Алдағы аптада қалаларда көкөніс пен жеміс-жидек болмайды

Алдағы аптада қалаларда көкөніс пен жеміс-жидек болмайды

ашық дереккөзі

 width= Тұрғындар алдағы тәулікте көкөніс пен жеміс-жидектен таршылық көруі мүмкін. Себебі,еліміздің түкпір-түкпірінде тауармен қамтамасыз ететін көлік жүргізушілері шеруге шықты. Апталап, тіпті айлап рейсте жүретін азаматтар ақылы жолдарда ешқандай жағдай жасалмағанына наразы. Әр шақырымына қып-қызыл ақша төлейтіндер, тақтайдай тегіс болуы тиіс трассалар талапқа сай келмейтіндігін, көліктері бұзылып апталап жолда қалып жатқанын айтады. Бұл туралы Newsroom+ақпарат агенттігі «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. "Жолдың бәрі мал. Есегің бар ма, қойың бар ма, жылқың бар ма? Бәрі жолдың ортасында жүреді. Кім оған жауап береді? Ешкім жауап беріп жатқан жоқ оның бәріне. Машиналар соғылып жатыр, авариялар болып жатыр". Демалыс күндері Шымкенттің шыға берісінде 100-ге жуық азамат бас қосып, ақылы жолдарға деген шағымын жеткізді. Алматыға дейін 26 мың теңгені "Қазавтожол" өкілдеріне санап беріп, жолдың сапасыздығынан діттеген жерге жеткенше көлігіміз бірнеше рет бұзылады, дейді.

КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ: "Билікте отырған мырзалар Сіздерден өтініш, жолды идеальный қылып істеңіздер. Сосын платный болса платный. Ал, оған дейін условие болмай как положено бесплатно жүрейік. Өйткені, біз шоферлар қарсымыз. Былайша айтқанда сіздерді қамтамасыз етіп отырған осы жігіттер, шоферлар. Қазір бір аптаға тоқтайтын болса барлығыңыз аш қаласыздар. Әңгіменің ашығы да ол".  
Семейлік жүргізушілер де трассалардағы төлемнің жойылғанын талап етеді. Оған себеп жетерлік. Біріншеден, наразы жұрттың сөзінше ақылы бөліктер заманауи инфрақұрылымнан жұрдай екен. Өйткені, жол бойында жүргізушілер демалатын қонақ үйлер атымен жоқ. Көлік бұзыла қалған жағдайда жөндететін орын да қарастырылмаған. Көлік тізгіндегендер бір рейске жанымызды шүберекке түйіп барып келеміз, дейді. Еліміздің бірнеше аймағында бүгінде мыңға жуық адам наразылық шарасына қатысып жатыр. Қазір Ақтөбе, Семей, Шымкент қалаларында жүк көліктері жол бойында қаңтарылып тұр. Ал, жүргізушілер өздерінің талаптары орындалмайынша рейске шығудан бас тартуда. Айта кетейін, ауыр жүк көліктері ақылы жолдың әр шақырымына 37 теңге төлейді екен. Ал, Қазавтожол өкілдерінің ұпайы түгел. Биліктен соқыр тиын да алмаймыз деген компания басшылары елімізде жыл соңына дейін тағы 5800 шақырым жолды ақылы етпек. Бұл аймақ барлық талапқа сай келеді-мыс. Десе де жүк көлігі жүргізушілерінің шағымын қарастырамыз деп уәде берді.
 "Ақылы жолдарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Барлық түскен қаражат сол жолды күтіп ұстау жұмыстарына жұмсалады. Енді, қазіргі жолдарда қазір біздің жоспарымызда бар. Соның барлығы теплый туалет дейміз, СГУ дейміз план бойынша жолдың бойына салу жоспарланған, дейді Талғат СМАҒҰЛОВ, "Қазавтажол" ҰК АҚ БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ.
Айта кетейін, еліміздегі Щучье, Теміртау, Қорғас, Қапшағай ақылы жол бөліктерінен жыл сайын орта есеппен 5,2 млрд теңге пайда түседі екен. Жауаптылар бұл қаржының барлығын трассаларды күтіп-ұстауға жұмсаймыз деп отыр. Ал, көлік жүргізушілерінің талаптары қаншалықты орындалатыны белгісіз. Бір анығы қазір компания өкілдері шағымданған топтың белсенділерімен келіссөз жүргізіп жатыр екен. https://www.youtube.com/watch?v=Ww2MQHt5tJA

Жүктелуде...