Жаңалықтар

Жас ғалымдар – жаһандық трендтер жаршысы

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты танымдық мақаласының жарық көруі мемлекетіміздің дамуы мен егемендікке қол жеткізудегі ерлік пен еңбекті арқау еткен қазақ даласындағы жарқын оқиғаларды айшықтай түседі.

XXI ғасыр – білім мен ғылымның, ақыл-ойдың дамуы, инновация, цифрландыру мен креативті бастамалар кезеңі. Осы отыз жылда елімізде жастардың білім алуына, ғылыммен айналысуына жағдай жасалып, бүгінде қазақстандық түлектер еліміз ғана емес, көптеген шетелдердің жетекші оқу орындарында білім алуда. Бұл білім жастардың  сапалы білім алуына жағдай жасай отырып, әлемнің озық елдерінің қатарына қосылуды мұрат еткен, индустриялық-инновациялық даму жолына түскен қуатты экономикалық бағдар ұстанған мемлекеттің адам капиталына басты назар аударуының бір дәлеліндей. Өзгермелі әлемде бәсекеге қабілетті маман даярлау, оларға жағдай жасау уақыттың басты талабы. Еліміздің білім және ғылымды дамытудағы саясаты бүгінде жастардың терең білім алып, қоғамның қай саласында болмасын табысты еңбек етуіне мүмкіндік беруде.

«Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» демей ме  әл-Фараби бабамыз. Қазақ ғылымының өнертапқыштық тарихы тереңге кетеді. Бүгінде археологиялық қазбалар барысында табылып жатқан құнды жәдігерлер соның дәлеліндей. Еліміздің өңірлерінен ашып алынған орта ғасырлық қалалардағы архитектуралық қазбалар, сәулет өнерінің озық үлгілері, зергерлік өнердің жақұттары осы киелі қазақ жерінде білім мен ғылымның көне ғасырлардағы жетістігінің дәлеліндей.

Кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі білімі мен ғылым деңгеймен өлшенеді дейтін болсақ, заманауи қоғамдағы сапалы қызмет, технологиялық үдерістер ғылыми жаңалықтардың нәтижесінде жүзеге асуда. Бүгінде қазақстандық жас ғалымдар еліміздегі әрі әлемнің жетекші университеттерінде білім алып қана қоймай, жаһандық трендерді меңгере отырып, инновациялық кеңістікте жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуде. Халықаралық олимпиадаларда, жобаларда жетісіткке жетіп, олар ашқан тың жаңалықтар әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Бұл мемлекеттің жастар саясатының дамуына, білім мен ғылымды дамытуға деген қамқорлығының нәтижесі. Қазіргі кезде білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарламаға сәйкес 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің 1 пайызын құрайтын болады. Осы орайда  ғылым­ның зияткерлік әлеуетін нығайтуға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, жас ғалым­дарды қолдау мақсатында гранттар таға­йындау, PhD мен тағылымдамаларға ар­нал­ған гранттар санын көбейту, жас ғалымдардың  жобаларын іске асыруға шетелдік ғалым­дарды тарту болашақ ғылымның нәтижелі болуына бағытталған ілкімді қадамдар екені айқын. Бүгінде ғылымды цифрлан­дыру мәселесі өте өзекті болып отыр.  Қазақстан ғылымының бірыңғай ақпараттық жүйе­сінің құрылуы салада жаңа мүмкіндіктердің ашылуына, жас ғалымдардың дербес бейіндерін құруға,  зерттеулерге қатысуына мүмкіндік береді. Білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейге көтерілуі, қазақ ғылымындағы жетістіктер мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі. Бүгінде еліміздегі ғылыми кадрлардың құрамы 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардан тұрады. Олар Тәуелсіз елдің тарихынан, мәдениеті мен өнерінен рухтанған жарқын болашақтың ұрпақтары. Әлемнің озық елдерінің қатарына қадам басқан киелі қазақ топырағынан нәр алған өскелең ұрпақ бәсекеге қабілетті елдің келешегі жолында еңбек ете беретін болады. Егемен Мәңгілік еліміздің аспаны ашық, жұлдызы жарық, тұғыры биік болғай!  

Тимур ӘПЕНДИЕВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография және Қазақстан халқы Ассамблеясы бөлімінің

меңгерушісі, PhD