Сандра Саакашвили көрген қазақ: ақылды әрі іскер әйелді көрдім

Сандра Саакашвили көрген қазақ: ақылды әрі іскер әйелді көрдім

ашық дереккөзі

Интернет кеңістік пен әлеуметтік желіде Грузияның экс-президенті М.Саакашвилидің жеке өміріне қатысты ақпарат желдей есуде. 2004-2013 жылдары Грузияның «бірінші ханымы» болған әйелі Сандра Рулофспен ажырасуы мүмкін деген қауесеттер жиі жазылуда. Оған себеп те жоқ емес, қазір Грузияның Рустави қаласындағы түрмеде жатқан Саакашвилиге әйелі әлі келмеген. Есесіне 1990 жылы туған украиналық депутат Е.Ясько екі рет келіп, Саакашвилидің жанынан табылып, 1 қазан күні олар өздерінің жаңа қарым-қатынастары туралы Instagram желісінде жазған. Әлеуметтік желідегі жазба өзіне тосын сый болғанын жасырмаған С.Рулофс оның өрескел форматта болғанын да айтқан.

«Көптеген достарымыз жеке өмірім туралы сұрап жатыр. Мен үшін күтпеген жағдай болғанын жасырмаймын. Ішкі эмоцияларыма қарамастан мен сабырлылық сақтауға тырысамын. Біз бұл күрестен де жеңімпаз болып шығамыз» - деп жазды ол өзінің фейсбук парақшасында.
Осы орайда, newsroom.kz порталы 2008 жылғы Сандра Рулофстың Қазақстанға келген ресми сапарында оны көзімен көріп, сол кездегі Грузияның «бірінші ханымының» іссапарын ұйымдастырушылардың бірі болған куәгерді тауып, сөзге тартқан еді.
Аты-жөнін айтпауды өтінген куәгер Сандра Рулофстың керемет ақылды әрі сүйкімді әйел ретінде есінде қалғанын мойындады. Сол тұста оның кітабының да тұсаукесерін өткіздік деген ол аталмыш шара барысында жоғары лауазымдағы пенде баласына тән кемшіліктер Сандра тарапынан байқалмағанын айтып, әлі күнге дейін «бірінші ханым» туралы жақсы ойда екенін жеткізді. Ал, қазіргі жағдай әрбір адам баласының басында болуы мүмкін жағдай екенін айтқан ол бұл мәселе Саакашвили-Сандра-Елизавета үштағанының арасында шешілетін жайт – деп одан әрі сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты.
Айта кететін жайт, Сандра Рулофс 1968 жылы Нидерланды елінде дүниеге келген. 1993 жылдан бері М.Саакашвилимен некеде тұрады. Эдуард және Николоз есімде екі ұлы бар.

Жүктелуде...