Жаңалықтар

Құдай қаласа! Елорданы толық газдандыру жақын уақытта аяқталады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорданы толық газдандыру жұмыстары 2023 жылы аяқталатынын айтты деп жазады newsroom.kz тілшісі.

Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпарға сәйкес, биыл Нұр-Сұлтан қаласында Үкімет 317 шақырым газ тарту желісін аяқтауды жоспарлап отыр. Бұдан өзге өткен жылы елордада жеке сектор бойынша 370 шақырым инженерлік газ тарту желісі тұрғызылған. Сұхбат барысында қала әкімі қазіргі кезде елорданың Алматы және Сарыарқа аудандарында 645 шақырым газ тарту желісі салынғаны, бұл "Көктал", "Көктал-1", "Көктал-2" және агроқалашық жеке секторлары екенін алға тартты. Бұл аймақтарда 150 мың тұрғын тұрады. «Алматы ауданында: оңтүстік-шығыс - оң жағы, сол жағы, одан әрі Железнодорожный, Күйгенжар, Интернациональный ауылдары өтеді. Бұл елді мекендердің барлығы яғни, жеке сектор жəне тұрғын үй массивтері біздің шет аймақтар деп аталады. Қазір инженерлік желілер белсенді түрде жеткізілуде» деді Алтай Көлгінов.

Әкімнің сөзінше басшылық газға қолжетімділікті қамтамасыз етеді және әрбір үйге газ жеткізу жұмыстарымен де айналысады. Мәселен, биыл Сарыарқа ауданында 500-ден астам адамға газ қосылған.

Сондай-ақ газбен толық жабдықтау елорданың экологиялық жағдайына да оң серпін бермек. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпарынша, қаланы толығымен газбен қамтамасыз ету мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған маңызды мәселелердің бірі.  

Жадыра БАҚКЕЛДІ