Жаңалықтар

Сүйінші! Ахмет Байтұрсыновтың домбырасы табылды

Ұлттық домбыра күні қарсаңында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың домбырасы табылды.

Бұл туралы «Алматы» телеарнасы хабарлады. Құнды жәдігерді Алаш арысының ұрпақтары мұқият сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Биыл 150 жылдығы аталып өтіп жатқан қазақтың ұлы саясаткері, ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың домбырасы оның алыс туыстарының қолында болған. Саяси айыптауларға байланысты олар домбыраны жасырын сақтаған. Қазақтың көрнекті қоғамдық-саяси, әдеби және ғылыми қайраткерлердің бірі Ахмет Байтұрсынов тұрған үй бүгінде мұражайға айналған. Алайда мұнда реформатордың біраз ғана заттары сақталған, енді бұл домбыра сол құнды жәдігерлердің қатарын толықтырмақ. «Ахмет Байтұрсыновтың туыстары бұл домбыраны ұзақ уақыт сақтаудан қорқып, оны қолдан қолға беріп отырған. Себебі олар саяси репрессияланған адамның жеке заттарын сақтағаны үшін де айыпталуы мүмкін еді», — дейді ахметовтанушы, Байтұрсынов атындағы музей-үйдің директоры Райхан Имаханбет. Құнды жәдігер Ахаң өмірден өткен 85 жылда әр адамның аманат етіп тапсыруымен бүгінге жетіп отыр. Әзірге домбыраға қатысты толық ақпар жоқ. Бет қақпағы бүлініп, құлақ, ішегі жоғалған екен.  Мұра мамандар қолынан өтіп, қайта қалпына келтіріледі. Содан соң көптің назарына ұсынылмақ Ахмет Байтұрсыновтың  скрипка мен фортепианода ойнағаны белгілі. Ұлы ғалым, саясаткер, әдебиеттанушы, қоғам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов халық мұрасына баға жетпес үлес қосқаны белгілі. Талшын ҚАЛИАСҚАР