Жаңалықтар

Белгілі публицист Б.Бұқарбай: "Алатау әкімінің бұл жағдайда кінәсі жоқ"

Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің ғимаратында болған оқиға отандық ақпараттық кеңістікте қызу талқыға түсіп жатыр. Видеода күзетші «Хабар 24» журналисін ғимараттан күштеп шығарып жіберген екен. Әлеуметтік желідегілердің бірі журналист жағына шығып, күзетші мен аудан әкімін жазаға тарту керек десе, енді бірі көпшілікті орын алған жайтқа объективті түрде қарауға шақырып, шешімді тек белгіленген заңнама аясында қабылдау керектігін алға тартады. Белгілі публицист Бақытжан Бұқарбай осы оқиғаға қатысты өзінің ойын білдірді, деп хабарлайды NewsRoom.kz. порталы. Оның айтуынша күзетшінің журналиске қарсы әрекеті мүлдем дұрыс емес. Тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті жаза қолдану керектігін алға тартты. Сонымен қоса журналистің турникеттің астынан өтіп кетуіне не себеп болғанын да тексеру керек. Ал Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтың осы оқиғаға кінәлі деген уәждермен Бұқарбай келіспейтінін айтты. «Оқиғадан кейін көп адам: «Алатау ауданының әкімі орнын босатсын, қызметінен кетсін!» деп жазып жатыр. Мен онымен жеке таныс емеспін, бірде-бір рет кездескен де емеспіз, бірақ азамат ретінде Азамат Қалдыбековтың бұл жағдайда кінәсі жоқ деп есептеймін және Алатау ауданының тұрғыны ретінде оның атқарып жатқан жұмыстарына оң баға беремін. Соқыр емеспін, өте іскер, еңбекқор, талпынысы зор әкім екенін ауданда жасалып жатқан істерінен көріп жүрмін. Менің шенеуніктердің адвокаты болатын әдетім жоқ, бірақ нақақтан жала жауып, жұмысын істеп отырған адамның басына әңгіртаяқ ойнатуды да құптай алмаймын», – деді Бұқарбай. Одан бөлек желінің белсенді қолданушысы Ғалия Абитаева да болған оқиғаға толыққанды зерттеу жүргізу керектігін атап өтті. Оның ойынша тек күзетші немесе әкімдік қызметкерлеріне қатысты тексеру емес, журналистің әрекетін де зерделеу қажет. «Әйтеуір мемлекеттік қызметкерлерге тисудi кәсіп етiп алған. Аңдығандары тек әкімдік. Әкiм немесе әкімдіктегiлер адам емес пе? Оларда осы елдің азаматтары емес пе? Орынсыз тиісiп, мысын басып кекетіп келмеждеудi кейінгі тiлшi журналистер өздеріне бiр жасанды жолмен жүрiп имидж жасап алған. Олай жасауға болмайды», – деп қынжылды Абитаева. Айта кетейік, «Хабар 24» журналисі Алматыда әкімдік ғимаратынан күштеп шығарылғаны хабарланған болатын. Оқиғаның видеосын тілші Facebook-парақшасында жариялады. Өз кезегінде аудан әкімдігі тілшінің ғимаратқа рұқсатсыз турникет астынан өткені бейнеленген видеоны жария етті.