Жаңалықтар

Аяжан Еділованың өлімі: айыпталушы алқабилер сотынан бас тартты

Аяжан Еділованың өліміне қатысты қылмыстық істің алдын ала тыңдауы аяқталды, деп хабарлайды newsroom.kz ақпарат агенттігі.

"Оның қорытындысы бойынша басты сот талқылауының күні белгіленді, ол 9 қараша сағат 10-да өтеді. Процесс жабық режимде өтеді. Алдын ала тыңдауда айыпкер істі алқабилер сотының қарауынан бас тартты", - деді Алматы сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.

Ол заң талаптарына сәйкес істі судья жеке қарайтынын айтты. Бұған дейін іс сотқа 20 қазанда түсті. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 120-бабы ("Зорлау") және 99-бабы ("Өзге қылмысты жасыру мақсатында адам өлтіру") бойынша айып тағылып отыр. Іс Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады. Еске салсақ, Аяжан Еділова 19 наурызда үйіне қайтып оралмаған. Екі күннен кейін оның бөлшектенген денесі Алматыдағы көп қабатты пәтерлердің бірінен табылды. Полиция мәліметінше, Аяжан Еділова 19 наурызда түнгі сағат 11-де қаза тапты. Еріктілер іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 21 наурызда қызды Нұркент ықшамауданына алып барған такси жүргізушісін анықтаған. Еріктілерден түскен ақпарат бойынша полицейлер қылмыс орнына барған. Кейінірек қыздың денесінің бөліктері мегаполистің әртүрлі аймақтарынан табылыпты. Оның туыстары кісі өлтірушінің қатыгездігі туралы айтуда. Күдікті марқұмның басын қайнатып, тырнағы мен тістерін жұлып алған. Алматы полициясы күдіктіні – Түркістан облысының тұрғыны, 1993 жылы туған азаматты ұстады.

Полиция пәтерге шабуыл жасаған кезде ол өзін өлтіруге тырысты.