Түркістан: Сайрамда этнос жастары қазақтың ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсті
Республика күніне орай, Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы «Қайрат» спорт кешенінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасы аясында этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық ойындарынан сайыс өтті, деп newsroom.kz хабарлайды.
Аталған спорттық сайыс Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.
Ұлттық спортты ұлықтаған додаға Сауран, Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Кентау, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандарының этнос жастарынан құралған командалар қатысты. Онда жастар ұлттық ойындардың 8 түрінен, атап айтқанда, қазақ күресі, қол күрес, садақ ату, асық ату, қошқар көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ, ләңгі тебуден бақ сынады.
Ауқымды спорттық шараның салтанатты ашылуында Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев жастарды алдағы мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ата-бабаларымыз осы ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке-бірлігі мен ынтымағын жалғастырып отырған. Күні кеше Түркияның Изник қаласында ІV Дүниежүзілік көшпенділер сайысы өткенін білесіздер. Әлемнің 102 мемлекетінен 3 мыңнан астам спортшы қатысқан әлемдік додада Қазақстан құрама сапында өнер көрсеткен жерлестеріміз ұлттық спорттың туын жықпай, айтулы жеңістерге қол жеткізді. Таяуда қазақ күресінен Сайрамда "Оңтүстік Қазақстан" облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесіне арналған турнир өтіп, түйе палуаны анықталды. Қазақ барысы, түркістандық Тоқтарбек Айдарбек бас жүлдеге ие болып, темір тұлпар табысталды. Бүгінгі сайысқа қатысушылар да сондай дүбірлі додаларға үкілеп қосатын спортшыларымыздың жолын жалғастырып, жеңіс тұғырынан көріне берсін! - деді М. Оразалиев.
Сайыс нәтижесінде қазақ күресінен Жетісай ауданынан келген Абдулла Нуров "Түйе балуан" атанды.
Садақ тарту сайысында Кентау қаласынан келген Дилнур Насируллаев чемпион болды. Ал 2 орынды Келес ауданынан Оразбай Абрар, 3 орынды Мақтарал ауданынан Алпамыс Камалов иеленді. Қол күрестен түлкібастық Тойрат Касимов үздік шықты. Сайрамдық Улугбек Нишантаев екінші, саурандық Зикуроллох Юнусов үшінші орынға ие болды. Асық атудан саурандық Самандар Абдрахманов қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. 2 орын кентаулық Бекзод Юлдашевқа, 3 орын түлкібастық Ислам Эльнурға бұйырды.
Қошқар көтеру сайысы жұрттың қиқу салып, қызу қолдау танытқан жарысы болғанын айта кеткен жөн. Бұл сайыста қошқарды 50 рет көтерген сайрамдық Мухамедали Сайдазимов жеңімпаз атанып, қошқарға ие болды. 2 орынға 36 рет көтерген келестік Ақылбек Юнускулов, 3 орынға 31 рет көтерген түлкібастық Сулейман Мургушевқа бұйырды. Арқан тартудан Түлкібас ауданы топ жарды. Ал, 2 орынды Төле би ауданының құрамасы, 3 орынды Кентау қаласының командасы жеңіп алды.
Сондай-ақ тоғызқұмалақтан сайрамдық Сарвиназ Ирситаева 1 орынды жеңіп алса, 2 орынды кентаулық Рамазан Бадиров, 3 орынды саурандық Төрехан Махибулла еншіледі. Ләңгі тебуден саурандық Ильияс Мурадулла қарсылас шыдатпай, үздік атанды. Ал 2 орынға мақтаралдық Алижан Алисултанов, 3 орынға сайрамдық Суннат Бекниязов лайық деп танылды.
Жарыстың қорытындысында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Ерлан Керімбеков және "Қоғамдық келісім" КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева жеңімпаздарды марапаттап, жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен дипломдарды табыстады.
Айта кетейік, бұл сайыс алдағы уақытта да жалғасады деп жоспарлануда.
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі