Сұмдық! 400 мың теңгеге орден сатпақ болған

Сұмдық! 400 мың теңгеге орден сатпақ болған

ашық дереккөзі

Бүгінде орден-медаль жасап сату үйреншікті жайға айналды. Біреулер мұны да бизнес көзіне айналдырып, пайдаға кенеліп жүр. Таяуда осыған байланысты бір қызық жайдың орын алғаны туралы естідік деп жазады zamana.kz басылымы. Қаладағы үлкен кітапханада бір азаматтың мерейтойы өткізілген екен. Сонда басқа жақтан келген бір өнер адамы оны мақтап-мақтап, сіз мына медальға лайықсыз деп кеудесіне төсбелгі тағыпты. Төсбелгі болғанда, тегін емес, құны 50 мың теңге тұрады. Яғни ел ағасының мерейтойы болатынын алдын-ала білген пысық әйел ол кісіні: «Медальдың ақшасы қайырымдылық іс-шараларына жұмсалады», – деп сендірген екен. Көргендер бұл әйелдің ісі көзге салған жерден оғаш көрінгенін айтады. Өзгешелеу киім кию үлгісімен жұрттың назарын аударған ол марапат-мақтау айтқанға шебер екен. Онсыз да ыңғайсызданып тұрған мерейтой иесін мақтап-мақтап келіп, өз кеудесінен төсбелгі шешіп алыпты да, түкті де түсінбей қалған оның кеудесіне қадап беріпті. «Басқа қоятын жерім болмады», – деп айтыпты. Әлгі әйел мұнымен де тоқтамапты. Мерейтой иесіне «400 мың теңгелік» орден де тақпақ болыпты. Өздерінің жетім-жесірлерге көмек беретін қайырымдылық қорының басшысы бұл кісіні осы орденге лайық деп тапқанын «сүйіншілеп», орденді алуға көндіруге тырысқан. Бірақ жеме-жемге келгенде онысының түбі шикі екені анықталып, мерейтой иесі орденді алудан үзілді-кесілді бас тартыпты. Жалпы алғанда, әлгі пысық әйел «уқит-суқит» деп жүріп мерейтой иесінің 150 мың теңгедей ақшасын пайдаланып кетіпті деседі. Мұны адамдардан ақша «сындырудың» мәдениетті бір тәсілі демеске лажың жоқ. Н. ӘБДІ.

Жүктелуде...