Ал керек болса? Әлем Ауғанстандағы жаңа билікті мойындауға дайын

Ал керек болса? Әлем Ауғанстандағы жаңа билікті мойындауға дайын

ашық дереккөзі

Ал Ауғанстанда жағдай күн санап ушығып барады. Содырларды қойып, қазір бұрынғы биліктің құрамында болған шенеуніктер бір-бірін кінәлауға көшті. Мәселен, бас сауғалап қашып кеткен экс-президент Ашраф Ғаниді елшілер 169 млн доллар қазына қаржысын ұрлап кетті деп айыптады. Бірақ, ел президенті бұл пікірмен келіскен жоқ. Ол қазір отбасымен Біріккен Араб Әмірлігінен уақытша пана тапқаны белгілі болды. Ал халықаралық қауымдастық қандай жағдайда "Талибан" қозғалысын мойындайтынын мәлімдеді. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды. Тәліптердің Ауғанстан билігін қолына алғанына 4-ші күн. Елде аласапыран әлі де басылар емес. Ыдырап кетудің сәл ақ алдында тұрған мемлекеттің ірі қалаларында содырлар мен тұрғындардың арасында қақтығыстар да тіркеліп жатыр. Ондаған бейбіт адам көз жұмды. Жүзге жуығы жарақат алды. Ал, елден қашып кеткен экс-президент Ашраф Ғани бүгін бұл әрекетін алғаш рет түсіндіруге тырысып, мәлімдеме жасады. АШРАФ ҒАНИ, АУҒАНСТАННЫҢ БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТІ: "Менің елден қашатын ойым болған жоқ. Өткен жексенбіде күнделікті жұмыс орнымда отырған уақытта қауіпсіздік қызметінің мүшелері маған қарсы құйтырқы әрекеттер жоспарланғанын хабарлады. Түсткен кейін қорғаныс министрлігіне шұғыл жиынға бара жатқан сәтте, күзетшілер өміріңе қауіп төніп тұр деп Ауғанстан аумағынан алып кетті. Менің кесірімнен қан төгістің болғанын қаламадым". Сәуір айында АҚШ билігі Ауғанстаннан әскерін шығаруға бел буған сәттен бастап, "Талибан" қозғалысы елді бағындыруға бірден күш салды. Содырлар мемлекетті басып алған уақытта АҚШ басшысы Джо Байденнің халықаралық қауымдастық алдындағы беделі бірден түсіп кетті. Бірақ, Байден әскери күш Ауғанстаннан шығарылған күннің өзінде антитеррорлық операцияларды қашықтан басқаратынын мәлімдеді. ДЖО БАЙДЕН, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ: "Ауғанстан аумағынан АҚШ әскерін алып кету жөніндегі шешіміме мүлде өкінбеймін. Біз мемлекеттің ішінде болмасақ та, антитеррорлық операцияларды тоқтатпаймыз. Жуық арада барлық американдықтарды эвакуациялап үлгеруіміз қажет. Біздің Ауғанстан жерінде жүруіміз қып-қызыл шығын. Млрдтаған қаржыны жұмсағанымыз тек Ресей мен Қытайға ғана қолайлы". Бүгін тәліптердің көсемі Ауғанстан ешқашан демократиялық ел болмайды деп кесіп айтты. Жаңадан құрылған Ауғанстан Ислам Әмірлігі шариғат заңдарымен өмір сүрмек. Бірақ, содырлар барлық мәселені бейбіт жолмен шешуге ниет білдіріп отыр. "Талибан" қозғалысы елде жаңа реформа жүргізгісі келеді. Ал, әлемнің алпауыт елдері билікті мойындау үшін радикалды ұйымға ультиматум қойды. БОРИС ДЖОНСОН, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: "Біз Ауғанстандағы саяси ауыс-түйіске шынайы қарауымыз қажет. Бірақ, жаңа билікті толыққанды шешім қабылдау әлі ерте. Талибан қозғалысының саясатын мойындау үшін алдымен келіссөз жүргізуіміз қажет. Сонда ғана халықаралық қауымдастық жаңа режиммен санасатын болады". Ал, тәліптердің режимінен қорыққан бейбіт тұрғындар үйлерін тастап басқа елге қашып жатыр. Босқындардың көп бөлігі Пәкістанға қоныс аударған. Сонымен қатар, Түркияға кеткісі келетін тұрғындардың да саны көп. Бірақ, Түркия билігі босқындардың барлығын қабылдауға дайын емес. Сондықтан, ел шекарасына биік қоршау тұрғызып жатыр екен. РЕЖЕП ТАЙЫП ЭРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: "Босқындардың мәселесін шешу үшін Пәкістанның көрсететін көмегі үлкен. Себебі, ол елдің Ауғанстандағы зорлық-зомбылықты тоқтатуға бағытталған қауымдастық алдында міндеттемесі бар. Сондықтан, заңсыз мигранттардың әрекетін жұмылып жүріп басу қажет". Сарапшылардың сөзінше, тәліптер енді Орталық Азиядағы Тәжікстанға көз салуы мүмкін. Себебі, бұл мемлекет аймақтағы экономикасы ең әлсіз елдердің бірі. Ауғанстан секілді таулы-қыратты болғандықтан арам пиғылын жүзеге асыруға қолайлы екен. САНАТ КӨШКІМБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ: "Тәліптер өз дегендеріне жетті. Мемлекетті басып алып, Ауғанстанды Ислам Әмірлігі деп жариялады. Бірақ, бұл ел 1996 жылы құрылған. Радикалды топ 5 жыл ғана өмір сүрген елді қайта қалпына келтірді деп айтуға болады. Талибан ұйымының басты мақсаты шариғат заңдарымен өмір сүру. Енді, ауған халқына бірқатар шектеулер қойылады. Себебі, зайырлы және діни Ауғанстанның арасы жер мен көктей". Жаңа билік Ауғанстандағы шетелдік азаматтар мен әскери қызметкерлерге қарсы әрекет етпеуге уәде берді. Бірақ, тәліптер АҚШ президентіне 11 қыркүйекке дейін барлық американдықтар ел аумағынан шығып кетсін деген талап қойды. Сондай-ақ, радикалды топ 60 мыңға жуық ауған азаматына басқа мемлекетке көшіп кетуге мүмкіндік бермек.       

Жүктелуде...