Түркістан: Келестік тұрғын егін шаруашылығына қолайлы құрал ойлап тапты

Түркістан: Келестік тұрғын егін шаруашылығына қолайлы құрал ойлап тапты

ашық дереккөзі

Түркістан облысы, Келес ауданындағы Жолбасшы елді мекенінің тұрғыны Ырысдәулет Тәңірбергенов 10 адамның жұмысын атқаруға қауқарлы қолмен тұқым егу құрылғысын ойлап тапты, деп newsroom.kz хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. Диқандардың уақыты мен шығынын үнемдейтін құрылғыны осыдан 5 жыл бұрын жасап шығып, қажетке жарата бастаған. Жобасы нәтиже көрсеткен соң жан-жақтан сұраныс түсе бастапты.

– Бұл құрылғы негізінен қырыққабат ұрығын жылыжайға егуге арналған. Ауданымыздың көпшілігі ерте көктемнен қырыққабат егуді әдетке айналдырған. Бұл жұмыстарға сұраныс қараша, желтоқсан айларында көбейеді. Құрылғымыз өте ыңғайлы. Бір дәннен артық жібермейді. Құрылғымыздың 4 түрі бар, ауқымына қарай тапсырыс қабылдай береміз, –дейді Ырысдәулет Тәңірбергенов.
Бүгінгі таңда егін шаруашылығымен айналысатын шаруалардың жұмысын жеңілдетуге арналған құрылғыға Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай аудандарынан сұраныс түскен. Айта кетейік, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1-қыркүйек күнгі Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылық секторын ерекше атап өткен болатын:
- Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады... Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек. Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы. Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін  бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет. Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы.  Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жүктелуде...