Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі

Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі

ашық дереккөзі

Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан. Еліміздің тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқан осы сөздің мәні зор.

Расында да бұл күнде көпұлтты Қазақстанды әлем бірліктің киелі бесігі ретінде таниды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, қоғамдық, оның ішінде этносаралық қатынастарды нығайту – Қазақстанның ішкі саясатының өзегі ретінде таңдалған басым бағыттардың бірі. Ата Заңның алғашқы бабында мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының қатарында қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық аталғаны да кездейсоқ емес. Тарих толқыны ең басты әрі маңызды құндылық – халықтың бірлігі екенін көрсетіп келеді. Себебі, ол – мемлекеттік дамудың қозғаушы күші.
Этносаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастырудағы мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының өзара диалогы үшін жағдай жасауы, бір-бірімен толеранттық қарым-қатынаста болуы, халықтың бірлігі мен рухани негіздері еліміздің іргетасын құрайды. Тұрақтылықты нығайту мен бейбітшілік пен келісімді сақтауда Елбасы құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше роль атқарып келеді. Ширек ғасырдан астам тарихы мен тәжірибесі бар Ассамблея – бүгінде қазақ жерін мекен еткен көптеген этностың мемлекет құраушы халықтың айналасына топтасуына ықпал ететін, көпұлтты халықты шоғырландырудың нақты институты ретінде өзін-өзі дәлелдеген құрылым. Әрдайым тұрақтылықты нығайту, қоғамдық келісімді сақтауға бағытталған іс-шаралардың басы-қасынан табылатын іргелі институт тарихы – жетістіктер мен қажырлы еңбектің тарихы. Бұл тарихта әрбір өңірлік құрылымның қосқан үлесі бар. Атырау облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы атқарып жүрген іргелі істер де осы бағыттағы ұстанымдарды орнықтыруда маңызды рольге ие. Егемен ел тарихында этномәдени бірлестіктер орны зор. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Атырауда да санаулы этнобірлестіктер құрылған еді. Алғашқы қарлығаштар қазіргі уақытта кең қанат жайып, облыс көлемінде бүгінгі таңда 14 этномәдени бірлестік іргелі істердің басы-қасында жүр. Уақыт өте келе, ұлттық мәдени орталықтардың жұмыс тәжірибесі пайда болды. Этносаясат саласындағы білім жетіліп, Ассамблеяның беделі артты. Ал іргелі құрылым Қазақстанның азаматтық ландшафтының ажырамас бөлігіне айналды. Осылайша, институттар мен ҚХА қызметінің нысандары құрылып, этносаясаттың жаңа тілі пайда болды. Ұлттық мәдени орталықтарды бірыңғай термин – «этномәдени бірлестіктер» деп атау ұсынылды.
Қазір Ассамблея мемлекетпен бірге өсіп келеді және оның қоғамдық дамудың әрбір бағытындағы қызметі барған сайын сұранысқа ие болуда. Бүгінде Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Журналистер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы сияқты бірнеше ірі құрылымдары бар облыстық институттың ұйытқы болуымен бірнеше жобалар жүзеге асып, ұлттар достығы, халық бірлігі бағытындағы жұмыстар жүзеге асып жатыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында басталған жалпыреспубликалық «30 игі іс» қайырымдылық марафонына қолдау білдірген атыраулық этномәдени бірлестік өкілдері аз емес. Пандемия кезінде қайырымды жандардың қолдауы нәтижесінде 1000-нан аса отбасыға көмек түрлері көрсетілді.
Отбасы институты, шаңырақ шаттығы, жанұя татулығы, парыз, адалдық сынды қағидаттар – қазақ халқының қанына сіңген ұлттық ұстанымдарының бірі. Сондықтан, «Достық үйіндегі» медиация кабинетінің де мәні зор. Бес жылдан бері жұмыс жасайтын құрылымда  қоғамдық қабылдау күні ұйымдастырылып, кәсіби медиаторлар тұрғындарды қабылдап, туындаған сұрақтарға жауап береді, онлайн форматта «Ашық есік» күндерін өткізеді. Татулық пен бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау және оның негізгі тұжырымдамасын қоғам санасында қалыптастыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ету, этномәдени бірлестіктердің қызметіне жәрдемдесу мақсатында арнайы құрылған «Қоғамдық келісім» мекемесінің миссиясы зор. Барлық аймақтарда «Достық үйлерінің» базасында жұмыс жасайтын мекеме Атырау облысында дербес құрылып, сәтті қызмет етіп келеді.
2014 жылы Үкімет Қаулысымен бекітілген тұжырымдамаға сәйкес барлық облыс орталықтары мен аудандарда «Достық үйлерін» ашу, оларға жан-жақты қолдау көрсету, дамыту жұмыстары қолға алына бастады. Атырауда да бұл жұмыстар уақытылы жүргізіліп, мекеме сол жылы қазан айында құрылды. Атырау өңірінде түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына ұйыстырып отырған «Достық үйінің» құрылғанына биыл – 7 жыл. Осы жылдар ішінде мұнда шоғырланған этномәдени бірлестіктердің облыстың дамуына қосып жүрген үлестері зор.
Жыл сайын этномәдени бірлестіктер өздеріне тән ұлттық мерекелер мен атаулы күндерге орай кең ауқымды шаралар ұйымдастырады. Сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарайтын этнос өкілдері Наурыз, Амал және Тәуелсіздік мерекелерін, Алғыс айту және Тұңғыш Президент күндерін зор дайындықпен өткізуді дәстүрге айналдырған. Жастарды қолдау – елдік ұстаным. Бұған Ассамблея жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының қосар үлесі де зор. Қашанда креативті даму, болашақты ойлау мақсатын көздеген талапшылдар топтасқан ұйымның жеткен жетістігі де, алдағы межесі де анық. «Жаңғыру жолы» бастамашы болған істер аз емес. Әсіресе, ұйым мүшелерінің қайырымдылық бастамалары көпке үлгі. Сонымен қатар, «Қазақтану», «Халықтану» «Атыраутану» жобаларына да белсенді қатысқан жастар өлкені тану, тарихи орындар, танымал тұлғалар, салт-дәстүрлер, ұлттық ойындар туралы таным-түсініктерін молайтуда. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазір Атырау облысын мекен еткен 80-ге жуық этнос өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметі ерекше. Маңызды мәселені одан ары дамыту мақсатында «Достық үйінде» қазақ тілін үйрететін арнайы кабинеттер ашылған. Бірнеше этномәдени бірлестіктің жанынан ашылған «жексенбілік мектептердің» де бұған қосар үлесі зор.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да ұлтаралық татулық тақырыбына арнайы тоқталып, алда тұрған мақсат-міндеттерді айқындаған еді. «Бірлігіміз – әр алуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді» деген Мемлекет басшысы этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі, әрдайым солай болып қала беретінін атап көрсетті. Қоғамды шоғырландыруға, әлеуметтік тұрақтылыққа бағытталған маңызды бастамаларды қолға алып, жаңа кезеңдерді еңсеру мақсатында дамудың даңғыл жолына түскен іргелі институттың адымы – алшаң, межесі – айқын. Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылды. 1992 жылы Елбасы Қазақстан халықтарының форумында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет айтқан еді. Алғашында оның мәртебесін ҚР Президенті жанындағы консультативті-кеңесші орган деп бекітті. 2007 жылғы мамырда Қазақстан Конституциясына бірқатар өзгеріс енгізілді. Кейін Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, нәтижесінде Ассамблея ҚР Парламенті Мәжілісіне мемлекетқұрушы ұлт қазақты қосқанда 9 депутатты сайлау құқығына ие болды. Осылайша, Ассамблеяның беделі артты. 2008 жылғы 20 қаңтарда Елбасы «Қазақстан халқы ассамблеясы» туралы заңға қол қойды. Нәтижесінде ҚХА елдің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды. Ассамблеяны құрудағы негізгі мақсат – қазақ халқының топтастырушылық рөлін негізге ала отырып, қазақстандық патриотизм Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени саласын одан әрі дамытуға, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру үдерісінде елдегі этносаралық келісімді қамтамасыз ету. Негізгі міндет – қоғамда диаспорааралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, мемлекетқұрушы қазақ ұлтының дәстүрі мен тілін дәріптеу арқылы диаспоралар мәдениетінің сақталуына жағдай жасау, қоғамдық келісімді қолдау Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетуді көздейді. Қазақстанның тұңғыш Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА-ны өмiр бойы басқару құқығына ие.

Жүктелуде...