Жаңалықтар

Аталарды да сүндеттейді…екен

Бүгінде ел ішінде балаларды сүндетке отырғызу науқаны жүріп жатыр. Біз таяуда осындай сауапты іспен айналысатындардың бірі – түркістандық Абдулла Расуловпен сұхбаттас болып, ол кісінің әңгімесінен көптеген қызықты жайларға қанықтық деп жазады zamana.kz басылымы.Бабалар жолын балалары да жалғастыруда

Әбекең Түркістан қаласының іргесіндегі Н.Үсенов ауылында тұрады екен. Ол кісі сонда туып-өсіпті. Ташкент педагогика институтын бітіріп, мамандығы бойынша тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етіпті, техникумда сабақ берген кезі де болыпты. Кейін басқа жұмыстар істеп, осыдан үш жыл бұрын зейнеткерлікке шығыпты. А.Расуловтың бала сүндеттеумен айналысып жүргеніне биыл 41 жыл толып отыр екен. «Аталарымыз «Әзірет Сұлтан» кесенесінде шырақшы болған. Жалпы, бала сүндеттеумен айналысу бізде атадан балаға мирас болып жалғасып келеді. Әкем де кезінде бала сүндеттеген, бүгінде бұл іспен менің ағам, төрт інім, ұлдарым да айналысады», – дейді ол кісі. Атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл кәсіпті қолға алған адамға арнайы бата беріледі екен. Ол алдымен шәкірт болып, ұстазға еріп жүріп бұл кәсіптің қыр-сырын ұғынады, нақты тәжірибеден, сынақтан өтеді. Әбден қанығып, пісіп-жетілді-ау деген кезде ұстазы оған батасын, рұқсатын береді. Ол үшін арнайы құдайы жасалып, құран оқытылады. Бата алған шәкірт осыдан кейін өзінің дербес жұмысын жүргізе бастайды. Мысалы, Әбекеңнің бес ұлының екіншісі бата аларда өзінің інісін сүндетке отырғызыпты. А.Расуловтың Шымкентте тұратын 24 жастағы кенже ұлы да қазір бата алу рәсіміне дайын жүр екен. Яғни ол тиісті тәжірибеден өтіп қойған. «Бүгінде тапсырыс көбіне байланысты негізінен Шымкентте жиі боламын. Кейде ауылдарға да шығамын. Негізінен ауылдарға қазір інілерім мен ұлдарым барып тұрады», – дейді Әбекең. А.Расулов бүгінде өзі айналысатын шаруаның адал нанын жеп жүр. Соның арқасында зейнетақысын азсынбайды да, оны алуға асыға да қоймайды екен. Оны аса қажеттілік туса ғана алып жаратады. Сонау бір жылдары мотоциклді көлік етсе, келе-келе «Москвич», «Мерседес», «Волга», «Опель» автокөліктерін иемденіпті. Ал қазір ол «Хюндай-Универсалды» жүйткітіп жүр. Орыстарды да сүндеттеген Бүгінде бала сүндеттеудің медициналық тәсілдері бар, лазерлік тәсіл де қолданылады. Мұнымен айналысатындардың көрсететін қызметіне қоятын өзіндік бағалары бар. Ал Әбекең ұлын сүндетке отырғызған жанға «мынанша бересің» деп айтпайды екен. «Ешқашан да өзгелер сияқты баға қойған емеспін, бала сүндеттеткен адамның өзі ниет етіп, атағанын береді. Кейде ол жүрген жолымды өтемейтін аз болуы да мүмкін. Бірақ оны азсынбаймын. Адамның тұрмыс жағдайы көрініп тұрады ғой, шамасы жеткенін береді, соған қанағат. Кейде отбасының жағдайына қарап баланы тегін сүндеттейтін кезім де болады. Мәселен, Арыс қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін сауап үшін тегін сүндеттегенмін», – дейді ол кісі. Сөз арасында Әбекең өзінің бірқатар орыс ұлты өкілдерін сүндеттегенін де айтып қалды. Біз оның қалай болғаны жөнінде сұрадық. «Бірде «Ворошиловка» жақта таныс жігіттің баласын сүндеттегенмін. Сосын ол: «Бір орыс әжей бар еді, немересін сүндеттеткісі келіп жүр. Сол баланы да сүндеттей кетсеңіз дұрыс болар еді», – деп мені өз көлігімен әлгі әжейдің үйіне апарды. Ол кісінің немересін сүндеттеп бердім. Бала қорқып, жылап жатса: «Не плачь, чистым будешь, девушки любить будут», – деп қояды әжей. Састөбеде, Кентауда, Түркістанда, Арыста, Шымкентте біраз орысты сүндеттедім. Бірі мұны денсаулық, тазалық үшін пайдалы екенін біліп істетсе, енді бірі саналы түрде Ислам дінін қабылдаған азаматтар. Мысалы, қалта телефондарын жөндеумен айналысатын, есімін Абдулла деп өзгерткен, сүннет деп сақал қойған бір орыс жігітті сүндеттедім. Мұсылман қызға үйлену ниеті бар екен. Ол өзінің жолдастарын да сүндеттелуге үгіттеп жүрді», – дейді Әбекең. Әкесі мен ұлын қоса сүндеттепті Ол кісінің жұмыс барысында жасы ұлғайып қалғандарды сүндеттеген кездері де болыпты. «Осыдан үш-төрт жыл бұрын Шымкенттің «Қазығұрт» шағын ауданында 50 жастағы азаматты сүндеттедім, – дейді ол кісі. – Ол туралы маған сондағы мешіттің азаншысы Исмаил деген азамат айтты. «Азан шақыруға кел десем, сүндеттелмегенін айтады. Сосын мен оған сіздің телефоныңызды бердім», – деді Исмаил. Арада көп өтпей маған әлгі азаматтың әйелі хабарласты. «Екі баламызды дәрігерлерге сүндеттеткенде қаны тоқтамай, «жедел жәрдем» шақыруға мәжбүр болған едік. Қатты қорыққанбыз. Күйеуім – жасы 50-ден асқан адам, қалай болады, одан айырылып қалмаймын ба?» –дейді уайымдап. «Еш қорықпаңыз! Бір тамшы да қан шығармай сүндеттеп беремін», – дедім. «Ақысына 10 мың теңге берсем бола ма?» – дейді. «Болады», – дедім мен. Әлгі азаматты сол күні сүндеттедім. Әйелі екеуі де риза болды. 30, 35, 40 жастағы азаматтарды да сүндеттеген кездерім бар. Олардың көбі кезінде қатар-құрбылары сүндеттеліп жатқанда қандай да бір себеппен қалып кеткен, кейін ұялып немесе қорқып жүріп сүндеттелмей қалғандар. Шешелері орыс болып, сүндетке отырғызуға әкесіне ырық бермей қойғандар да баршылық. Мен Темірланда сондай үш ағайынды азаматты сүндеттегенмін. Сол ауылда бала сүндеттеген едім, үй иесі көршісінің де баласын сүндеттеткісі келіп жүргенін айтты. Көршісінің баласын сүндеттеп болғанымда әлгі азамат оның әкесі де сүндеттелмегенін айтып қалды, «Оны да сүндетке отырғызуға бола ма?» – деп сұрады. Мен болатынын айттым. Әлгі азаматтың өзі де ойланып жүрген екен, сүндетке отыруға келісті. Бірақ ол алдымен бірінің артынан бірін екі стакан арақ ішіп алды. Көршісі қолынан басып отырайын деп еді: «Керегі жоқ, шыдаймын», – деді. Ол шынында да шыдады. Оны көріп ағасы да тәуекел етті. Қысқасы, не керек, сол күні әлгі азаматтың ағасы мен інісін де қоса сүндеттедім». Басқа өңірлерге де бара береді Осындай күрделі әрі жауапты шаруаны атқару кезінде қатты қорқытқан бір оқиға Әбекеңнің есінде қалыпты. «Ол кезде мен ел ішіне мотоциклмен шығатын едім. Ташкенттен мотоцикл сатып аламын да, оны бір маусым бойы пайдаланамын. Сосын қысқа қарай оны сатып жіберіп, келесі «сезонға» деп жаңасын алып қоятын едім. Бірде, осыдан он бес жылдай бұрын сондай жаңа мотоциклмен Шаян жаққа барып, бала сүндеттеп қайтып келе жатқанымда артымнан дабылын қиқулатып екі милиция көлігі жетті. Оның біреуі озып барып тоқтады. Белгі берілгендіктен мен де тоқтадым. Әлгі көліктерден түскен үш инспектор қасыма жақындағанша басыма неше түрлі ойлар келіп, зәрем қалмады, денем мұздап, төбеме дейін дуылдап кетті. Сонда да сыр бермеуге тырысып: «Тыныштық па, жігіттер?» – деп сұрадым. Сөйтсем оларды сол кезде аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып істейтін Жүніс деген жігіт жіберіпті. Мен ауыл балаларын сүндеттеп кеткен соң сол үйлердің біріне оның әйелі барып қалған екен. Сүндеттеттік деген балалары алаңсыз жүргенін көріп, «қолы жеңіл адам екен» деп таңқалыпты да, оны күйеуіне айтып барыпты. Олар жалғыз ұлдарын кімге сүндеттетсек болады деп ойланып жүрген екен. Содан Жүніс менің Түркістанға қайтып кеткенімді ести сала артымнан қызметкерлерін жіберіпті. Жүністің баласын сол күні сүндеттеп кеттім. Ол: «Ауылға келіп тұр. Сүндеттеу жасына жетіп тұрған балаларды жинап беремін», – деді. Кейін біраз уақыттарға дейін хабарласып тұрдық. Шаянға барсам, баласын сүндеттететін үйлер дайын отырады. Жүніс жаныма бір адам қосып береді», – дейді Әбекең бұл оқиға жөнінде. Ел ішінде жиі болатындықтан ол кісінің танысы көп. Шақырса, ол басқа облыстарға да бара береді. «Бірде Қызылордадан бір кісі «жолкіреңізді қоса төлеймін» деп шақыртты. Өйткені дәрігерлер «май басқан» деп, тағы басқадай деп оның баласын сүндеттеуден бас тартқан екен. Содан көңіліне уайым кіріп жүргенде мен туралы естіпті. Барып, ұлын сүндеттеп бердім. Риза болып, қолыма 40 мың теңге ұстатты», – дейді А.Расулов өзінің басқа облысқа жасаған осындай бір сапары туралы. А.Расулов Алматы жаққа да жиі барады екен. «Бірде Қаскелеңдегі мешіт имамы Усман деген кісі шақырған. Мешіт медресесінде жастары 15-тен асқан сүндеттелмеген екі бала бар екен. Әкелері жоқ, шешелері шарап зауытында арзымайтын жалақыға жұмыс істейді. Имам: «Сауап үшін соларды сүндетке отырғызып бересің бе?» – деп сұрады. Мен оған келісімімді бердім. Қаскелеңге дейін өз қаржыммен барып, әлгі балаларды сүндеттеп қайттым. Кейін ол жақтағылар сүндеттеуді ұйымдастырып, мені шақырып тұратын болды. Онда қарақалпақ мешіті бар, сол мешіттегілер де бала жинап әкеліп тұрады. Қаскелеңге таңғы уақытта жетсем, шаруаны кешке дейін бітіріп, кері қайтып кетемін. Бірде бала сүндеттеп, қайтарға жолға дайындалып жатқанда бір түрік азаматы күте тұруымды сұрап бірнеше мәрте телефон шалды. Алматыдан 120 шақырым қашықта тұрады екен, әпкесі қолы жеңіл қожа келді деп хабарласқасын 12 жастағы баласын алып бірден жолға шығыпты. Жолда келе жатқанын айтып, соншалықты өтінгесін оны күттім. Сәтін салып оның да баласын сүндеттеп кеттім. Кеш болып кеткен еді, ол мені көлігімен жүйткітіп отырып «Үшқоңырдағы» автостанцияға жеткізді, автобусқа үлгердім», – дейді Әбекең. Бір-екі айлық сәбиге де жәрдемі бар Ол кісі егер қажетті заттар жеткілікті, адамдар дайын болса, бір баланы сүндеттеуге екі-үш минут, ары кетсе бес минуттай ғана уақыт жұмсайды екен. Осындай жылдамдықпен бір күнде қатарынан бірнеше баланы сүндеттеп кете алады. Ал сүндеттеу кезінде бала ауырсыну сезінбесі үшін ледокаин аэрозолін қолданады. Мүшенің артық терісі кесілген жерге қан тоқтату үшін ұзақ қолданыста болған көрпенің әбден нығыздалған мақтасынан алынған күл қолданылады. «Оны мақта саудасымен айналысатындардан жаңа мақтаның бағасымен бірдей ақы төлеп сатып аламыз. Сосын өртеп, күлін дәрі қосып қатырып қоямыз. Онда микроб болмайды. Осы мақтадан шақтап кесіп алып, бетіне аздап стрептоцид сеуіп, терінің кесілген тұсына ораймыз да, үстінен бинтпен таңып қоямыз. Сонда қан тез тыйылады, мақта жарақатқа қатпайды, кесілген жер тез жазылады. Егер ол аздап қатар болса, үстінен жылы су немесе әлсіз етіп марганцовка қосылған су құйса, жібиді, сол кезде оны ақырын алып тастауға болады. Біз сүндеттеген балалар негізі сол күні-ақ ойнап кетеді. Тіпті үйлерінен шығарып салғанда әке-шешесімен еріп жүретіндері де болады», – дейді А.Расулов. Ол кісі бала сүндеттеуді жаз маусымы, қыс кезі демей-ақ, кез келген уақытта жасай береді екен. Кейде жаңа туған бір-екі айлық нәрестелердің үрпі тесігі тар болып, зәрі тері ішінен шықпай қинайтын кездері де болады екен. Дәрігерлерге оны нақты анықтау оңай бола бермейді, олар мұндай кінәратқа ота жасауға тәуекел ете де бермейді. Сонда білетіндер А.Расуловқа хабарласады, ал Әбекең ондай балаларға да шапағатын тигізіп, сүндеттеп жібереді екен. Дәретке кедергі тері ұшы кесілгесін сәби еркін шаптыра алатын болып, рахаттанып қалады. …Қысқасы, біз бала сүндеттеуді кәсіп еткен түркістандық А.Расуловтан көптеген қызықты жайлар жөнінде естідік. Бұл туралы біле жүрудің де жұртқа пайдасы молынан тиеді деген ойдамыз.

Д. НҰРПЕЙІС.