Деген екен: Чеховтың айтқандары

Деген екен: Чеховтың айтқандары

ашық дереккөзі

1904 жылдың 15 шілде күні Антон Павлович Чехов өмірден озды. Немістің Баденвайлер ауылына емделуге барған ұлы жазушының демі осы жерде үзілді.  Әйелі Ольга Леонардовнаның естелігіне сүйенсек, түн ауа оянған Чехов бірінші рет дәрігер шақыруды өтінген. Сосын шампан беруді сұраған. Ақырын ғана отырған Антон Павлович неміс тілін жақсы білмесе де Ich sterbe – деп дәрігерге бар даусымен айтып, сосын әйеліне не студентке қарата орыс тілінде Я умираю – деген. Қолына бокалын алып, әйеліне бетін бұрып, кісі еліктірер күлкісіне салып, «Қашаннан бері шампан ішпеп едім» деген күйі бір тамшысын қалдырмастан сіміріп салып, сол жағына жантайған күйі бұл дүниеден көшіп жүре берді.  44 жасында қайтыс болған Чехов қысқа ғұмырында қыруар шаруа бітірді. Уездік дәрігер, көптеген әңгімелердің авторы, Сібір мен Сахалинді зерттеуші, Толстойдың өзі «Прозадағы Пушкин» деп мойындаған жазушы өз талантын қарабайыр ғана бағалаған екен.  «Егер де орыс өнерін рангке бөлер болсақ, Чайковский Лев Толстойдан кейін екінші орын алады. Үшінші орынды Репинге беремін, ал өзіме тоқсан сегізінші орынды сайладым» - деп бауырына хат жазған оның ең танымал портретін Осип Браза салған. Алайда, жазушы бұл полотно туралы «бұл суретте мен де жоқ бірдеңе, мен де бар әлдене жетіспейді» - деген сыни бағасын берген. Пессимистік бағытта көңілсіз әңгімелер жазсам, осы портрет кінәлі деп және қосқан.   width= Жазушы туралы көп жазуға болады. Біз былтыр да жазғанбыз. Биыл да жазып отырмыз. Биыл оның кей шығармаларынан тәржімалаған үзінділерді ұсынып көрейік.  - Адамдар: соңында шындық жеңеді деп айтады. Бұл дұрыс емес.  - Бәрі біледі және бәрін түсінеді. Ақымақтар да, аңғалдар да әлбетте.  - Ешкім қарапайым адамға ғашық болғысы келмейді.  - Бұның болуы мүмкін емес, бұлай ешқашан болмайды да.  - Жұбайың көзіңе шөп салса қуан. Ол отанды емес, сені сатып тұр ғой.  - Егер барлық адамдар келісіп алып, шынайы ниеттерін шығарса, олардың бүкіл жоспарларының күлі көкке ұшар еді.  - Университет бүкіл қабілетіңді дамытады, оның ішінде топастық та бар. - Мейіріммен ала-алмаған, қатаңдықпен де ала-алмас.  - Мәселе пессимизмде не оптимизмде емес. Тоқсан тоғыз пайызында жәй ғана ақыл жоқ.  - Бүгінгі күн қандай тамаша. Шәй ішеміз бе, жоқ әлде барып асыламыз ба?  - «Циник» — грек тілінен келген сөз.Жалпы тілге аударсақ, бүкіл әлем шошқа екенін білсе дейтін шошқа деген сөз. - Ауруға айқаймен һәм көз жасымен, оңбағандыққа наразылықпен, жексұрындыққа жиіркенішпен жауап қайтарам. Меніңше өмір деген осы сияқты?!    

Тәржімалап,  қазақ тіліне қотарған

Жүмәсіл ЖАПАБАЙ

Жүктелуде...