Жыл бойы жұмыс істейтін жәрмеңке елордада ашылды
Тәуелсіздік күні Пригородный елді мекенінде жыл бойы жұмыс істейтін алғашқы ауылшаруашылық жәрмеңкесі ашылды.
Ауданы 7 мың шаршы метр болатын жылы орында елорданың, сондай-ақ өзге өңірлердің тауар өндірушілерінің өнімдері ұсынылады. Азық-түлік нарық құнынан төмен бағамен қойылады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Демалыс күндері таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 5-ке дейін жұрт жәрмеңкеде Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының тауар өндірушілерінің, сондай-ақ елордалық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып ала алады.
Пригородный елді мекенінің тұрғыны Гүлсім Қонарова жәрмеңкеге ет сатып алуға келді, айтуынша бағасы өте қолайлы.
Бағалар расымен арзан. Мұнда сиыр еті – 2000 тг/кг, жылқы еті – 2200 тг/кг, қазы, жая 2500 тг/кг сатылады.
«Біз көкөніс өсіреміз. Жәрмеңке туралы естіген бетте бірден өтініш бердік, енді өз өнімдерімізді осында шығарып отырамыз. Бізде көкөністің 18 түрі бар, бәрі жаңа піскен және бағалары да қолайлы», – деді сатушы Рүстем.
Айта кетейік, жәрмеңкеде азық-түлік өнімдерінің барлық түрі – сүт, бакалея, шұжық, ұн, жаңа ауланған балық және т.б. сатылады.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=p3wk7RDrpmw&feature=emb_title[/embed]
Жәрмеңке санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі. Келушілер бетперде тағуы, қол гигиенасын, әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек.
Бұдан әрі жәрмеңке апта сайын әр сенбі және жексенбі күндері мына мекенжайда өтеді: Пригородный елдімекені, Арнасай көшесі, 109 ғимарат.«Мұнда бәрі өте жақсы ұйымдастырылған, базар іші жылы әрі жайлы, келушілер көп», – деп атап өтті елордалық Нұржамал Тұранова.
«Мен ет алуға келдім. Мұнда ет арзан, базар іші өте жақсы, мұнда жиі келуге болады. Қажетті өнімнің бәрі арзан», – деді ол.