Түркістан облысында президент сайлауына тыңғылықты дайындық бар
Түркістан облысының жұртымен жүздесуінде Мемлекет басшысы Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы жайлы пікір білдірген болатын, деп newsroom.kz хабарлайды.
«Билік пен қоғам арасындағы диалог нығая түсті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына баса мән беріліп отыр. Бұл ауқымды жұмысты бүкіл қоғамымыз бірлесе атқарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалуға болмайды», деді Мемлекет басшысы.
Президент осы сара жолдан тайқымай, ілгері жүру керек екенін жеткізді.
«Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Елімізде кезектен тыс Президент сайлауы биылғы 20 қарашаға белгіленген. Президент бұл науқан заңға сәйкес, әділ және ашық өтетініне кепілдік берді. Осы орайда, Президент бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұраққа да жауап бере кетті.
«Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, Мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек. Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр», деді Президент.
Жалпы, Түркістан облысының тұрғындары еліміздегі саяси науқандарға белсенді араласып келеді. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтің айтуынша, бүгінде облыста сайлауға тыңғылықты дайындық басталды. Төраға атап өткендей, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, өңірде 1 млн. 168 мың 477 сайлаушы тіркелген. Сондай-ақ, өңірдегі 17 аудан-қала бойынша 519 сайлау учаскесі бар. Қазіргі таңда олардағы материалдық-техникалық жабдықталуы толық талапқа сай келеді.
Мемлекет басшысы Түркістанға келген сапарында өңір тұрғындарын сайлауға белсене қатысып, Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырған болатын.
«Түркістандықтар да сайлауға белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін. Отанымыздың болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Сондықтан баршаңызды ел тағдырына бей-жай қарамауға шақырамын. Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!», деді Президент.
Сайлау - маңызды науқан. Президенттің еліміздегі саяси жаңғырту бағытындағы шешімін қолдай отырып, сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне бір кісідей атсалысайық!
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі