Жаңалықтар

Түлкібастықтар жарылыстан жандарын шүберекке түйіп отыр

Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Ақбиік ауылының тұрғындары іргесіндегі кен өндіруші компаниялардың жұмысына наразы. Жергілікті халықтың айтуынша, қатты жарылыстардан үйлер мен ғимараттарға айтарлықтай зақым келген. Зиянды заттардан ауа ластанып, салдарынан елдімекен ішін түрлі дерт жаулады деп ашынып отыр. Ал олардың талап-тілегін тілші тыңдап қайтты. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап NewsRoom.kz. порталы хабарлайды. Тұмса табиғатымен танымал Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылының жанындағы таудың қазіргі сыйқы осындай. Ірі компаниялар 17 жылдан бері оны әр жерінен жарып, цемент пен темірге қажетті қоспаларды тонналап тасып жатыр екен. Соңғы екі жылда тұрғындардың айтуынша, жару жұмыстары жиілеп кеткен екен. Күндіз-түні жаратын салдарынан мына тау шөгіп барады. Ал негізі біз тұрған жер тұрғындардың айтуынша, ең биік шыңдарының бірі болған. Жарылыс салдарынан үйлерінің қабырғалары қақырап, едендері қисайып, құлаудың сәл-ақ алдында тұр екен. Тіпті, өндіріске қажетті зиянды қоспалары ауамен таралып, қойлары іш тастап жатса, әйелдердің денсуалықтары сыр беріп, құрсақ көтеруден қалды дейді. «Одан кейін жерасты сулары төмендеп кетті уже. Бұлақтардың көзі жабылып қалды. Ал малдың жайылымын ластап жатыр. Қазір малдар қозы тастап жатыр. Болмаса, сойсаң өкпе-бауыры жеуге жарамайды»,- Түлкібас ауданының тұрғыны Әмір Айтжанов. Сондай-ақ тұрғындар ауыл ішінен арлы-бері жүк артып алып жүйткейтін КамАздарды және кен орындағы жару жұмыстарын үзілді-кесілді тоқтатуды талап етіп отыр. «Біз жаңағы прокуратураға жаздық, жаңағы әкімшілікке де айттық. Ешқандай результат жоқ ол жақтан»,- Түлкібас ауданының тұрғыны Шаяхмет Елубаев. Ауыл тұрғындары жауаптыларға айта-айта әбден шаршадық дегеннен кейін, бір шешім қабылданбағаннан кейін, өздері жолды жауып ауыр жүк көліктерін өткізбейміз деп білек сыбана кірісіп отыр. Яғни, осы жерді күндіз-түні қарауылдауға дайынбыз дейді. Жарылыстан қатты зардап шегіп жатқан ғимарттардың бірі - ауылдағы жалғыз балабақша. «Жарылыс болған кезде, әсіресе балалар ұйықтап жатқан кезде, шошып оянады. Ол бір дауыс емес, артынан бірнеше рет жарылыс болған кезде бала тіптен басқаша бір күй кешеді. Біз оны бәріміз жан-жақтан жабылып басып, балаға түсіндіру өте қиын»,- балабақша меңгерушісі Айнұр Жаппарова. Ал аудан басшылығы бұл мәселеден хабардар. Бірақ аталмыш компаниялардың жұмысына араласа алмаймыз дегеннен әрі аса алмады. Себебі, Экология министрлігі темір рудаларын өндіруге рұқсат беріпті. «Қазіргі таңда ауылдың сыртынан жол өткізу мәселесі бірінші кезекте тұрған мәселе. Сол бойынша қазіргі таңда аудан әкімінің қаулысын шығарып, жергілікті ЖКХ бөліміне қазіргі таңда сол жолды демеушілер есебінен жұмыстар жоспарланып жатыр. Жарылыстың мөлшерін азайтуды ұсынған болатынбыз»,- Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары. Ал кен орнында жұмыс істеп жатқан үш бірдей компания өкілдері барлығы заңды, ал ауыл тұрғындарының шағымы негізсіз деп қысқа қайырды. «Ондай тәжірибиені әлемде ешкім ойлап тапқан жоқ. Жармай қазып алу. Ол тас оны экскаватор қазып ала алмайды. Оны әлемде астынан бұрғылап алады,  астынан шахтамен. Ол егер 100 метрден төмен болған жағдайда. Ал бетінде жатқан руданы ешкім жармай ала алмайды»,- дейді "Ferrum counstruction" ЖШС директоры Дархан Жиенбай. Айта өтейік, кәсіпкерлер, әкімшілік және тұрғындар арасында бұған дейін үш жақты меморандум түзілген. Яғни, ауылға көмек көрсету мақсатында. Бірақ тұрғындар ешқандай көмектің қажеті жоқтығын айтып, тек жару жұмыстарын жуық арада тоқтатуды талап етіп отыр. https://youtu.be/oZ9SlI9hT7E