерек ретінде пайдаландық. Фазаллах ибн Рузбихан Исфихани еңбегі де, аса қажетті мәліметтер береді. Келесі бір дерек ретінде монғол шапқыншылығынан кейінгі қалалар тарихы Плано Карпини мен Гильом де Рубруктің «Шығыс елдеріне саяхатында» баяндалған. Захир ад-дин Мухамед Бабырдың, Махмұд Қашқаридің, Құрбанғали Халидтің шығармаларынан біршама мәліметтер алынды. Жеке еңбектермен қатар, жинақтар мәліметі де кеңінен қолданысқа түсті. Олар отандық және шет елдік шығыстанушылар В.Г. Тизенгаузен, А. Ромаскевич, С. Волин, В.В. Беляев, Х.А. Гибб және тағы басқалардың орыс тіліне аударылған жинақтарындағы деректерге сүйендік. Кейінгі Түркістан қаласының Ресей отары кезіндегі тарихына қатысты мәліметтер Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің хаттамаларында молынан кездеседі. Негізгі деректердің дені Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатының қорларынан алынды. Бұл мұрағаттың «Сырдария шебінің басқармасы» (№ 382-қор), «Түркістан қаласының коменданты» (№ 118-қор), «Түркістан бөлімшелік приставтының басқармасы» (№ 145-қор), «Ішкі істер Министрлігінің Түркістан уезі» (№ 119-қор) қорларында сақтаулы деректік құжаттардан Түркістан өлкесіне Ресей билігінің орнауы, оның әскери-әкімшілік құрылымдарының қалыптасуы мен штаттағы қызметкерлерінің сандық және сапалық құрамынан, отарлаушы биліктің саяси, шаруашылық пен переселендердің Түркістан аймағына орналасуына қатысты және басқа да мазмұндағы қызметінен көптеген мәліметтер алуға болады. Тақырып бойынша деректік құжаттардың құндылығы жағынан Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатының қорлары ерекше. Бұл мұрағаттағы «Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесі» (№ 1-қор), «Сырдария облыстық басқармасы» (№ 17-қор), «Түркістан өлкесіндегі оқу орындарының басқармасы» (№ 47 қор), «Түркістан өлкесіндегі оқу орындарының бас инспекторы» (№ 48-қор), «Түркістан сақшылар бөлімі» (№ 461-қор) қорларындағы деректік құжаттардан патшалық биліктің Түркістан жеріндегі әскери-әкімшілік басқару орындарының қызметі туралы маңызды мәліметтер табылды. Мәселен № 461 қордан ХХ ғасыр басында өлкедегі патша өкіметінің жүргізген саясатына қарсы шыққан тарихи жеке тұлғаларға қатысты және ұлт азаттық күресті ұйымдастырушыларға байланысты жандарымдық мекемеге жеткізілген материалдар, № 47 қоры саралағанымызда Түркістан қаласындағы мұсылмандық оқу орындарына ондағы қазақ балаларының санына қатысты көптеген құнды мәліметтер жинадық. Сонымен қатар көптеген мәліметтерді В.И. Межовтың топтамасы және «Туркестанский сборник» мерзімді басылым беттерінен кездестіреміз. «Военный сборник», «Вестник Европы», «Русский Туркестан», «Туркестанские ведомости» сияқты баспасөз басылымдарында Түркістан қаласы мен өлкесі жайлы аса маңызды деректер келтірілген. Сырдария облысының әскери губернаторының жыл сайынғы есебіне қосымша берілген шолу жинақтарындағы деректер диссертацияның ғылыми құндылығын аша түсуге септігін тигізді. Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы және сыннан өтуі. Бұл диссертация жұмысы Отандық тарих ғылымындағы қалалардың орны мен маңызын зерттеуге арналған. Қазақ халқының саяси өмірінде Түркістан қаласының алар орнын шығыстық жазба деректер мен мұрағаттық деректер арқылы ғылыми айналымға енгізе отырып, ХVІІІ–ХХ ғасырлардағы Түркістан қаласының саяси-әлеуметтік тарихын толықтай ашуға талпыныс жасалды. Зерттеу жұмысының нәтижелері қалалар тарихын өткен кезде тарих факультетінің студенттері, аспиранттары мен қалалар тарихына қалам тартқан өлкетанушыларға пайдалануға болады. Диссертация Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің мәжілісінде талқыланып, жұмыстың негізгі тұжырымдары мен қорытындылары сараланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен мазмұны «Тұран» университеті, Халықаралық Мамандықтар институты, Қазақ қыздар педагогикалық институтының профессор оқытушыларының дәстүрлі халықаралық ғылыми теориялық конференцияларында баяндалып, талқыға түсті. Сонымен бірге «Қазақ тарихы», «Қайнар университетінің хабаршысы» журналдарында 4 ғылыми мақалалары жарық көрді. Диссертацияның құрылымы кіріспеден және үш тарау, қорытынды, пайдаланылған деректер тізімінен тұрады. Кіріспеде тақырыптың өзектілігі негізделенеді, басты деректер көзі көрсетіліп, тарихнамалық шолу жасалады. Жұмыстың мақсаты мен міндеттері, территориялық және хронологиялық ауқымы, теориялық және методологиялық негіздері, ғылыми құндылығы мен практикалық маңызы және сыннан өтіп талқылануы, құрылымы берілді. «Түркістан қаласы қоғамдық саяси және мәдени даму ордасы» деп аталатын бірінші бөлімінде Кең байтақ Қазақстан территориясындағы ежелгі дәуірден бергі ірі тарихи-мәдени аудандар, отырықшылықтың сипаттамасын көрсетеді. Демек ортағасырлық қалалардың өмірінен хабар береді. Оңтүстік Қазақстан табиғи орыны географтардың атауы бойынша – «Сырдария жағалауының географиялық провинциясы», солтүстігінде – Орталық Қазақстанның далалық аймақтарымен шектелсе, оңтүстігінде – Талас Алатауымен, шығысында – Жуалы тау жоталарымен, ал батысында – Қызылқұм шөлдерімен жапсарлас. ХІV–ХVІ ғасырлардағы парсы-тәжік, түрік-шағатай тілдеріндегі деректерде Түркістан ұғымы өзінің алғашқы мәніне қарағанда бірқатар өзгеріске ұшырайды. В.В. Бартольд көрсеткен «Түркістан» атауындағы терминологиялық айырмашылық ХV ғасырдан бастап, саяси жағдайға да әсер етеді. Монғол шапқыншылығына дейін Мауераннахр атауы Түркістан ұғымының шеңберінде айтылып келсе, ХVІ ғасырдан бергі кезеңдерде Мауераннахр – тарихи-географиялық және саяси аймақ ретінде Түркістан ұғымынан бөлектенеді. Қала атының өзгеруімен Түркістанды қазақ иеліктерінің құрамына бекіту, оны Сырдария өңірінің басты қаласы дәрежесіне көтерумен, Оңтүстік Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени өмірінің орталығына айналуымен сәйкес келеді. Бірақ, бұл құбылыс ХVІ ғасырдағы Қазақстанның оңтүстігінде қалалар дамуының дағдарысқа ұшырап, құлдырау кезеңінің басталуымен де қатар жүрді. Шайбанилер мен қазақ хандары арасындағы ұзаққа созылған соғыстар, қалай болғанда да өлкедегі қалалар өміріне кері әсерін тигізді. Сырдария қалаларының қолдан қолға жиі-жиі өтуі, тиянақты да қатаң биліктің болмауы, тонаушылық пен азық-түлік салықтарының тұрғын халықтың шаруашылығын күйзелтуі, қалалардың бірқалыпты өмірінің негізін шайқалтып кетті. Сонымен бірге, олардың қолөнері және жер өңдеу шаруашылығы өнімдерімен жасайтын саудасына зиянын тигізіп, Қазақстанның оңтүстігіндегі қала тұрмысын дағдарысқа ұшыратты Қаланың тікелей Түркістан атаулы бекітілуі тек ХVІ ғ. ғана жүзеге асты, бұған дейін Түркістан деп Орта Азияның тарихи облысы аталған болатын. Бұлай деп ирандықтар, Сырдарияның солтүстік жағалауын мекендеген көшпенді түркілер елін атаған. (Түркістан (ел) ир. тіл). Түркілердің жаулап алу жорықтары бұл терминнің шекарасын бүкіл Орта Азия және Шыңжан, Солтүстік Ауғанстанға дейін кеңейтті. Мысалы революцияға