Елордада Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Елордада Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

ашық дереккөзі

Бүгін елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, қалалық ҚХА төрағасы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараға қатысушылар ұлттар бірлігін нығайту, этносаралық келісім саясатын жүзеге асыру бойынша бірінші кезектегі міндеттер мен шараларды талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған newsroom.kz порталы. Отырысқа Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Кеңесінің мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, елордалық этномәдени бірлестіктердің басшылары қатысты. Олар 21 қазанда ел Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылған негізгі міндеттерді талқылады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей «этникалық саналуандық – халқымыздың басты артықшылығы». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінде барлық мемлекеттік органдар назар аударуы тиіс басымдықтарды атап өтті. Бұл – мүмкіндіктер теңдігі қағидатына негізделген өңірлік даму. Елордада этносаралық және ұлтаралық келісімнің тұрақты моделі қалыптасты. Елордада этникалық анклав жоқ, этникалық топтардың өкілдері арасында ішкі көші-қон фактілері байқалмайды», - деп атап өтті отырыс барысында Алтай Көлгінов.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=Jfi-WOC5rOI[/embed] Ол сондай-ақ этномедиацияны дамыту және келіссөздер процестеріне оқыту қажеттілігі мәселелерін қозғады.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, «этникалық менмендіктің барлық көріністері, олар кімнен шықса да, кез-келген белгілер бойынша кемсітушілік, осы негізде қоғамдық тәртіпті және тұтастай алғанда ішкі тұрақтылықты бұзуға жасалған әрекет заңға сәйкес қатаң түрде тоқтатылуы керек». Мұндай жағдайларда тиімді әдіс этномедиация болып саналады. Заман талабына сүйене отырып, қажетті іс-шараларды өткізуді қарастыру қажет. Мысалы, келіссөз процесін, конфликтологияны оқыту бойынша семинарлар», - деді әкім.
Қорытындылай келе, елордалық ҚХА төрағасы мемлекеттік саясаттың басты бағыты этносаралық салаға ғылыми негізделген көзқарас болуы керек екенін атап өтті.
«Елордалық Ассамблеяның сараптамалық кеңесі қазіргі уақытта жағдайды бақылап отыруы қажет. Жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары мен сараптамалық кеңестің ұсыныстары қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының одан әрі жұмысын жоспарлау кезінде бағдар болуы тиіс», - деп атап өтті ол.
Отырысқа қатысушылар сондай-ақ қалалық ҚХА ресурстық орталығы ретінде елордалық Достық үйі жұмысының маңыздылығын талқылады. «Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті, онда Ассамблея Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды орындау бойынша алдымызда тұрған міндеттер қаралып, пысықталды. Әрине, жұмысты жандандыру қажет екеніне назар аударылды. Бұл қазақ тілін насихаттау және оны дәріптеу мәселелерімен, сондай-ақ еліміздегі жағдайды тұрақсыздандыруға тырысып жүрген арандатушылар тарапынан фактілер мен әрекеттердің медиация және жолын кесу мәселелерімен байланысты», - деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА кеңесінің мүшесі Владимир Божко. «Біз әлеуметтік кәсіпкерлік туралы, яғни мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы аналарға бизнес ашуға қалай көмек көрсету керектігін талқыладық. Оның барысында бизнес-жоспарды қалай жазу керек, идеяны қалай жүзеге асыру керек мәселесі қозғалды. Отырыста осы жұмысты жүзеге асырудағы қажетті көмек пен мақсаттар талқыланды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенова. Айта кетейік, іс-шара санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтай отырып өткізілді.

Жүктелуде...