Жаңалықтар

Түркістан өңірінің Ұлттық рухани жаңғыруы

Түркістан өңірінің «Ұлттық рухани жаңғыруы» өңірдің туристік аймаққа айналуымен тікелей байланыстыруға болады, деп Newsroom порталының тілшісі жазады.

Қазақстан тарихының алуантүрлігінің орталығы және тарихи маңызы бар орталықтарды сақтаған өңірінің тарихын айтуға бір мақала өзі жетпейді. Ал өңірдің туристік аймаққа айналуы арқылы қазақстандықтарға Қазақстан тарихын өз көзімен көріп, аздаған уақыт ішінде рухани күшпен иемденуге мүмкінік туды. Ұлттық рухани жаңғыру мақсаты - Ұлттық-мәдени бірегейлікті сақтау және мәдени өнімдерді ынталандыру, олардың сапасы мен әр алуандығын арттыру арқылы әрбір қазақстандықтың көркемдік-шығармашылық әлеуетін іске асыру, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады. Ендігіде Түркістан тарихи ордасының маңызды орталықтарына шолу жасайық: 1 – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды. 1396 жылы Орта Азияның билеушісі Ақсақ Темір Қожа-Ахмет Яссауидің ескі мазарының орнына жаңа кесене салу жайлы бұйрық береді. Орта ғасырларда бой көтерген ең керемет сәулет өнерінің бірі саналатын аталмыш кесенеде Қазақтың 21 ханы жерленген деседі. Кесене салынып жатқан кезде қайта-қайта құлап қала берген екен. Сонда Ұлы Билеушінің түсінде бір ақсақал аян беріп, "Қожа-Ахметтің Арыстан атты ұстазы болған. Сондықтан әуелі Арыстанға, сосын ғана шәкіртіне кесене салыңдар" депті. Бұл түсті көрген Әмір Темір көріпкелдерін шақыртып алып, түсін жорытады. "Арыстанның қабірін қалай табамын?" деп олардан ақыл сұрайды. Көріпкелдері "Жұма намаздан соң Қожа Ахмет Яссауидің қабірінің басына екі құс келіп қонақтайды, сол құс ұшып, ұстазы Арыстанбабтың басына барады, осылайша табасың" деп айтқан екен. Арыстанбабтың сүйегі жерленген жер осылайша табылғанға ұқсайды. Арыстанбабтың жерленген жері жөнінде тағы да бір қызық аңыз бар. Арыстанбаб қайтыс болмай тұрып, тірі кезінде Қожа Ахмет Ясауиге "Менің саған айтар аманатым, жасым келді, қартайдым. Қайтыс болсам жаназамды сен оқисың. Жас та болсаң сен тегін адам емессің. Пайғамбарымыздың (с. ғ. с) аманат жіберген адамысың. Менің жаназамды оқысымен күн батыс жақтан бір ақ түйе келеді. Соған денемді артып, басын бос қоя сал. Түйе қайда барып шөксе, сол жерге сүйегімді жерле" деп айтыпты. Сол аманат бойынша Арыстанбабтың жаназасына жиылған адамдар ақ түйенің соңынан ереді де отырады. Түйе Отырар өңірінің батыс жағына келіп шөгеді де, сол жерге Арыстанбабтың сүйегі қойылады. Арыстанбаб Түркістанда қайтыс болғанымен Отырарда жерленген. Жоғарыдағы әңгімеге қайта оралайық. Әмір Темір Түркістаннан кірпіштерді тасытып, Арыстанбабтың басына үлкен күмбезді кесене салдырыпты. Содан кейін ғана Қожа-Ахметке арнап салынып жатқан кесене құламапты да, әміршінің тірлігі алға басыпты. Қожа Ахмет Ясауи, халық арасында Әзірет (Хазрет) Сұлтан атымен танымал (1093 немесе 1103, Сайрам — 1166, Түркістан) — ортаазиялық философ, ислам уағызшысы, сопылық ақын. Қожа Ахмет Ясауи – 1093 жылы туылған түркістандық ғұлама, әулие. Қожа Ахмет Ясауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Ясауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады. Қожа Ахмет Ясауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. IX ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Ясы, Сауран, Сығанақ Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзкент, тағы да басқа Мауераннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған болса, Х ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік ордалар – медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Ясауи дүниеге келмей тұрып, Исфиджабта исламдық фикһ (құқық) мектебі ханафи мазһабының ондаған өкілдері өмір сүрді. Ясауи ілімі осы саяси-әлеуметтік, тарихи шарттарға байланысты қалыптасты. Қожа Ахмет Ясауи ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Кашифи “Рашахат-ул айн-ил хайат” атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Ясауидың “Диуани хикметінде” де Арыстан баб жиі ауызға алынады. Қожа Ахмет Ясауидың өмірі мен қызметі туралы Жазба деректерде (Хазини, “Жауаһир-ул Абра Мин Амуаж-ил Биһар”) оның Юсуф Хамаданидың шәкірті екендігін көрсететін деректер болғанымен, соңғы зерттеулерде оны теріске шығаратын тұжырымдар айтыла бастады. Қожа Ахмет Ясауидың алғашқы шәкірті – Арыстан бабтың ұлы Мансұр Ата, екінші шәкірті – Сайид Ата Хорезми, үшінші шәкірті – Сүлеймен Бақырғани. Осылардың ішіндегі ең көрнектісі – Бақырғани (Хакім Ата) (Кашифи, “Рашахат-ул айн-ил хайат”). Тағы бір танымал шәкірттерінің бірі Мұхаммед Данышменди сопы Қожа Ахмет Ясауидың “Мират-ул Қулуб” атты мұрасын хатқа түсірді. Сондай-ақ Садр Ата, Бадр Ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шейх Лұқпан Перенде сияқты тұлғалар да Қожа Ахмет Ясауидың шәкірттері саналады. А.Беннигсон Қожа Ахмет Ясауидың Шопан Ата және Зеңгі Баба атты да шәкірттерінің болғандығын айтады. Ясауи шәкірттері жөнінде Фуат Көпрулу: “Мутасаууфтардың (сопылардың) өмірбаяны жайлы еңбектерде Ирак, Хорасан және Мауераннахр сопыларынан басқа түркі шейхтары деп жүрген сопылардың барлығы дерлік Қожа Ахмет Ясауи тариқатының шейхтары еді” дейді. Ахметтің әкесі діндар, құдай жолын ұстаған атақты шайхылардың бірі болған секілді. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Ал, халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи кемелдікке жету үшін адамда ашқ (қуатты махаббат) пен дерт болу керек дейді. “Дертсіз адам адам емес, мұны аңла; Ашқсыз инсан хайуан жынысы, бұны тыңда”. Осы хикмет жолындағы “дертсіз адам” адамдық сезімнен жұрдай, өз ұлтының, қоғамының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан. “Ашқсыз адам” – илаhи фитраттан, яғни Алла тарапынан адамға берілген құдайлық сыйдан мақрұм қалған, өзінің адамдық қадірін бағалай алмайтын, парасаттылыққа ұмтылмайтын, өзін қоршаған әлемге, адамға, табиғатқа, осының бәрін Жаратушы иеге мән бермейтін жан. Дертті адамның Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде “Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май” болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, ашқ отына түсіп, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, көз жасы, қайрат-жігерімен одан шығар жол, дауа іздейді. Шынайы ашққа осы дерт арқылы ұласады. Ал ашқ - кемелдікке жетелейтін күш-қуат көзі. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету (ибадат), ол “Сізді, бізді Хақ жаратты ибадат үшін” – дейді. Бұл ибадат (убудийат) – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Құдайлық ашқты, Аллаға деген махаббатпен тұтастықта көретін Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы Алла жаратқан адам баласын кемсітпей, өзімен тең дәрежеде құрметтеуді парыз деп қарайды. “Сүннет екен кәпір де болса берме азар, Көңілі қатты ділазардан Құдай бизар” деген хикмет адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды пайғамбарлық сүннет (жүйе, заң, қағида) ретінде танытады. Өйткені Қожа Ахмет Ясауи ілімі – дін, мәзһаб аясына сыймайтын шексіз ашқ (махаббат) жолы. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында “дертті адам”, “топырақ адам”, “кемел адам”, сондай-ақ, “ғарип адам” тұлғалары да дәріптеледі. Ғарип адамды кемелдік мәртебесіне жеткізіп, пайғамбардың қоғамдағы өкілі, ізбасары ретінде бағалайды (қ. Сопылық). Қожа Ахмет Ясауи өзін де ғарип ретінде көрсетеді: “Ғариппін ешкімім жоқ, бейшарамын hәм пақыр, Сенен басқа кімім бар, рақым ет Сен (Алла) таң сәріде” – деп рақымды тек Алладан ғана күтеді. Өйткені оны Алладан басқа шын ұғатын, қолдайтын ешкім жоқ. Оны ғарип қылып, жалғыздыққа итермелейтін күш оның дүниеге деген көзқарасы, илаhи ашқ – Хақ жолына деген ұмтылысы мен махаббаты. Ғариптік – адамның өз-өзімен іштей күресіп, санасын сансыратқан мәселелердің шешімін табу жолында рухымен тілдесу, өз әлімен ғана ләззат алу сияқты көңіл-күйді білдіретін психологиялық хал. Сондықтан да Қожа Ахмет Ясауи “Қай жерде ғарип көрсең һем дем болғыл” дейді. Яғни оларға дем бер, қолдау көрсет, қасынан табыл, құрметте дегені еді. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында өмір мен өлім мәселесінің мәні өзгеше. Ғазали “өлімнің ақиқатын түсіну үшін, өмірдің мәніне жету керек, ал рухты білмей тұрып, өмірді тани алмайсың” дейді. Оның ілімінде нәпсі – жамандықтың, рух – жақсылықтың қайнар көзі болып табылады. Жақсылық пен жамандық секілді нәпсі мен рухтың да қатар өмір сүруі мүмкін емес. Рухтың өмір сүруі үшін нәпсінің өлуі шарт. Өйткені өмірдің мәні рухтың тазалығында, яғни көңіл айнасының сафтығында жатыр. Рух тазалығын мақсат тұту “ашқ” мәртебесіне ұласып, Хақ дидарын көру болып табылады. “Муту қабла ан тамуту-топырақ болмақ; Ашқтар өлмес бұрын өледі екен...” “Құл Қожа Ахмет, нәпсіні тептім, нәпсіні тептім, Өлмес бұрын жан берудің дертін шектім, Дидар тілеп тәрк етсем масиуаны; Өлмес бұрын болмысыңды айла фәни...” Бұлар – “өлмес бұрын өлу” философиясына тән хикметтер. Қожа Ахмет Ясауи мұнда масиуаны (Хақтан басқа барлық дүниені) тәрк ету арқылы шынайы өмір мәнін ұғынуға шақырады. Оның көзқарасы бойынша, “шынайы өмір” деп, рухтың нәпсіден арылып, илаhи нұрлармен шайылуын айтады. Бұл ілім негізінде адамдарды “өлілер” және “тірілер” деп қарауға болады. Бұл жердегі “өлі” және “тірі” ұғымы рухқа байланысты. “Өлілер” – дүниеде нәпсінің құлы болып өткендер, олар тірі болса да өлікпен тең. “Тірілер” – нәпсілерін жою арқылы рухтарына “өмір” сыйлағандар, олар өлсе де мәңгілік өмірмен қауышқандар, бақи мәртебесіне жеткендер. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында физикалық өлім жоқ. Ол жай ғана рухтың тәннен айырылып, басқа бір халге ауысуы. Аллаға құлшылықтың ең жоғарғы халі – еркіндік. Рухани өмір ішкі рухқа қатысты болғандықтан,Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі еркіндік мәселесі де адамның “ішкі еркіндігі” шеңберінде қарастырылады. Ішкі еркіндікті ислам ахлағында “моральдық еркіндік” дейді. Яғни, Хаққа толық құл болған адам ғана толық еркін, азат. Демек, Алладан басқа барлық нәрседен тазару шынайы еркіндікке ұласады. Сопы Хақ алдында құл, халық алдында азат, еркін. Рухани өлімнің нәтижесінде нәпсі үстемдік құрып, адамды өзіне құл етеді. Адам өзінің жаратылысын, табиғатын жатсына бастайды. Нәтижесінде рух еркіндіктен айырылады. Қожа Ахмет Ясауи әдісі бойынша, рухты еркіндікке қауыштырудың жолы – зухд Қожа Ахмет Ясауи ілімінде ішкі еркіндікке жетудің дәрежелері мен басқыштары айтылады. Бұлар сопылық дүниетанымдағы “халдер” мен “мақамат” категорияларының рет-ретімен жалғасуы арқылы жүзеге асады. Ішкі еркіндік жайындағы мәліметтің негізі – дін. Ал дін адамзатқа “ішкі құлдықтан” құтылу және “ішкі еркіндікке” жетудің жолын көрсететін Алла тарапынан берілген илаhи жолдағы Қожа Ахмет Ясауи ілімі бойынша, “өлілер” мен “тірілер” ұғымына сәйкес, еркіндік мәселесінде де адамдарды екі топқа бөліп қарауға болады. Бірінші топ – “еркіндікті аңсаушылар”. Бұлар тек қана Хаққа табынып, құлшылық етеді. Екінші топ – “еркіндіктен қорқатындар”. Бұлар – нәпсімансапбайлықатақдүние, адамға, т.б. табынып, құлдық ұрады. Хикметтің басы – Алланы бар және бір деп білу. Қожа Ахмет Ясауи адам баласы осы шындықтан бейхабар қалғанда өзінің негізінен алыстай бастайтындығын айтады. Осы ақиқатты адам баласына ескертіп, тікелей еске салып отыратын таным көзі – Құран деп біледі. Сонымен қатар, Алланы танудың негізгі сыры адамның өзінде екендігін айтады. Адам – микрокосмос болса, рух, бүкіл әлем, болмыс – макрокосмос, Алланың аяттары, яғни белгілері. Адам – рух әлемінде Алламен болған сұхбат-антты бұзбай “Зікір” арқылы үнемі есте сақтаушы. Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі зікір, уажд (экстаз), сама сияқты әдістер Алламен болған сертті ұмытпау үшін қолданылған. Адамның арабша “инсан”, яғни “ұмытшақ” екендігін ескергенде, Құранның бір аты болып табылатын зікір (еске алу) адамдық болмысты толықтырып, кемелдендіріп отыратын әдіс екендігі белгілі. Осы тұста “қалу бәла” серті (“...мен сендердің Жаратушың емес пе едім” деген Тәңірінің сұрағына рухтардың “Иә, әлбетте” деген жауап-серті) мен рух әлеміндегі онтол. және туыстық бірліктің адамзат арасында осы кезге жалғасып, сақталуына деген ұмтылыстың, тілектің жатқандығын байқау қиын емес. Жалпы сопылық дүниетанымға тән бұл теориялы-тұжырымдамалық ұстанымды Қожа Ахмет Ясауи түркілік дүниетаным негізінде жаңғыртты. Ислам тарихында дінді ұғынудың, қабылдаудың ерекше түрі ретінде пайда болған “сопылық ағым” ресми діндегі (қалам мен фикһ) қасаңдыққа қарсы бағыт ретінде бой көрсетті. Сол секілді Қожа Ахмет Ясауи ілімі де түркілік дүниетанымның негізгі категориясы болып табылатын әмбебаптыққа сай дамыды. Тәңірді жазалаушы, қорқыныш иесі ретінде ғана емес, Тәңірді сүю және оның үкімдерін құрметтеу арқылы Аллаға махаббатпен қауышу-ұласу әдістерін қалыптастырды. Өйткені сопылық дүниетанымда Алла – ғашық (сүюші), мағшуқ (сүйілуші) әрі ғашықтықтың өзі болғандықтан да, ғашықтық болмыс жаратылысының ең негізгі мұраты. Бұл адам бойында махаббат, жауапкершілік сезімді, иман, т.б. асыл құндылықтарды қалыптастырады. Адам хикмет арқылы, оның нәтижелі жемістерінің негізінде ғана мәнді, мағыналы өмір, “адамша тіршілік ету өнерін” меңгере алады (қазіргі “Диуани хикмет”). Қожа Ахмет Ясауи ілімінің танымдық тірегін құрайтын адамгершілік қағидалардың өзегі – ахлақ (мораль). Ахлақ – хикметтің нәтижесінде қалыптасқан рухани құндылықтар жиыны. Адам ахлақ арқылы адамдық болмысқа, мәнге ие болады. Яғни, адам ахлақтық-рухани құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана “шындыққа”, “жан тыныштығына” қауышады. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде “жан тыныштығы”, “шындыққа жету” адамгершілік қасиет пен сипатқа ұласу арқылы тариқатта жүзеге асады. Аллаға қауышудың жолы қоғамға, адамға қызмет ету – тікелей ахлақтық кемелдену арқылы өтеді. Нәтижесінде рухани тазалыққа, өзін-өзі меңгеруге қолы жетіп, “Кемел адам” тұрпаты қалыптасады. Көшпелі түркі қауымын имандылыққа шақыру арқылы Қожа Ахмет Ясауи ілімі барша түркі халықтары мәдениетіне үлкен өзгеріс енгізді. Дәстүрлі түркілік дүниетанымның негізі сыршылдық (мистика) дін екендігін ескерсек, сопылық танымның түркі мұсылмандығының ең маңызды ерекшелігін қалыптастырудағы себептерін ұғыну қиын емес. Бұл құбылыстың табиғилығын дін феноменол-сы тұрғысынан қарасақ, діндердің таралуындағы ескі ұстанымдардың толығымен жойылмайтынын, жаңалары сол құндылықтар, түсінік, ұғымдар негізінде өз орнын табатынын көруге болады. Көбінесе діндерде ескі ұстанымдар мистикалық институттармен тұтасып, “халық діндарлығы” түрінде тіршілігін жалғастырады. Бұл құбылыстың көрінісін Қожа Ахмет Ясауидың сопылық-моральдық ілімінен көруге болады. Оның “құрма” символизмі арқылы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға байлануы, осы құбылысқа Арыстан бабтың “себеп” болуы, өмірін пайғамбар өміріне ұқсатуға тырысуы, пайғамбарға ұқсаудың ишараты ретінде ұлының атын Ибраһим қоюы, пайғамбар жасына келгенде тірідей “жерасты мешітіне”, яғни қылуетке түсуі, осының бәрі оның іліміндегі көшпелі түркілерге исламды таратудағы маңызды әдістемелік, құбылыстық ерекшелік әрі жаңалық болып табылады. Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. “Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады” деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариғаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Сөйтіп, бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсті. Ол фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, шығармашылық әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып, Ясауише хикмет жазу дәстүрге айналды. Кіші Азияда Хаджи Бекташ УалиЖүніс ӘміреСүлеймен Бақырғани хикметтерінен Қожа Ахмет Ясауи сарыны байқалды. XII ғасырдан бері түркі халқының дүниетанымына елеулі ықпал еткен Қожа Ахмет Ясауи сарыны Асан Қайғыдан Абайға, сондай-ақ, күні бүгінге дейінгі қазақ ақындары шығармаларында көрініс тапқан. Azretsultan.kz дереккөздеріне сүйене отырып, рухани тарихына үнілейік: Өркениеттердің және мәдениеттердің қарымқатынастарын қарастыруда олардың өзгешеліктерін зерттеу өте маңызды болып табылады. Ол үшін сәулет өнерін зерттеудің маңыздылығы жоғары орын алатыны белгілі. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы 1978 жылы 30 қыркүйекте «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» болып ашылып, қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып халыққы музей ретінде қызметін атқаруда. Орталық Азияның Ислам өнерінің тарихи дәуірленуі бірнеше кезеңге бөлінеді. Мұсылман архитектурасының маңызды бір кезеңі — Әмір Темір дәуірі. Қазіргі заманда Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің туындылары көп жерлерде сақталған. Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің ескерткіштері – өте бай Ислам өнерінің елеулі бөлігі болып табылады. Ал Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің туындыларының алғашқы үлгілері Орталық Азияда пайда болғанын ескерсек, осы аймақта орналасқан сәулет ескерткіштерін зерттеп қарастырудың орны ерекше екені анық. Әмір Темір дәуірінің сәулет өнер өз көркем үрдісі дамуының негізін қалайтын көптеген мәдениеттердің қарымқатынастарының негізінде қалыптасты. Әмір Темір негізін қалаған орасан зор мемлекетте әр-түрлі өнер салаларының қалыптасуы мен дамуына көп көңіл бөлгені белгілі. Әсіресе, қазіргі Орта Азия, Ауғанстан және Иран аймақтарындағы сәулет өнеріне ерекше көңіл бөлінгені анық. Орта Азия сәулет өнері тарихында Әмір Темір дәуірі тұсында мұсылмандық сәулет өнері дамуының жаңа кезеңінің басталатынын айқындайтын маңызды да сапалы өзгерістер қалыптасты. Бұл кезең ХІҮ ғасырдың соңы мен ХҮ ғасырды қамтиды. ХІҮ ғасырдың соңынан Мәуераннахр шығармашылық ойлардың орталығына айнала бастайды. Осыған байланысты сәулет өнерінде жаңа стилдер пайда болады. Сол кезде өмір сүрген Ибн-Арабшах Әмір Темірдің сәулет сарайларына сипаттама берген кезде «олар жаңа тұрпатта салынған» деп жазады. Сол заманға жататын түпнұсқалар Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің тұтастығы, оның қоғамдық көзқарасының негізін көрсетеді. Қалалық сәулет өнері Әмір Темір дәуірінде гүлденгені туралы Кастилия мен Лион патшасының елшісі Клавихо былай деп жазады: «Әмір Темір және оның ұрпақтары қалыптастырған дүние экономикалық өркендеуді ынталандырудың негізі болып табылады. Осыған байланысты Иран мен Орта Азияда сансыз ғимараттардың салынуы сәулетшілерді шабыттандыра түсті. Аруақ қонған жерлер ерекше көңілге алынды: бар ғимараттар қайта жаңғыртылды және әшекейлендірілді, көптеген жаңа кесенелер салынды». Әмір Темірдің көркем мұрасы Орта Азия өнер тарихының жарқын беті деп айтуға әбден болады. 1379 жылдан бастап Әмір Темір Хорезм, Тебриз, Шираз, Индия және Сирия аймақтарының сәулетшілерін өз мемлекетіне жинады. Осы сәулетшілер Әмір Темірдің бастауымен көрнектілігі жағынан ерекше орын алатын жаңа тұрпатын қалыптастырды. Бұл тұстағы сәулет өнерінің туындыларының ішінде Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі ерекше орын алады. Аталмыш ғимарат Әмір Темір дәурінің сәулет өнерінің алғашқы туындыларының біріне жататыны белгілі. Сонымен қатар, осы ғимаратты салу барысында қолданған тәсілдер кейінен Әмір Темір мемлекетінің астанасы Самарқандыда көп қолданылғаны мәлім. Түркістан қаласына жақындаған кезде ең бірінші болып көрінетін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Биіктігі жағынан оған тең келетін сол заманғы ғимараттар өте аз болып табылады. Осы қасиет оның негізгі бір ерекшелігіне жататынын атап өту қажет. Әмір Темір дәуірінің сәулет өнері Ақсақ Темір мемлекетінің ой-санасы дамуын көрсететін бірден-бір құрал екені анық. Осы дәуірдің сәулет өнерін зерттеу барысында салынған ғимарттардың биіктігі бірден көзге түседі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі осы пікірдің дәлелі болып табылатыны анық. Шахрисябздағы Ақ-Сарайдың маңдайында Әмір Темір мынадай ұран жаздырған: «Біздің қуатымызға, күшімізге күмән келтірсең – біздің салған ғимараттарға қара». Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің көзге түсер ерекшелігі оның ауқымдылығы мен салтанатты байлығы. Осы факторлар мемлекеттің қуаттылығын, күштілігін көрсетуге арналған. Осы концепцияны іске асыруда сәулет ғимараттарының кейбір бөліктері ерекше орын алады. Мысал ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мұнаралары мен қасбетін алуға болады. Кесененің мұнаралары екі түрлі ойға келтіреді. Оның орасан биіктігі ресми діни орталығының орнын айқындап көрсетсе, екінші жағынан – ғимараттың сәнін келтіреді. Жалпы айтқанда мемлекет басшысының қуатын көрсетіп, Ислам дінінің осы жерде басшылығын айқындайды. Кесененің қасбеті де сол қызметтерді атқарып тұр. Ғимараттың құрылымдық элементтері де маңызды ақпарат беруі тиіс еді. Күмбездің рәміздік қасиеттері туралы ойларды бірнеше ғалымдар білдірген болатын. Әмір Темір тапсырыс беруші ретінде өзі де күмбездерге көп көңіл бөлгені белгілі. Өзінің қатысуымен ол осы тұрпаттың қалыптасуына үлкен үлесін қосты. Орта Азиядағы Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің ескерткіштерін екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа сәулет ғимараттарының тұрпатын полихромдық (түрлі-түсті) әшекейлендіру айқындайтын ғимараттар жатады. Екінші топқа керісінше, полихромдық әшекейлендіру сәулет ғимаратын «жұтып», оның негізгі құрылымдарын көрсетпейтін ғимараттар жатады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ғимараттардың бірінші тобына жатады. Бұл ғимарттың декоративтік әшекейлендірілуі кесененің сәулет құрылым-дарын анық, күшейтіп көрсететіні анық көрініп тұр. Бұл топқа және Ақ-Сарай мен Бибі Ханымның кесенесін жатқызуға болады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулет ескерткішінің құрылымы жағынан атап өтуді жөн көрдік. Құрылысты жүргізуді Әмір Темір өз дуанында игілікті істермен шұғылданатын Мәулен Убайдулла Садырға жүктейді. Кесенені салу жедел қолға алынып, сол заманғы деңгейден қарағанда, аса қарқынды жүргізілді. Негізгі және қосалқы бөлмелерді салу кезінде құрылысшылар қолдарындағы архитектуралық сызбалар мен ғимарат жобасына сүйеніп отырды. Архитектуралық көлемдер мен олардың бөлшектерінің асқан шеберлікпен салынғандығының себебін тек осылай ғана түсіндіруге болады. Әмір Темірдің болашақ кесене жобасын жасауға тікелей қатысып, құрылысшыларға нақты нұсқау бергендігін әр-түрлі жазба деректер де дәлелдейді. Жобаны әзірлеу барысында олар белгілі бір модульді пайдаланды, оның жартысы да ширегі де өлшем ретінде жүре беретін. Сондай ақ, композициялық негіз етіп алынған модульдік жүйе де қолданылатын. Осы жүйе бойынша архитектуралық көлемдердің мөлшері ішкі және сыртқы тарамдардың, қуыстардың түрлері, қанаттардың ұзындығы, терезе және есік ойықтарының, аркалардың, қуыстардың, күмбездердің, сталактиттердің және тағы басқа бөлшектер өлшемдерінің тепе-теңдіктері белгіленіп отыратын. Ғимараттың жеке бөліктерінің жобадағы және кеңістіктегі өзара үйлесімділігі, негізінен алғанда, шаршы келген қабырға ұзындықтарынан тұратын бас бөлменің көлденеңіне қаншалық сәйкесуіне байланысты белгіленген. Осы әдіс Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салу кезінде кеңінен қолданылды. Жобаны өлшеу нәтижесі кесененің 60,6 сантиметрлік тең қабырғалы модульдік – көлемдік торға дәл келіп тұрғанын көрсетті. Ал 60,6 см ортағасырлық бір кезге тең. Қожа Ахмет Ясауи кешені – аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені 46,5 м., ұзындығы 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені 50 м. жуық) және бірнеше күмбезі бар орталық залының төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Кесене құрылысы сол маңда орналасқан ХІІ – ХІҮ ғасырлардың кішігірім кесенелерін біртіндеп бұзып, олардың кірпіштерін Әзірет Сұлтан кесенесінің құрылысына пайдаланудан басталды. Осылайша биіктігі 14-15 метрлік құрылыстың бірінші кезеңі 1391-1393 жж. аралығында тұрғызылып, ол екінші қабаттың төбе жабынымен аяқталды. Бас портал – Пештақ жартысна дейін қаланып, сырты сырлы қышпен қапталуын күтіп тұрды. Алайда 1393-1399 жж. аралығында өткен екінші кезеңінде портал өзіне тиісті биіктікке дейін (60-65 м) қаланбады, бар-жоғы 41 м биіктікпен тоқтап қалды. Бұған себеп аса ауыр бұл бөлік бірден шөгіп, оның Қазандық бөлмесімен жалғасқан жері ажырап жарыла бастауы еді, сонымен бірге, портал нишасын жапқан арка да ортасынан екіге бөліне бастаған болатын. Кесененің бұл бөлігінің (мұнаралар мен аркаға дейінгі аралық) қабырға қалындығы 3 метрден 5 метрге дейін барады және құрылыстың астына 2 метр тереңдікке дейін іргетас қаланған бөлігі де тек осы жерлері ғана, әйтсе де, тап осы бөлік екі жаққа қарай шөге бастап, арканың қиысқан ұшы мен артқы қабырғасы екі айырылып, жарық пайда болады. Бұл кезде (1399 ж.) ұсталардың дені Самарқандағы Бибі Ханым мешітінің құрылысына алып кетілген болатын, Түркістанда негізінен кесенені сырлы қышпен қаптау жұмыстары жүріп жатты. Пештактың биіктігі 65 метрге дейін көтерілмегендіктен Қазандық бөлмесінің екінші күмбезі де қаланбай қалды, бірақ күмбездің бірінші қабатының сырты көгілдір түсті бояулы қышпен қапталды. Егер екінші күмбез қаланғанда біріншісі сегіз бұрышты мойынның үстінен қонатын биік барабанның (Қабірхананыкі сияқты) ішінде қалып, оны сырлы қышпен қаптаудың қажеті болмай қалатын еді. 1591 ж. Бұхара ханы ІІ Абдолла Түркістанға келген кезде Пештақтың артқы қабырғасының жоғарғы жағы әлдеқашан құлап түскен болатын. Тарихта «Құрылысшы Абдолла» деген атпен белгілі бұл хан пештақтың артын қайта қалатып, артқы қабырғасына «Абдолла хан нишасы» деп аталып кеткен бес бұрышты ойықты да қайта қалатады. Бұл жерде бұрын да бір нишаның болғандығын оның төбесінде 1 метрдей жерден өткен басқа бір арканың ізі байқатады. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері — ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі күрделі инженерлік құрылыс болып табылады. 2 және 3 деңгейде орналасқан бірнеше үлкен бөлмелерден тұратын күрделі құрылыс жауапты контсрукторлық шешімді табуға түрткі болды. Кесене мұнаралары тереңдігі 3 м дейін сазды қоспадағы бұт тастардың үстінен қаланған. Ғимараттың ірге тасының қызметін тереңдігі 1,5 метрге дейін баратын бірнеше қатпарлы құм мен саз балшықтан жасалған құймалар атқарады. Екінші жағынан, бұл құймалар ғимарат қабырғаларының гидро-изоляциясының қызметін де атқарады.Ғимараттың негізгі бөліктерінің қабырғалары (портал, жамағатхана) саз балшықтан тұрғызылған іргетасқа отырғызылған. Ескерткіштің төменгі бөлігінің астында – тереңдігі 2,5 м дейінгі саз құйылма табанынан бір метрге дейін сазды қоспадан қаланған қыш. Ғалымдар тарихи құжаттарды, аңыз әнгімелерге байланысты, Түркістан төңірегіндегі радиусы – 40-75 шақырым болып келетін елді мекендердегі көптеген балшық түрлеріне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде ескерткіштің керамикалық кірпіштерінің химиялық құрамына ең жақын және сәйкес келетін балшық, Түркістан қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан қазіргі темір жол бойындағы Сауран станциясындағы көне Сауран қорғаны маңынан алынған топырақ екендігі анықталды. Дәл сол жер әсіресе аңыз әнгімелерде көп айтылатын. Белгілі тарихшы М. Е. Массон былай деп жазды: «Аңыз әнгімеге байланысты кесененің құрылысы және өрнекті кірпіштері Сауранда дайындалып, Ясыдағы құрылыс орнына дейін құрылысшылар қолма-қол жеткізілген». Күйдірілген Сауран балшығының химиялық талдануы мынандай қатынасты көрсетті: кремний – 61 %, қалайы тотығы – 14 %, кальций мен магний – 15 %, темір тотығы – 5 %, калий мен натрий – 4,5 %. Бұл көрсеткіш кесене кірпіштеріне жүргізілген химиялық талдауымен сәйкес келеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі кірпіштерде жарылған іздер жоқ. Бұл кірпіш балшығының аса ыждағаттылқпен дайындалғандығын көрсетеді. Балшық құрамына қосылған шөпшектер, жылқы қылы, жүн – арматураның қызметін атқарып кірпіштің жарылуына жол бермеді. Кептірілген кірпіштер арнайы қолдан жасалған ошықтарда күйдірілді. Сыртқы кейіпі үстінде тесігі бар аударылған қазан тұрпатында болды. Ошаққа бізге беймәлім арнайы отын пайдаланған. Аңызға сүйенсек 1000-1100 º дейін ыстық беретін тамырлы шөп туралы айтылады. Тағы бір аңызда бұл шөп емес Түркістан маңында сол кезде өскен ағаш деген болжам бар. Керекті жоғары темпиратураны алу үшін жел үрлеп отыратын арнайы жасалған ошақтар болған. Ауызша жеткен мәліметтерге сүйенсек кірпіштерді ойпаттау жерге жинап, үстіне отып үйіп бірнеше күн жағып күйдірген. Кірпіштерді күйдіргенде оған қосылған шөпшектер, жылқы қылы, жүн отқа күйіп, кірпіш ішінде қуыстар пайда болады. Бұл қуыстар кірпіш салмағын жеңілдетіп төзімділігін арттыра түседі. Суған кірпіштерді құрылыс алаңына жіберілген. Керек кезінде бұл кірпіштен қаптайтын бөлшектер араланып жасалды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — әр-түрлі қызмет атқаратын бөлмелерден тұратын күрделі құрылыс нысаны: Жамағатхана, Қабірхана, Үлкен және Кіші Ақсарай, Кітапхана, Асхана, Құдықхана және бірнеше худжралар. Кесененің бөлмелері мен бөліктері дәліздер және баспалдақтармен бір-бірімен байланыстырылған. Архитектуралық-құрылыс жоба композициясын байланыстырып тұрған кесененің орталық бөлмесі – жамағатхана. Ол порталы оңтүстік-шығысқа, ал бүйір беттері тиісінше оңтүстік-батыс пен солтүстік-шығысқа қарайтын етіп салынған. Келген адам орталық залға бас порталдың сәнді есігі арқылы кіреді. Қазандық Қазақстан мен Орта Азиядағы кірпіштен өрген күмбездердің ішіндегі ең үлкені — диаметрі 18,3 метрлік күмбезбен көмкерілген. Сәулет өнері жағынан қарағанда Жамағатхана бөлмесімен