Жаңалықтар

Бәрекелді! Семейлік жігіт екі адамды өрттен құтқарды

Бүгінгі күннің батыры — Жамбаев Дәурен Әбінсерікұлы!

Ол кеше түнде Семей қаласында болған тілсіз жаудан екі адамның өмірін құтқарып қалды. — Кеше чемпиондар лигасын көріп отырғанбыз, аяқ асты көрші маңайдан өрт шыққанын көріп бірден далаға шықтым. Сөйтсем үйдің жанындағы «Банзай» кафесі жанып жатыр екен. Жүгіріп барып ішінде адам жоқ па деп кірсем бір жас жігіт есінен танып құлап қалыпты. Оны далаға алып шығып, алғашқы көмек көрсеттім. Ол есін жиған бетте ішінде тағы адам барын айтты, бірақ өрттің ауқымы кеңейіп барады, жалын бет қаратар емес, терезе жақтан бір шторды жыртып алып ішіне кіріп кеттім, әлгі адам есікті іштен жауып алыпты. Өзім есімнен танып қала жаздап, сыртқа шығып, ғимаратты айналып терезеге кірпіш лақтырып шақтым, екінші адам есін бірден жиғандай болды, оған көмек көрсетіп сыртқа алып шықтым. Ары қарай өрт сөндірушілер келіп өз жұмыстарын атқарды.

Айта кетейік, Даурен Жамбаев бүгінде 5 бала тәрбиеліп отыр. Ол, Семей қаласы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының қаржы-шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.

Ол, өз өмірін бәйгеге тігу туралы ешқандай ойы болмағанын айтты: — Мен ең бірінші кезекте өрт сөндіру қызметкерлерін оқиға орнына шақыру үшін, оларға бірден хабарластым. Алайда, олар келгенше күтіп тұрмай, ішінде адам жоқ па екен деп қатты алаңдадым. Менде ешқандай қорқыныш болмады. Ең басты миссиям, ішінде адам болған жағдайда, соларды аман алып шығу болды. Бастысы олар аман-есен. Мен сол үшін қуаныштымын, — дейді.  

Батыржан ИБРАГИМНІҢ фейсбук парақшасынан алынды