«Ібілістің ілмегіне дұғасы іліндірмеген»: Міржақып Дулатұлы туралы тың дерек

«Ібілістің ілмегіне дұғасы іліндірмеген»: Міржақып Дулатұлы туралы тың дерек

ашық дереккөзі

Әдебиетші ғалым Елдос Тоқтарбай өзінің Facebook-тегі парақшасына Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатұлы туралы көп айтылмайтын тың деректерді жариялады деп хабарлады newsroom.kz порталы.

«Міржақыпты алдыңғы толқын ағалар «Жақаң» деп айрықша лепеспен құрмет тұтқан. Сол Жақаң Соловки лагерінде жүргенде бухгалтерлік курсқа жазылып, есепші мамандығын игереді. Сол мамандықпен бір-екі жыл қызмет етіп, тұрмысы жақсарады. Ақтеңіз ортасындағы Соловки аралының ауасы дымқыл, тұман басып тұрады екен. Күн көзі де көрінбейтін жер екен. Сол тағаны зәй тартып тұратын жерде Жақаңның денсаулығы нашарлап, демікпе дертіне ұшырайды. Лагер жанындағы ауруханада емделіп жатқанда Медвежья Гораға ауыстырылады. Осы жердегі лазеретте шаруашылық жұмыс істей жүріп, лекпом (лекарский помощник-фельдшер) оқуын оқығаны бар. Осы мамандықты игерген соң, түрмедегі бауырларын емдеп, оларға медициналық көмек көрсеткен. Айдауда жүріп те оқып, диплом алып шығуға болатынын көрсететін оқиға», - дейді жас ғалым.
Сондай-ақ ол Міржақып Дулатұлының карцерге (жалғыз кісілік бөлме) қамалғанын жазған. Бұл – 24/7 режиміне жападан жалғыз қамалған адамды азаптаудың ең сорақы түрі. Елдос Тоқтарбайдың жазуынша, сол кезде Міржақып Дулатұлы ол азаптың да бір амалын тапқан. Қатып қалған нан қиқымдарын жиып, шахмат ойнап, өзін-өзі дамытыпты.
«Қызы Гүлнар анамыздың жазғанына сүйенсек, карцерде отырып, Алла Тағалаға ғана сеніп, Құран сүрелерін оқып, құлшылық еткен екен. Адам жалғыз қалғанда оны шайтан айналдырып, мазасын алады. Жақаңды ібілістің ілмегіне дұғасы іліндірмеген десек, еш қателеспейміз. Міне, Алаштың ардақтылары осындай иманды, Хақ жолындағы көркем мінез, шынайы әрі парасатты жандар болатын. Қасиетті айдағы құлшылықтарыңыз қабыл болсын! Жұртқа көп жетпеген, Алаш тарихындағы көмескі бір оқиғаны қайта жаңғырттым. Біле жүр, басқаларға айта жүр, қазақ өрені! Жасасын, Алаш, жасасын!» - деп түйіндеді сөзін жас ғалым.

Жүктелуде...