Бүгінде Қазақстанда 19 мыңнан аса өрт сөндіруші бар: Ұлытауда қалай?

Бүгінде Қазақстанда 19 мыңнан аса өрт сөндіруші бар: Ұлытауда қалай?

ашық дереккөзі

10 тамыз күні Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары болып тағайындалған, полковник Бауыржан Билялов өңірде маман тапшылығы мәселесі барын, басқармадағы қызметкерлердің жалақысы өсіру жоспарланып отырғанын, мемлекет қаржысы есебінен 8 жаңа техниканы сатып алынатынын newsroom.kz тілшісіне айтты.

2022 жылы өңірде өрт дерегі жиі тіркелген.

«Биыл 8 айда облыста 141 өрт дерегі болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 дерекке артық. Былтыр өңірде 126 өрт дерегі тіркелген», - деді Бауыржан Билялов.

Ол Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде маман тапшылығы барын, бірақ бұл мәселе басшылықтың бақылауында екенін атап өтті.

«Басқармада барлығы 101 қызметкер жұмыс істейді. Маман тапшылығы мәселесі бар. Ол бақылауда, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. ТЖД сайтында және әлеуметтік желілерде бос жұмыс орындары туралы мәліметті жарияланады әрі бос орындар жәрмеңкесіне де қатысамыз», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Сондай-ақ Бауыржан Билялов департамент балансында қанша техника барына тоқталды.

«Бүгінде төтенше жағдай басқармасының балансында әртүрлі мақсатта пайдаланылатын 59 техника бар. Тозған техниканың саны – 44. 2022 жылы жоспарға сәйкес республикалық бюджет есебінен 8 бірлік техника сатып алу жоспарланып отыр: КамАЗ базасындағы 7 автоцистерна, 1 жеңіл көлік», - деді Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары.

Полковник өңірдегі өрт сөндірушілердің жалақысы төмен екенін, бірақ еңбекақыны көтеру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

«Облыста жұмысын енді бастаған өрт сөндіруші 130 мың теңге алады, ал 20 жылдық еңбек өтілі бар маманның еңбекақысы шамамен 200 мың теңге. Сондықтан 2023 жылы өрт сөндірушілердің жалақысын 40 пайызға арттыру жоспарда бар», - деді Бауыржан Билялов.

Айта кетейік, Қазақстанда өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы төмен.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жұмысқа жаңа орналасқан өрт сөндіруші алғашқы жылдары 115 000 теңге жалақы алады, ал 20 жыл еңбек еткен маманның айлығы 200 000 теңгеден сәл асады. Сондықтан министрлік өрт сөндірушілердің жалақысын өсіру мәселесін қарастырып жатыр. Бүгінде Қазақстанда 19 мыңнан аса өрт сөндіруші бар.

«2022 жылғы 8 қыркүйекте ведомство басшысы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың қабылдауында болады. Онда осы мәселе қозғалып, нақты бір шешімдері шығады деп ойлаймын. Алайда бұл мәселе Төтенше жағдай министрі Юрий Ильиннің де бақылауында», - деді ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов.

Еске салайық, биыл 4 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанда 3 жаңа облыс құрылған еді: Ұлытау, Абай және Жетісу облыстары.

Ұлытау облысының құрамына Жаңаарқа, Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары енді. Жаңа облыстың аумағы – 189 мың шаршы шақырым. Халық саны – 227 мың адам. Облыс орталығы – Жезқазған қаласы.

11 маусымда Ұлытау облысының әкімі қызметіне Берік Әбдіғалиұлы тағайындалды.

29 шілдеде ТЖМ бұйрығымен Ұлытау облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы лауазамын Есен Байыров атқаратын болды.

Жүктелуде...