Жамбыл облысындағы жарылыс орнынан табылған адам ТЖМ қызметкері екені белгілі болды. Табылған адамды туыстары таныды, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы. "Жамбыл облысындағы жарылыс орнынан табылған мәйіттің кім екендігі анықталды. Ол №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Заикин Сергей Владимирович болып шықты. Мәйітті марқұмның туыстары таныды. Осылайша Жамбыл облысындағы жарылыс кезінде қаза тапқандар саны он бес адамға жетті", - делінген хабарламада. "Сергей 21 тамызда 41 жасқа толған. Кеше ұлының туған күні болып, 14 жасқа толды. Қызы екі жаста. Өрт сөндіру бөлімінде ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келеді", - деген Экспресс К-ге марқұмның туыстары. Еске сала кетсек, 26 тамыз күні 19:00 шамасында Жамбыл облысындағы Байзақ ауданында әскери бөлімнің инженерлік оқ-дәрілер сақталатын қоймасында өрт шыққан болатын. Тілсіз жаудан соң он шақты жарылыс болды. Нәтижесінде100-ге жуық адам зардап шекті. Оның ішінде 49 ТЖМ қызметкері бар. Соңғы мәліметтер бойынша қаза тапқандар саны 15 адамға жетті. Жоғалған тағы бір адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Жүктелуде...