Жаңалықтар

Елбасы мен тәуелсіздік - егіз

Елбасы мен тәуелсіздік – егіз ұғым. Оны  Қазақстанның қазіргі тарихына куә болған әрбір азамат біледі. 

Бұл пайымды халықаралық және отандық сарапшылар да жиі айтады. Себебі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге тәуелсіздік алудың басында болып, бұл киелі ұғымды дүйім халыққа ұғындыра білді. Елбасының тәуелсіздік жылдарындағы еңбегін Ұлыбритания лорды Джеймс Уортон да бағалаған еді.

«Қазақстан аймақ пен одан тыс жерлерде артып келе жатқан рөл атқара бастады. Елбасының басшылығымен көптеген жетістікке қол жеткізілгені анық. Бұл біздің ұрпақтарымыздың тамаша болашағының негізін қалады. Біз мұны саяси пікірталастарда көреміз. Кейбір құжаттармен танысуға мүмкіндік алдым. Мәселен, «100 нақты қадамды» Елбасы болашақ даму жоспары ретінде әзірледі», - деді лорд Джеймс Уортон «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы» халықаралық форумында.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «біздің барлық жетістігіміз Елбасы басшылығының, халқымыздың даналығы мен бірлігінің, барша отандастың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болды. Елбасы тәуелсіздігіміздің мәңгілік символына айналды деп айта аламыз». Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз елі үшін және бүкіл әлем үшін дәуір тұлғасы бола отырып, бүгінгі және болашақ ұрпақ алдындағы теңдессіз жауапкершілігімен ерекшеленеді. Елбасы күшті конституциялық заңдылық режимі жағдайында Қазақстанның тұрақты өсуінің, қоғамды біріктіретін қуатты конституциялық және іс жүзіндегі кепіліне айналды. Көшбасшы осы жылдар ішінде елімізде жүзеге асырылған барлық реформалардың локомотиві және қозғаушы күші болды. Сондықтан тәуелсіздік десек, ең алдымен оның бастауында болған, оны нық сеніммен алға апарған, тәуелсіз ел мемлекеттілігінің негізін қалаған Елбасы ойға келеді. Елбасы десек, қиын-қыстау кезеңде елді басқарып, оны бар қиыншылықтан алып шығып, бүгінгі өркенді дамуға жеткізген Елба­сы мен ел ертеңі тағы да алдымыздан шығады. Ел ертеңі де өз халқы Елбасы деп атаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басшылығын одан әрі қолға ұстауымен байланыстырылады. Елбасы тәуелсіздік алудың қайнар көзінен бастап халықаралық аренада белгілі бір деңгейге жетіп, жан-жақты дамуынан кейін барып биліктен кетті. Бұл оның  елінің тағдырына деген жауапкершілігін көрсетсе керек. «Жарасым» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Тимур Жұмырбаев Елбасы мен тәуелсіздікті бөліп жарып айтуға болмайтынын айтады.

Елбасының салиқалы саясатының нәтижесінде еліміз Кеңес одағының құрсауынан шығып, тәуелсіз елге айналды. Барлығы басынан осылай жақсы болып кетті деп те айтуға болмайды. 30 жыл ішінде саяси-әлеуметтік, экономикалық кезеңдерді бастан өткердік. Бүгінгі деңгейімізді қарасақ, 30 жыл бұрын қалалар жылусыз, мұғалімдер мен дәрігерлер айлар бойы жалақы алмай жүріп, нарықтық экономика болмағанына сену өте қиын. Қазір Қазақстанның экономикасы нарықтық әрі шетелдік нарықтармен тығыз байланыс орнатқан. 30 жылда Елбасы саясатының арқасында әлемге танымал, көп келіссөздердің ордасына айналған елордамыз да көбінің көңілінен шығады. Осының барлығын саралай келе Елбасы мен тәуелсіздікті бөліп-жаруға келмейтінін көруге болады, - деді ол.